Үздік ауыл әкімі

Үздік ауыл әкімі
ашық дереккөз
Үздік ауыл әкімі
Еліміздегі мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру және нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы жыл сайын өткізіледі. Биыл аталған республикалық конкурстың жеңімпазы болып жерлесіміз, Қордай ауданы Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова танылғаны белгілі. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті үздік ауыл әкімі мен бір топ жас мемлекеттік қызметшілердің кездесуін ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – өңірдегі мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтере отырып, жас мамандарға мемлекеттік қызметті атқару жолында тиісті бағыт-бағдар беру. Жас мемлекеттік қызметшілермен қатар, өңірлік «Тәлімгерлер кеңесінің» және «Үздік ауыл әкімі» конкурсының комиссия мүшелері қатысқан кездесуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев ашып, биыл төртінші жыл қатарынан агенттіктің ұйымдастыруымен қызметте үлгілі нәтижелерге қол жеткізген ауыл әкімдерін анықтау және жергілікті өзін-өзі басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін кеңінен тарату мақсатында өткізілген конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 100-ден аса ауыл әкімі қатысқанын, республикалық комиссияның шешімімен Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесованың «Үздік ауыл әкімі» деп танылғаны барлық жамбылдықтар үшін үлкен жетістік пен абырой болғанын айтып өтті. Конкурс жеңімпазы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай агенттікте өткен салтанатты жиында марапатталды. – Күлжахан Елемесованың 2018 жылдан бері атқарып келе жатқан ауыл әкімі лауазымында жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін айтқым келеді. Атап айтқанда, оның басшылығымен ауылдық округтің 118 гектар жер теліміне алма бағын интенсивті суару жүйесімен өсіру бойынша инвестиция тартылып, спорт- сауықтыру орталығын салу, мектеп пен жолдарды жөндеу сияқты бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылған. Бүгінгі кездесуде Күлжахан Алмасқызы бейіндік саланы дамытуға қатысты өз көзқарасымен бөлісе отырып, жас мемлекеттік қызметшілермен өткен жылдардағы мол тәжірибелері негізінде жұмыстың тиімді нысандары мен әдістеріне қатысты ұсынымдарымен бөліседі деп сенеміз, – деді Лесбек Құралбайұлы. Республикалық байқаудың бас жүлдегері, еліміздегі кіл мықтылардың арасында оқ бойы озып шыққан Күлжахан Елемесова қатысушылар алдында өзінің байқауға қатысудағы мақсаты, одан алған ерекше әсері, кездескен қиындықтар мен қызықтары, жинаған тәжірибесі жайлы айтып, бүгінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. – Мен 5 жылдан бері өзім туып-өскен ауылда әкім қызметін атқарып келемін. Алғашында өз ауылыма әкім болу оңайырақ болар деп ойлағанмын. Әсте олай болмай шықты. Дегенмен, бұл жауапкершілігі мол қызметке өз ауылыма деген сүйіспеншілік алып келді десем қателеспеймін. Мақсатым – туған өлкемді көркейту, ауыл тұрғындарының заманауи жағдайда өмір сүруіне қолдан келгенше мүмкіндік жасау. Аудан орталығынан 119 километр қашықтықта орналасқан ауылдық округтің аумағы 24 мың гектарды құрайды, оған Қарасай батыр және Еңбекші ауылдары қарайды. Округте бүгінде 12 ұлт өкілінен құралған 4250 адам тату- тәтті өмір сүріп жатыр. Ауылда мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында округтің ауылішілік жолдары және қиылыстары толықтай орташа жөндеуден өткен. Былтыр 57 миллион теңгеге Еңбек ауылындағы 100 орындық клуб үйі күрделі жөндеуден өтті. Саламатты өмір салтын дамыту мақсатында екі ауылда да шағын футбол алаңшалары салынды. 2022 жылы құрылысы басталған спорттық сауықтыру кешені биыл пайдалануға берілмек. Округте 650 оқушыға арналған 3 мектеп бар. 2020 жылы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке 225 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл балалары мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған, 150 орындық 3 балабақша жұмыс істейді. Округте денсаулық сақтау саласында 23 адам қызмет атқарады. 2020 жылы Қарасай ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтіп, оған 27 миллион теңге жұмсалды. 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыру, оқусыз, білімсіз жүрген жастарды қолдау. Басты мақсатымыз – жастарды ауылда ұстап қалу, сыртқа кеткен жастарды туған өлкеге қайтара отырып, оларды жұмыспен қамту, – деді К.Елемесова. Әкімнің айтуынша, округ бойынша 96 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер көлемі 17 мың гектарды құрайды. Шаруа қожалықтары негізінен егінмен, малмен (мал өсіріп, оны бордақылау, бие сауып, қымыз ашыту, сауынды сиырларды көбейте отырып, сүт өнімдерін ұлғайту, асыл тұқымды мал басын арттыру) және алма, алмұрт бақтарын өсірумен айналысады. Бұл жұмыстарда тұрғындар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Мәселен, жаңа бизнес- идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өз кәсібін ашып жатқан тұрғындар аз емес. Жаһандану заманында инвестиция тарту тек қалалы жерлерде ғана емес, шалғай ауылдарда да мүмкін болып, ол өз жемісін беруде. Кеңес Одағының тұсында Қарасай ауылы алқызыл алмасымен талай жерге танымал болғаны елдің есінде шығар. Әкім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылды дамыту мақсатында жойылып кеткен бақтардың орнына қайтадан алма бақтарын өсіру үшін инвестиция тарту керек болғанын айтты. Ол ауыл белсенділерімен бірге игерілмей жатқан егістік жерлері бар шаруа қожалығының иелерімен келісіп, үш қожалықтың 160 гектар жерінде «Азия сад» серіктестігінің құрылуына және оны суландыру мәселесін шешуге ықпал еткен. Осылайша, ауылда бүгінде 118 гектар жерге тамшылатып суару жүйесімен интенсивті алма бағы өсірілуде. Бұл бақтың ерекшелігі – ағаштарға зиянкестердің, бұршақтардың кіруіне жол бермеу үшін оған тіректер орнатылған. Ауылдық округтің климаттық жағдайы бау-бақша өсіруге қолайлы. Бүгінде «Азия сад» серіктестігі 30 адамды тұрақты, 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Компанияның болжамды жылдық кірісі жылдан жылға артып келеді, 2019 жылы 2,4 миллиард теңге болса, 2022 жылы ол 2,7 миллиард теңгені құрады. Былтыр жеміс сақтайтын тоңазытқыш қоймасының құрылысы басталып, оны биыл қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, 30 орындық жатақхана құрылысы да бой көтерген. 2024 жылы алма бағын 50 гектарға ұлғайтып, 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспары бар. Алдағы уақытта өнімнің көлемі мен сапасы мүмкіндік берсе, алманы экспорттау мәселесі де қарастырылуда. – Инвестиция тарту арқылы ауылдың әлеуетін арттыру зор мүмкіндіктерге жол ашуда. «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қағиданы ұстанып, елмен, халықпен жұмыла жұмыс істеу менің әкім ретіндегі тікелей міндетім деп білемін. Биылғы жыл мен үшін ерекше есте қалатын жыл болды. Республикалық байқауда жүзден жүйрік шығып, «Үздік ауыл әкімі» атану мен үшін ғана емес, жалпы жамбылдық әріптестерім үшін үлкен абырой болды деп есептеймін. Сондықтан, осы атаққа лайықты болу үшін барлық саланы қамти отырып, тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргіземін, ауылымның өсіп-өркендеуіне аса мән беріп, бар ынта-жігеріммен аянбай еңбек ететін боламын. Өйткені, адамның бойындағы жоғары жауапкершілік пен адал еңбек қана оны биікке жетелейтініне көз жеткіздім, – деді еңбегі еленіп, бүгінде ел аузында жүрген әкім Күлжахан Елемесова жас мемлекеттік қызметшілермен өткен кездесуде. Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің және департамент жанындағы «Тәлімгерлер кеңесінің» төрағасы Еркінбек Солтыбаев, департамент жанынан құрылған комиссия мүшесі Қасымхан Төлендиев сөйлеп, жылдың үздік әкіміне ізгі тілектерін білдірді. Еліміздің үздік ауыл әкіміне жас мемлекеттік қызметшілер де түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды. Келелі кездесу соңында департамент басшысы Лесбек Ілебаев ауыл әкімінің өнегелі еңбек жолы жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі болатынын айтып, Күлжахан Елемесоваға «Алғыс хат» пен гүл шоғын табыстады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар