- Advertisement -

Шопыр бала

185

- Advertisement -

1916 жылы қазақ жерінде отарлауға және империалистік саясатқа қарсы ұлт-азаттық көтеріліс орын алып жатқан тұста, Ақыртөбе ауылында шаруаның отбасында Тұрғынбай есімді ұл дүниеге келеді. Ата-анасынан ерте айырылған Тұрғынбай жетімдер үйін паналап, кейіннен жездесі Шұңғылдың тәрбиесінде болады. Еңбекке ерте араласқан ол 1937 жылдары Меркі ауданында автокөлік жүргізген алғашқы қазақ жастарының бірі болған.

Ол Фин соғысына қатысып, кейіннен II дүниежүзілік соғыста жүк көлігін жүргізіп, майдан даласына қару-жарақ, ас-ауқат тасыды. Ел арасында айтылған ақпаратты жинақтап, Тұрғынбай жайлы жазғым келді. Себебі, ел игілігі үшін еңбек еткен ердің техниканы меңгерудегі ептілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Ауыл балалары жаппай соғысқа аттанған кезең. 10 жасынан жетім қалған Тұрғынбай мен оның інісі Көшкінбай да алдымен Фин соғысына аттанып, сосын 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласынан бір-ақ шыққан. Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ. Қос бауырды майдан даласы екі бөліп жіберді. Бірі батыстағы майданның қақ ортасына аттанса, бірі шығыста қалып қойған. Барлық ауыл балалары секілді Тұрғынбайға да ор қазу секілді жұмыстар жүктелген. Ол жұмыс істеп жүріп, мылтық атуға машықтанды. Кейін Ұлы Отан соғысына аттанған алғашқы айларда Тұрғынбай Одесса қаласы үшін шайқасты.

Бірде ну орманның ішінде оның түскен взводын жау әскері жойып жібереді. Олардың арасынан Тұрғынбай мен Антон есімді орыс аман қалады. Олардың орнын іздеп келген екінші полк әскерлері жолда көлігі бұзылып, қалып қойған еді. Екінші полк сарбаздары тығылып жатқан екі әскерді көріп командирлеріне мылтық кезеп алып келеді.

– Қашқынсыңдар ма? – дейді командир.

– Жоқ. Барлығы қырылып, ішінен аман қалған екеуміз, – деп жауап берді Антон.

– Көлігіміз бұзылды, егер екеуің соны жөндеп берсеңдер, аман қаласыңдар, – дейді командир. – Әйтпесе, «қашқын» деп атып тастаймыз, – деп мылтығының шүріппесін көрсетті.

Тұрғынбай мен Антон қайткен күнде де аман қалудың әрекетін жасауға кірісті. Ульяновскіден шыққан «ЗИС-5» үш тонналық көлік. Мұндайды Тұрғынбайдың алғаш көруі. 73 аттың күші бар көлік, өзі жүргізген машинадан тәуірлеу екен. Әбден еңбектеніп, ақыры ақауын тапты. Түн жарымы болғанда, көлік от алып, екі жауынгерді взвод командирі өздерімен бірге алып кетеді.

Жаңа ортаға келісімен Тұрғынбай мен Антонға әскери көлік беріледі. Ол уақытта техниканың тілін білген жауынгер жоқтың қасы еді. Осылайша аман қалған қос жауынгерге майдан даласына қару-жарақ пен әскерлердің ас-ауқатын тасымалдау міндеті жүктеледі.

Майдан даласында жау әскері алдымен көлік жүргізушілерді нысанаға алып өлтіріп, көліктің жүк салғышындағы заттарға иелік ететін. Қаруын тартып алып, тамағына қарын тойдыратын. Тұрғынбай түрлі қиындықтан, бетпе-бет келген ажалдан әупірімдеп жүріп, 1944 жылы майдан даласында жарақат алады. Емі бірнеше жылға созылғанымен, 1946 жылдың аяғында ауылына дін аман оралады.

Елге оралған соң, ауылдағы колхозда көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Сол уақытта ол Меркіге жер аударылып, өзіне көрші болған талай түрік, әзірбайжан, қарашай жігіттеріне техниканың тілін үйретеді. Мұны сол кездегі балаң жігіттер әлі күнге айтып жүр. Ел ішінде «Шопыр бала» атанған Тұрғынбай Әулиета қаласына жақын, Ақыртөбе ауылында тұратын Гүлжан есімді қызды көлігімен алып қашып, отбасын құрады.

1971 жылы 50-ден асқан шағында жазылмас дертке шалдығып, көз жұмады. Шопыр баланың ұлдары әке жолын қуып, көлік жүргізіп, мотор жөндеп, өмірден өз орындарын тапқан. Елі үшін еңбек еткен ердің есімі – ел есінде қалды.

 

Әріпжан ӘЛИ,

журналист.

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support