- Advertisement -

Ру атасына арнап кесене салдырған дұрыс па?

156

- Advertisement -

Қазіргі таңда мұнаралы мешіттерімізге қадам басып, дінге дұрыс қарайтындар көбейді. Шариғаттың ережелерін біліп, бабалардың дәстүрлі жолымен жүргенге не жетсін! Бірақ, қоғамда «әттеген-ай» дегізетін мәселелер де бар. Соның бірі – ру аталарына арнап кесене салып, күмбез тұрғызу.

Біріншіден, кесене тұрғызуға қомақты қаражат кетеді. Ол қаражат көбінесе қарапайым тұрғындардан үйме-үй жиналады. Әсіресе, ауылдық жерлерде солай. Біреу жағдайы келмей тұрғанын айтса, көпшілік оны «Атаңнан аяйсың ба, оның – сараңдық» деп сөгіп тастайтын да жағдайлар бар. Сосын әлгі адам елден ұят болмасын деп қарызданса да, жұрт жинаған қаражатты береді.

Осыдан, екі- үш жыл бұрын ауылдардың көпшілігінде қабірлерді қоршау науқаны басталып, ол кезде де қалам тербеген едік. Енді әр атаға кесене тұрғызу үрдісі басталып кетті. Бірақ, дәл қазіргі заманда, қымбатшылық тұсында осындай мәселелерге жан- жақтан қаражат жинау қаншалықты оңды? Бұл жағдайға «шариғат не дейді?» деп, ислам діні шарттарынан жауап іздеп көрдік. Республикалық «Иман» журналының бас редакторы Оңғар Өмірбек «Кесене орнату – жағымсыз іс» деп атап өткен екен. Ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бейберекет кесене салу үрдісі белең алуда.

Негізінде мақтану, байлығын көрсету, бәсеке үшін кесене тұрғызу – харам іс. Өйткені, қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қаншама қаржыға салынған мұндай кесененің марқұмға пайдасы да, сауабы да тимейді. Жай ысырап. Керісінше, бұл тірлігіміз – өлілерге табынуға, сыйынуға алып келмей ме? Мәселе сонда.

Қайтыс болған кісінің өмірден өткен соң іс-амалдары тоқтайды. Олардың мазарларын көркемдеп, ескерткіш, бюст орнату, кесене қою зияннан басқа ештеңе әкелмейді», – депті.

Тараз қаласындағы «Әбдіқадір» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев та кесене салу ісі шариғат мақұл көрмейтін амал екенін айтады. «Әр нәрсенің өз реті бар. Жекелеген рудың, әулеттің адамдарына кесене тұрғыза беру дұрыс қадамға жатпайды. Соның орнына жесірлер мен жетімдерге, кедейлерге қайырым жасаса, сансыз сауапқа кенеледі. Аталарына да ұрпағының ізгі амалы ретінде сол сауап барып тұрады», дейді.

Бұл мәселе қанша рет көтерілсе де, кесене салу үрдісі тоқтаған жоқ. Бұл мақсатта қомақты қаражат жұмсауға ниетті азаматтар да жоқ емес. Есесіне, білімге құштар жастың оқуын төлеуге жұмсалса ғой, дейсің осындайда.

Бірақ, ондай ізгі амалды ойлап отырғандар жоқтың қасы…

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support