- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

74

- Advertisement -

Бірқатар елде орман өрті көбейді

Климаттың өзгеруінен биыл әлемнің бірқатар елінде құрғақшылық жайлап, орман өртінің саны артқан. Мамандардың зерттеуінше, әлемде жылына орта есеппен 61410 өрт шығады және 7,2 миллион гектар жер зардап шегеді екен.

Еуропада бұрын-соңды болмаған аптап ыстық салдарынан орман өрті көбейді. Кәрі құрлықтың оңтүстігіндегі Португалия мен Испанияда, Франция мен Грецияда өрт болып, еуропалық ынтымақтастық механизмі іске қосылды. Жыл басынан бері Португалияда 30 мың гектар жер өртенген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 68 пайызға көп. Ал, Францияның оңтүстік батысында шамамен 7,3 мың гектар орман өртеніп, 11 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Испанияның Ла-Пальма аралында да орман өрті өршіп тұр. Мәліметтерге сәйкес, 2 мың гектар аумақ зардап шегіп, 500-ге жуық тұрғын эвакуацияланған. Канададағы өрт те бақылаудан шығып кетті. Жыл басынан шамамен 46 мың шаршы километр орман өртенген. Канададағы өрттің түтіні Норвегияға дейін жетті. Ауа сапасының күрт нашарлауы АҚШ-тың көптеген қаласында байқалды. Ауа температурасының маусымдық нормадан жоғары көтерілуі Түркияда да орман өртін күшейтті. Экологтар өрт ауқымының кеңеюі ғаламдық жылыну процесін жылдамдатуы мүмкін, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізеді деп дабыл қағуда.

Түркия билігі ережені ұзартты

Енді шетелдіктер Стамбулда тұруға рұқсат ала алмайды. Түркия билігі қаланың барлық аумағында шетелдіктерге тұруға рұқсат беруге тыйым салуды ұзартты. Бұл туралы «Milliyet» түрік басылымы хабарлады.

Былтыр қазан айынан бастап мұндай шектеу қаладағы 39 ауданның 10-ында күшіне енген. Енді шетелдіктерге тұруға рұқсат беруден бас тарту тәжірибесі Стамбулдың барлық аудандарына тарады. Бұл жүйе Түркия Ішкі істер министрлігінен қосымша хабарлама келгенге дейін күшінде болады. Басылымның мәліметінше, 2022 жылы Түркияда 5,4 миллион шетелдік азамат болған. Олардың 1,2 миллионнан астамы Стамбулда тұрды. Көрсетілгендей, бұл шара заңсыз мигранттардың санын азайту ниетімен байланысты. Соңғы 2 аптада қала полициясы 5 мыңнан астам заңсыз мигрантты ұстап, елден қуу орталықтарына жөнелтті.

Түркия өткен жылы шетелдіктерге тұруға рұқсат беруді шектеу туралы шешім қабылдаған болатын.

Әлемдік қарыз ұлғайып барады

Әлемдік қарыз жылдан жылға ұлғайып келеді. Пандемия кезінде ол рекордтық 92 триллион долларға жеткен еді. Қазір бұл көрсеткіш одан сайын артып жатыр.

Берешегі көп елдер арасында Қытай, Үндістан мен Бразилия көш бастап тұр. Жаһандық қарыздың 70 пайызы осы үш мемлекетке тиесілі.

Айта кеткен жөн, коронавирус пандемиясы кезінде көп елде экономикалық қиындықтар туындады. Артынша әлемді қымбатшылық жайлап, ахуал тіптен ушығып кетті.

Жаңбырдан қаза тапқандар саны 30-дан асты

Оңтүстік Кореяда жаңбырдан 32 адам қаза тауып, ондағаны жоғалды. Толассыз жауған жауыннан су тасып, көшкін болып, мыңдаған адам эвакуацияланған.

Құтқарушылар орталықтағы Осон қаласындағы су басқан жерасты туннелінде тұрып қалған автобустан тағы алты адамның денесін алып шықты. Ұзындығы 685 метрлік туннельде жолаушылары бар автобус және шамамен 15 жеңіл көлік болған. Зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екені хабарланды. Қаза тапқандардың басым бөлігі Солтүстік Кёнсан оңтүстік шығыс провинциясында тіркелген, онда 17 адам негізінен көшкін мен тұрғын үйлердің құлауынан мерт болды, ал тағы 9 адам хабар-ошарсыз кеткен. Жаңбырдың салдарынан 211 жол жабылды. Пойыз қозғалысы, 12 әуе рейсі тоқтатылды.

Билік жоғалған адамдарды құтқару үшін бар күшін салуға уәде берді. Қорғаныс министрлігі табиғи апат салдарын жоюға көмек көрсету үшін 472 әскери қызметші мен 69 техника жұмылдырылғанын хабарлады.

Үндістан Айға зымыран ұшырды

Үндістан Айдың оңтүстік полюсіне зерттеуші роботты жеткізуге арналған «Чандраян-3» зымыранын сәтті ұшырды, деп хабарлайды «Euronews» агенттігі. Сатиш Дхаван атындағы ғарыш орталығы бақылап отырған миссия 14 тәулікке созылады және оған 75 миллион доллар жұмсалмақ.

Аппарат ай маңындағы орбитаға шығуы тиіс. 23-24 тамызға қарай Айға қонуы керек. Әрі қарай зерттеу жабдықтарымен жабдықталған ай бетінде жүретін робот Жердің табиғи серігінің бетіне химиялық талдау жүргізеді. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, Үндістан Айға барған төрт елдің бірі болады (Ресей, АҚШ және Қытайдан кейін). Бұл – үнді ғарышкерлерінің осындай үшінші миссиясы. 2019 жылғы талпыныс сәтті болмады. Айдың бетіне қонайын деп жатқанда зымыранның Жермен байланысы үзіліп кеткен.

Ашыққан халық саны артты

Біріккен Ұлттар Ұйымы әзірлеген азық-түлік қауіпсіздігі бойынша жаңа баяндамаға сәйкес, пандемия, экстремалды ауа райы және шиеленістер, соның ішінде Украинадағы соғыс салдарынан 2019 жылдан бері әлемде ашыққан адамдар саны 122 миллион адамға артқан.

БҰҰ бұл үрдіс өзгермесе, 2030 жылға қарай аштықты жоюға қатысты тұрақты даму саласындағы мақсатқа қол жетпейтінін ескертті. 2023 жылғы баяндамада 2022 жылы 691 миллионнан 783 миллионға дейін адам ашыққаны айтылған. Бұл COVID-19 пандемиясы басталғанға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 122 миллион адамға көп. 2021-2022 жылдары әлемде аштықтың өсуі тоқтады, бірақ әлемнің көптеген елдерінде азық-түлік дағдарысы күшейе түсті. 2022 жылы Азия мен Латын Америкасында аштыққа қарсы күрес байқалды, алайда Батыс Азияда, Кариб теңізінде және Африканың барлық субаймақтарында аштық деңгейі өсті.

Ең қатты зардап шеккен аймақ – Африка. Құрлықта әрбір бесінші адам аштыққа ұшырайды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе көп.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support