- Advertisement -

Жақсының аты өшпейді…

140

- Advertisement -

Қазақстанда Премьер — Министрдің орынбасары, министр, бес облыстың әкімі қызметтерін атқарған Сапарбаев Бердібек Машбекұлын кеше ақтық сапарға шығарып салдық.

Қай қызметте де ел сенімін абыроймен ақтап, халықтың құрметіне бөленген Бердібек Сапарбаевтың бүкіл елге танымал тұлғаға айналғаны – бүгінде басы ашық ақиқат. Еңбек жолын 16 жасында Қызылорда облысындағы сол кездегі Задарьинский кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған Бердібек Машбекұлы өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, тағылым түйгені анық.

Қаржы-экономика саласының жілігін шағып, майын ішкен маман тәуелсіздік жылдары ҚР Президент әкімшілігі мен Үкіметте жауапты қызметтер атқарып, әбден ысылды. Ол білім министрінің орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерінде де бойындағы қажыр-қайратын мемлекетімізді нығайту жолына жұмсады.

Ал, еліміздің бес облысына әкім болған кезінде үлкен сынақтан өтті. Өзгесін айтпағанда, біздің өңірдің тізгінін ұстаған тұста Қордай ауданындағы халықтың тыныштығы бұзылып, саяси ахуал асқынып тұрған. Шын мәнінде, ұлт араздығы туындау қаупі бар өлкені басқаруға ол жылдары ешкімнің жүрегі дауаламас еді. Оңтүстіктегі өңірлердің жағдайына жастайынан қанық білікті басшы ұзын кесеулерімен ауыл-аймаққа шоқ лақтырып отыратындардың сөзіне еріп, бітпес дауды қуған жоқ. Керісінше, бар ынта-ықыласымен жұмыс істеп, халықтың жағдайын жақсартуға күш салды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әулиеата өңірінде де екі жылдан сәл астам уақыт әкім болды. Бар істі парасат-пайым тұрғысынан тындыратын тәжірибелі маман қызметіне кіріскен сәттен әуелі Қордайдағы оқиғада, одан кейін Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдайда көпшіліктің қасынан табылды. Ал, алдыңғы жылы қасіретті қаңтарда орталық алаңға арнайы барып жиналғандарды сабырға шақырды, арандап қалмаулары үшін ақыл-кеңесін айтты. Міне, осының бәрі оның шын мәнінде халықшыл азамат екенін көрсетті.

Жамбыл облысында әкім болған кезінде облыс ардагерлерінің әлеуетін өте орынды пайдалана білді және қажетті бағытқа жөн көрсете отырып, тиімді мақсаттарға қол жеткізді. Мәселен, Қордай оқиғасы кезінде ардагерлерді халықтың алдына шығарып, мұң-мұқтажын, талап-тілектерін ескере отырып, іс-әрекет етуге шақырды. Соның нәтижесінде «Бейбітшілік және келісім», «Қоғамдық келісім» секілді қоғамдық негізде ардагерлер арасында ұйымдар құрылып, белсенді жұмыстар жүргізілді.

«Өтеген батыр» ескерткіші алдында бес ауылдың қарияларын жинап, ас-ауқат беріліп, татулыққа үндедік. Дүнген халқының қариялары мен жергілікті халықтың өкілдерін сабырға шақырып, кеткен кемшіліктерді қайталамауға, алдағы жұмыстарды бірлесе атқаруға келістік.

Бердібек Машбекұлы туралы дайындалған киноочеркті ыждағаттылықпен көріп, ол кісінің халық үшін еңбекпен есейгенін, еңбекқорлығына, ізденімпаздығына сүйсіндік. Рухыңыз пейіште шалқысын, елім деп туған Ер!

 

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support