279 кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді

279 кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді
ашық дереккөз
279 кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бизнесті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президент Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет, осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау қажет», деп атап айтты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында осылай деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров өңірдегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жыл басынан бері жүргізіп жатқан жұмыстары туралы жария етті. Дәурен Даниярбекұлының мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бизнесті қорғау мәселесінің маңыздылығы ескеріле отырып, елімізде жыл басында «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Бүгінде облыстық департамент тарапынан аталған жоба аясында кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. – Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнес иелерімен күнделікті кездесулер өткіземіз және олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің кедергі келтіретінін анықтаймыз. Жобаны іске асыру басталғаннан бері өткен кездесулер барысында 185 кәсіпкермен жүздестік. Олардан бізге 23 өтініш-шағым түсіп, қазіргі уақытта 17-сі қанағаттандырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері жойылып, 279 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Осы фактілер бойынша жергілікті атқарушы органдардың 4 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Д.Омаров. Баяндамашы сөзінде өңірдегі кәсіпкерлердің өз назарын бірқатар жайттарға аударуы керектігін атап өтті. Мәселен, шенеуніктер көбінесе әртүрлі кедергілерді қолдан жасайды. Сондықтан, кәсіпкерлер өз кәсібіне кедергі жасалған жағдайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаментіне және өңірлік кәсіпкерлер палаталарына, сондай-ақ, «1424 Call-орталығына» хабарласа алады. «Кәсіпкерлердің барлық өтініштері мен шағымдары біздің тұрақты бақылауымызда», – деді превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар