- Advertisement -

Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман

317

- Advertisement -

XXI ғасыр – заманауи технология, жаңа мүмкіндік пен өзгеше көзқарастың, тоқтаусыз дамудың заманы. Жаңа – ескінің орнын басатын дәуір. Бізге үйреншікті мамандықтар жойылып, оның орнын заманауи инновацияланған технологиялар алмастырып жатқанын байқамау мүмкін емес. Банк орталықтарына, Халыққа қызмет көрсету орталығына барсаңыз да, тіпті жолға шығар болсаңыз да кассаның алдында бұрынғыдай шексіз кезекті көрмейсіз. Осы жұмыстардың барлығын қазір кішкентай телефонға сыйдырып қойғанбыз.

10-20 жыл танымал болған кейбір мамандықтар бүгінде өз өзектілігін жоғалтты. Осы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс вице-министрі Ержан Біржанов Мәжілістегі бір жиында өз болжамын айтқан болатын. Ол «Егер 10 жыл бұрын алған білім мен дағды 10-15 жыл жұмыс істесе, цифрландыру және жаңа технологиялардың пайда болу дәуірінде дағдылар мен білім тез ескіреді. Автоматтандыру қаупіне ең көп жататындар күнделікті іс- әрекетті қамтитын кәсіптер болып саналады. Бұл мамандықтар үшін білімнің ескіруі және оның мүлдем жойылып кету қаупі бар. Мысалы, қоғамдық көліктердегі кондукторларды айтуға болады», – деп өз пікірін жеткізді.

Мен министрдің айтқан болжамымен толықтай келісемін. Себебі, қазіргі таңда қоғамда кей мамандықтар біртіндеп жойылу үстінде. Автобусқа мінген кезде бұрынғыдай көзге үйреншікті кондукторлардың орнына «Тұлпар» электрондық билет беру жүйесі тұрса, дүкендерде күзетшілердің орнына қаншама бейнекамералар, дабыл қақ қыш құралдары, ақылды технологиялар жұмыс жасайды. Алматы қаласында кейбір дүкендердегі кассир қызметінің орнын көптеген робот құрылғылары басқан. Ал, өркениетті елдерде даяшы қызметін толықтай роботтар алмастырған деуге болады. Тіпті, мал шаруашылығында «Ақылды» мал фермалары пайда бола бастады. Оның жарқын мысалы ретінде Түркіст ан облысы Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасын айта аламыз. Ондағы барлық дерлік жұмысты роботтар атқарады – сиырдың үстін тазалап, сауады және тұратын орнын да тазалайды. Жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостансасы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау камералары орнатылған. Ал, «MKRU Kazakhstan» сайтының зерттеуі бойынша, 2025 жылға қарай азықтандырушы, жұмыртқа қабылдаушы, сұрыптаушы, тиеуші, буып-түюші, зат таңбалаушы, таразышы сияқты кәсіптер мүлдем жойылады деп болжануда.

«Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деген сөз осы ойымызды толықтырып тұрғандай. Шын мәнінде қазіргі тоқтаусыз даму кезеңінде жалқаулықты жанға серік етер болсақ, ағымнан қалып қоюымыз әбден мүмкін. Сол себепті біз әрқашан білім алудан, оны жаңартудан, миымызды шыңдап, жұмыс жасаудан қашпауымыз керек. Тәжірибе көрсеткендей, күшпен жұмыс істейтін емес, ақыл-оймен жұмыс жасайтын мамандықтардың болашағы жарқын, мәртебесі асқақ.

 

Аружан СҰЛТАНОВА,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің конвергентті журналистика мамандығының

1-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support