- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

110

- Advertisement -

Еуропада инфляция ырық берер емес

Бүгінде барлық елде қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Осыған байланысты әлемдегі экономикасы алда тұрған АҚШ-та кейінгі бір жарым жылда пайыздық мөлшерлеме осымен 11-ші рет көтерілді. Ізінше Еуропа Орталық банкі де ұқсас шешім қабылдады.

Мұның бәрі қымбатшылықты тоқтату үшін жасалып отыр. Ал Түркияда пайыздық мөлшерлеме көтерілсе де, инфляция тежелер емес. Еуроаймақта пайыздық мөлшерлеме тағы да көтерілді. Еуропа Орталық банкі жыл басынан бері 9-шы рет осындай қадамға барып отыр. Сөйтіп қазір мөлшерлеме 4,25 пайызға жетті. Соңғы рет мұндай жағдай 2000-шы жылдардың басында тіркелген.

Еуропаның Орталық банкі өкілдерінің мәлімдеуінше, аймақта инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Десе де, әлі жоғары деңгейде. Сол себепті осындай қадамға баруға тура келген. Болжам бойынша жыл соңына таман инфляция 5,4 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Ендігі мақсат – көрсеткішті 2 пайызға жеткізу. Бірақ, есептеулер бойынша бұл екі жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан алда пайыздық мөлшерлеменің тағы да көтерілуі ғажап емес. Ал, мұның бәрі банк секторы мен банкте қарызы бар адамдарға салмақ түсіріп отыр.

 

Аланьяда туристер автобусы жүк көлігіне соғылды

Түркияның Аланья қаласы аумағында туристер мінген шағын автобус жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан екі адам көз жұмып, тағы 12 адам зардап шекті.

Жолаушылар арасында қазақстандықтар болған, деп хабарлайды түріктің NTV арнасы. Басылымның жазуынша, туристік көліктің жүргізушісі мен украиналық гид оқиға орнында мерт болды. 12 турист, соның ішінде ауыр жарақат алған 6 адам Аланья мен Манавгат аудандарының ауруханаларына жеткізілді.

Бұған қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдіріп, шағын автобуста қазақстандық азаматтар болғанын растады.

 

Жапонияда қалқымалы қала салынбақ

Жапондық N-Ark стартапы мұхитта Dogen City деп аталатын алып қалқымалы қала құру жоспарын жариялады, деп хабарлайды Robb Report басылымы. Қаланы цунамиден қорғау үшін сақина түрінде жобаланатын болады. Онда тіпті ғарыш аппараттарын ұшыру алаңы да қарастырылған.

Стартап жобаның құпиясы ашылды – Dogen City үш қабаттан тұрады, ол «салалар» деп аталады, олардың әрқайсысының өз мақсаты бар. Біріншіден, бұл өмір сүруге жарамды, өзін-өзі қамтамасыз ететін теңіз ауылы, онда тікелей тұрғын үй орналасады. Содан кейін табиғи түрде мұхитпен салқындатылатын су астындағы деректер орталығы энергия шығынын азайтады. Соңғы қабаты SpaceX-пен байланысты болады және зымырандардың ұшу және қону алаңына айналады.

Азық-түлік инновациялық өсіру технологиясын қолдана отырып, жергілікті жерде өсірілетін болады. Жоба жылына шамамен 7 мың тонна азық-түлік және 22 миллион 265 мың кВт электр энергиясын өндіреді.

 

Шри-Ланка инвестициялық көмек сұрауға мәжбүр

Экономикалық дағдарыстан ес жия алмай отырған Шри-Ланка Жапониядан инвестиция сұрап отыр.

Бұл туралы оңтүстік азиялық елдің сыртқы істер министрі мәлімдеді. Шри-Ланкаға, әсіресе, энергетика және инфрақұрылым салаларына қаржы қажет.

Айта кетейік, екі мемлекеттің арасы 2020 жылы суып кеткен болатын. Ол кезде Шри-Ланка 2 миллиард долларға бағаланған теміржол құрылысын негізсіз тоқтатып тастаған еді.

 

Мектепте смартфон қолдануға тыйым салуға шақырды

ЮНЕСКО ұйымы мектептегі сабақтарда смартфонды қолдануға тыйым салуға шақырды. Мамандардың айтуынша, оқушылар назары гаджеттерге ауып, оқу үлгерімі төмендеп кеткен.

Сондай-ақ, ұялы телефонға телмірген балалардың көру қабілеті де көңіл көншітпейді. ЮНЕСКО-ның зерттеулері бойынша, мектептерде технологиялық құрылғылар, әсіресе смартфондар мен компьютерлерді оқушылар тым көп қолданады.

Әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфондарға тыйым салынған. Бұл тізімде осындай шектеуді 2018 жылы енгізген Франция бар. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, оқуы біткенде қайтарады. 2024 жылы олардың қатарына Финляндия мен Нидерланд қосылады.

Соңғы 20 жылда көптеген мектептерде оқушылар кітап оқымай, интернеттен ақпарат алатын болды. Ал пандемия бұл үрдісті тездетіп жіберді, миллиондаған бала онлайн оқуға көшкені белгілі.

 

Биылғы шілде тарихтағы ең ыстық ай болды

2023 жылдың шілде айы адамзат тарихындағы ең ыстық ай болды. Мұны неміс ғалымдарының зерттеулері көрсетіп отыр.

Осы айда ғаламдық температура индустриалдық кезеңге дейінгі деңгейден 1,5 градусқа асып кеткен. Бірқатар елде сынап бағанасы рекордтық деңгейге жетті, Қытайда плюс 53, ал Италияның Сардиния аймағында 50 градусқа жақындады. Мәселеге қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы климаттық дағдарыспен күресу үшін күш біріктіруге шақырды. Қыркүйек айында Нью-Йоркте тағы бір ауқымды саммит өткізу жоспарланып отыр.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support