- Advertisement -

Би биігіндегі ғұмыр

226

- Advertisement -

Қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров жайлы мөлтек әңгіме

Өзімнің ертеректе жазған мақалаларым жарияланған газет қиындыларын қарап, зерделеп отырып ел газеті «Егемен Қазақстанда» ертеректе (01.02.2018) жарияланған «Қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров туралы не білеміз?» деген мақалама көзім түсті. Қайта оқып шыққанымда білгенім, ол биыл 2023 жылдың 6 қазан күні 100 жасқа толады екен. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі, оның туған өңірінің атқамінерлері – Жамбыл облысының әкімдігі мен мәдениет басқармасы біле ме екен деген күдік пайда болды. Сөйттім де қаламымды қолға алып, көпшілік жерлестеріне оның кім болғанын жеткізуді жөн көрдім.

Несін жасырамыз, кей-кейде базбір «білгіштер», «Қазақта би өнері болмаған, оның барлығы кейінгі кезде ойдан шығарылып жатқан дүниелер. Мысалы, «Қаражорға» биі моңғолдардың биі…», деп қызыл кеңірдек болып айтысып жатқанына талай рет куә болдық. Сондай кезде менің ойыма ғұлама жазушымыз Мұхтар Әуезовтің: «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал, бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Менiң байқауымша осы өнерге талпынып жүрген Шара Жиенқұлова сияқты жастар бар көрiнедi. Одан бiр нәрсе шығатын түрi бар. Ал, қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды.

Қазақтың мидай даласы… Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жай жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi осының бәрi би емес пе, би. Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестендірсең би болып шығады…», деген пікірі еске түседі. Қазақ биі мен балетінің қалыптасуына, дамуы мен жетілуіне Ш.Жиенқұлованың, Д.Әбіровтің, Ғ. Бейсенованың, О. Всеволодская-Голушкевичтің, Г.Талпақованың, Б.Аюхановтың хореографиялық мектептері үлкен әсер етті.

Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, хореография профессоры Дәурен Тастанбекұлы Әбіров туралы көпшілік терең біле бермейді. Көпшілігімізге, шынын айтуымыз керек, бұл жұмбақ есім, оны терең біле бермейді. Ол – бар өмірін қазақ өнеріне арнаған талантты биші, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер.

Әңгіме арқауына себепкер болып отырған Дәурен Тастанбайұлы Әбіров 1923 жылдың 6 қазанында Жамбыл облысы, Қордай ауданының Қаракемер ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі ашаршылықтан көз жұмып, жетімдіктің зарын бір баладай басынан өткеріпті. Алғашқыда Өжет ауылында тұратын ағайыны тәрбиеге алыпты. Одан көп уақыт өтпей Алматы қаласындағы №13 жетімдер үйіне алынады. Жастайынан өнерге талпынып өскен ол 1934 жылы музыкалық-хореографиялық училищесіне қабылданады да талантты педагогтер А.А.Александров пен А.В.Селезневтен тәлім алады.

1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнерінің бірінші декадасында болған балет мектебінің оқушылары «Ұйқыдағы ару» балетінен «Гүлдер вальсі» үзіндісін көрермендерге ұсынған болатын. Солардың арасында 13 жастағы Дәурен де бар еді. Ол Мәскеудің театрында өнер көрсеткені және Қазақстанның атақты әртістерімен кездескені үшін өте қатты риза болды. Бұл сәт Д.Әбіровтің өнер баспалдағына үлкен қадам жасауына ықпал етті. Ол Алматы хореографиялық училищесін бітірер кезде өзін режиссура да таныстырып келіп, стильді сыған биін қойған. Осы мезеттен бастап оның «жеке орындаушысы»дәрежесі анықтала бастады. Мысалы:«Жизель»(Альберт), «Бақшысарай бұрқағы»(Вяцлав),«Аққу көлі»(Зигфрид), «Эсмеральда»(Аполлон).

Атақты балет әртісі Г.С.Уланова 1942 жылғы бірінші түлектерге мемлекеттік комиссиясына басшылық етіп, Д.Әбіровтің классикалық би пәнінен тапсырған мемлекеттік емтиханын жоғары бағалады. Бірақ, соғыс зардабы оның өнердегі жолын біраз мезгілге тежеп тастады. 1942-1944 жылдары әскери борышын өтеді. Соғыстан кейін әскери ансамбльдерде ұлттық билер қоя бастады. Олар орыс, белорусь, украин және түрлі вальстер еді.

Осылайша оның бала кезінен балетмейстер болу арманы бірте-бірте орындала бастайды. 1947 жылы өзінің кәсіби сахналық тәжірибесін қайта қалпына келтіру үшін екінші рет классикадан емтихан тапсырады. Оның басында Абай атындағы Опера және балет театрының алдында жеке орындаушы ретінде үлкен міндет тұрған. Сол жылы дарынды бишіні театр дирекциясы және мәдениет басқармасы Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-ке балетмейстер бөліміне жолдама алды. Оның басқарушысы атақты Кеңес одағының бас балетмейстері Р.Захаров еді. Онымен қатар балет өнерінің шеберлері Н.Тарасов,М.Васильев,Т.Ткаченко сияқты ұстаздардан дәріс алып, билік шеберлігін арттырды. Д.Әбіровтің дипломдық жұмысы М.Чулакидің «Юность» атты балеті болған. Оның сюжеті кеңес өмірінің нақты үлгісін көрсетті. Бұл балет оның ұзақ жылдар өз шығармашылығын шыңдаған Абай атындағы Опера және балет театрында қойылды. Оның жасы сол кезде 28-де екен…

«Дәурен Әбіров–қазақ хореографиясының жарқын құбылысы. Ол орыс және кеңес хореография өнерінің дәстүрлеріне сүйеніп қоймай, өз халқының мәдениетімен, тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болды. Оның туындылары қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жетік білуімен ерекшеленіп тұрды. Дәурен Әбіров қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, қазақ биінің шеңберін кеңейтті, әрі қазіргі ұлттық-сахналық бидің негіздерін дамытып, шығармашылық ізденісте болып, ұлттық хореографиялық өнердің кәсіби жанрларына көп жаңалық енгізді. Д.Әбіровтің мейлінше қарапайым, халық ортасынан шыққан, шынайылығымен әркімнің жүрегіне жақын, жанына жайлы терең түсінікті билерінің бірі – «Қоштасу» (немесе «Бес қыз»). Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде бұл би үлкен рөл атқарып келеді. Д.Әбіровтің қазақ қыздарының әсем, екпінді қимылдарын көрсеткен қойылымы – «Алтынай» күй ырғағына негізделген «Алтынай» биі… «Ата толғауы» биі Н.Тілендиевтің «Ата толғау» күйіне негізделген. Лирикалық қыздар биі. Би – халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Бишілердің қолдарында – Аса таяқ аспабы. Музыка ырғағымен соғып әсем қимыл қозғалыстар жасайды», – деп жазады өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Айтқалиева өзінің «Балетмейстер Дәурен Әбіровтің шығармашылық мұрасы» (Алматы, 2007) атты еңбегінде.

«…Қазақ биін Ш.Жиенқұлованың, Д. Әбіровтің, Ғ.Бейсенованың, О.Всеволодская-Голушкевичтің мектебі, әдісі деп арнайы оқытса, қазіргі қазақ биінде бір жаңалық болар еді. Түйіндеп айтқанда, қазіргі қазақ биі өте жақсы қарқынмен өркендеп келеді. Өкінішке қарай, Шара апамыз бен Дәурен ағамыздың қалыптастырған би мектебін жалғастыратын хореографтарымыз әрине, саусақпен санарлықтай. «Алтын қордағы» ұлттық билерді қазақ биін оқыту процесінде жүйелі пайдалану өте маңызды. Бұл шығармалар қазіргі қазақ биінің дамуына толық мүмкіндік береді», деп ой түйеді Қ.Айтқалиева.

Ол Абай атындағы опера және балет театрында В.Великановтың «Қамбар- Назым», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ғ.Жұбанованың «Аққанат» балеттерін қойған. Биші ретінде А.Аданның «Жизель», П.Чайковскийдің «Аққу көлі», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» және т.б. балеттерде жетекші партияларды билеген. Сондай-ақ, «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Біржан мен Сара», «Амангелді», «Қамбар сұлу», «Айсұлу» операларына және де басқа көптеген концерттерге билер қойған. Ярулиннің «Шурале» балетінің қойылымы Д.Әбіровтың балетмейстерлік мансабының жұлдызды уақыты болды, осы балетте З.Райбаев, С.Кушербаева, А.Асылмуратов, А.Джамилов,М.Мунтин, тағы басқалардың жұлдызы жанды. «Шурале» – Қазақстан хореографиясының асыл мұрасы.

1957 жылы Д.Әбіровтің редакциялауымен Мұқан Тулебаевтың «Біржан – Сара» операсына өзгерістер енгізілді. Онда көбінесе үлкен дәрежеде қазақ халықтық биі лексикасының ерекшелігі бекітілді, ол Д.Әбіровтің зерттемелерінің нәтижесі еді. Ол ерлер мен әйелдердің билеріндегі сахналық нұсқаларын дамыта өзгертті. Мысалы, шабыста ол енді бұрылысты, яғни классикалық би халықтың қимылдарымен байытылды. Ол әр классикалық қимылды халықтың пластикасымен жаңартуға тырысты. Осы жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар фестивалінде біздің орындаушылар С.Көшербаева мен З.Райбаев Әбіровтің қойған «У ручья» дуэт номерімен өздерінің өнерін көрсетті. Бұл номер фестиваль медаліне ие болды. Москвадағы он күндік дайындығына байланысты Д.Әбіров В.Великановтың «Қамбар Назым» балетін қайта дамытты.Бұл редакцияда Д.Әбіров классикаға сүйеніп, ұлттық би қимылының негізін анықтауға талаптанды. Қазақ халық биінен материалдар жинаудағы көп жылдық еңбегінің арқасында толыққанды мазмұнға ие болды. Ұмытылып бара жатқан бұл спектакль Д.Әбіровтің редакциясының арқасында өзінің ары қарай сахналық өмірін жалғастыра алды. Осы жылдары кішкентай балалар қуанышпен қабылдаған А.Зацепиннің «Қарт Хоттабыч» балетін қойды. А.Глазуновтың «Раймонда», Т.Меликовтің «Фархад- Шырын», Ф.Яруллиннің «Шурале», Е.Брусиловскийдің «Дударай», «Қыз Жібек» және «Жалбыр», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», т.б. классикалық балеттерін сахнаға бейімдеген. Одан басқа «Девушка- джигит», «Біздің сүйікті дәрігер» («Наш милый доктор») кинофильмдеріне, Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістеріне көптеген жаңа билер қойды. «Қазақконцерт» бірлестігінде де біраз жыл бас балетмейстер қызметінде жүріп, Қазақстанның әр өңірінен 18 халық хореографиялық ансамблін құрды. 1980-1982 жылдары Йемен Араб Республикасында еңбек етіп, онда алғашқы ұлттық кәсіби би ансамблін ұйымдастырды. 1987 жылы Қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетінің жанынан хореография бөлімін ашуға ерен еңбек етті.

Өнерсүйер қауымға жақсы таныс қызылордалық «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің негізін қаласқандардың бірі де биші Дәурен Әбіров болатын. Ол жалықпай ауыл-ауылды аралап, «Сыр сұлуы» ансамблінің құрамына өнерлі жастарды жинайды. «Өнерлі жанның өрісі кең» деген емес пе? Бағы жанғандары ансамбльге қабылданады.

Д.Әбіров өзінің оқытушы жолын 30- ға келген жасында, туған хореография училищесінің қабырғасынан бастады. Т.Жүргенев атындағы Қазақ халық өнер академиясының «Хореография» факультетінде профессор болып жұмыс істей тұра, ол өмірінің соңына дейін ұстаздық етті. Қазақстанның әр түкпірінде 18 халықтық хореографиялық ансамбльдер құрды. Оның жетекшілігімен қойылған билер қазақ өнерінің «алтын қорына» енді.

Өнер саласында еңбек ете жүріп Д.Әбіров 1979 жылы «Қазақ биінің кәсіби сахнада қалыптасуы мен дамуы» туралы кандидаттық диссертация қорғады. Қазақтың би өнері жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше монография (Ә.Исмайловпен бірге «Қазақтың халық билері» (1961), «История казахского танца». – Алматы: Санат, 1997 және т.б.) жазды. Би өнері саңлағының ол еңбектері бүгіндері хореография өнерімен айналысып жүрген жастарға оқулық ретінде пайдаланылуда. Оның қазақ өнеріне қосқан ерен еңбегі орынды бағаланып Қазақстанның халық әртісі (1984), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1988) атақтары берілген. Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен наградталған.

2001 жылдың 8 маусымында 78 жасында Алматыда өмірден озды. Дәурен Әбіровтің еліміздің хореография өнерінің қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Оның еңбек жолын зерттеп, қазақ би өнерін дамытуға қосқан үлесі жайлы көптеген еңбектер жазылып, ғылыми диссертациялар қорғалды. Оның есімі бірнеше ЖОО хореографиялық залдарына берілді. Шәкірттері әртүрлі дәрежеде байқаулар өткізуде. Балетмейстер қалыптастырған би мектебінің түлектері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдердің де биік сахналарынан өнер көрсетіп жүр. Өмір, өнер сабақтастығы деген, сірә, осы болар…

Қазақ биін әлемге таныту хореографтардың қазіргі басты мақсаттарының бірі болуы керек. Ал, Дәурен ағаның тәлімі халқына керек өнер, ол ұлтымыздың мақтанышына айналған талантты тұлға. Дәурен ағадай өнер иесі, балетмейстер ілуде біреу! Ол – қазақ би өнерінің бірегей тұлғасы. Сондай жандарды қадірлеп, пір тұтпасақ, болашаққа не деп барамыз?! Д.Әбіровтің өнегелі өмір жолынан, атқарған қыруар еңбегінен кейінгі жастар үлгі алуы керек. Ол – елге, халыққа адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен ерекше жан. Өнерді қадірлейтін халқы барда, Дәурен Әбіровтің есімі ұмытылмауы керек.

Әңгімені түйіндей келгенде, оның кіндік қаны тамып, кір жуған өңірінің азаматтары қолдап, Қордай ауылының бір көшесіне немесе аудандық мәдениет үйіне Дәурен Әбіровтің есімін берсе артық болмас еді. Ол – қазақ хореографиясының негізін қалаған өнер саңлағы. «Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» деп халық бекер айтпаған болар, сірә. Ендеше, артында өлмейтұғын өнері қалған, ел мақтанышына айналған қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері, бишісі Дәурен Әбіровтің есімін көпшілік біліп жүргені абзал.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support