- Advertisement -

Сананы билеген сандар

31

- Advertisement -

Мектеп қабырғасында тарих пәнінен түрлі сенімдер жайлы өткеніміз есімде. Ертеректе адамдардың бірі көк бөріге, бірі аспанға, бірі пұтқа табынса, енді бірі от – қауіптен сақтайды деп сенген. Оның бәрі өткеннің еншісінде қалғалы қашан?! Ата-бабамыз исламды қабылдап, «Құдайдан басқа тәңір жоқ» деп дінге келдік. Солай бола тұра, бүгінгі күні сәттілік пен байлықты Алладан емес, жұлдыздар мен желідегі қаптаған коуч, тренерлерден сұрайтын болдық.

Әлеуметтік желіні аша қалсаң, нумерологтарды санап біту мүмкін емес. Қазір солардың дәуірі десек те болады. Олардың сөзіне еріп жүргендер қаншама?! «Мәселен, туған күн арқылы өміріңе сәттілік алып келетін сандарды анықтап қана қоймай, отбасың мен жұбайыңның саған деген көзқарасы мен қарым-қатынасының қандай болатынын біле аласың», дейді-мыс. Мұның бәрін шынайы қабылдап, сеніп жүрген халық үйіне, әмиянына, ол аз десеңіз, ұялы телефонының құлпына нумерологтар сәтті деп тапқан сандарын жазып қояды.

Өкінішке қарай, нумерологияға сенетіндер қатары көбеймесе, азаяр емес. Айтуларынша, олар өмір жолыңды, тұрмыс құруға қолайлы уақытыңды да анықтай алады екен. Логикаға салып ойлансаң, бір күнде, бір уақытта әлемде қаншама сәби өмірге келеді. Олардың тағдыры бірдей болады дегенге нумерологиядан басқа кім сенеді? Дінімізде нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін, оған уақыт бөлу бос әурешілік екендігі айтылады.

Ендігі тағы бір мәселе – жұлдызнама. Ол туралы бұрыннан хабарымыз бар. Бірақ, бүгінде дәл сол жұлдызнамаға сеніп, болжамдарды естіп күйзеліске ұшырап жататындардың бары жасырын емес. «Бикештермен тіл табыса алмайсыз» деген сөздерді естіген адам бикештерді кездестіргенде төбе шашы тік тұрып, жиырыла қашуы әбден мүмкін. Сәйкесінше, таңертең болжамды оқып алып, дәл сол әрекеттің қашан орындалатынын күтіп отыратындар да бар.

Мәселен, «Бүгінгі күніңіз сәтсіз болғалы тұр» дегенді естіген адам әлгі сәтсіздікті өзі шақырып алары белгілі. Жұлдызнама адам бойындағы жақсы мінез бен кемшілігінің сәйкес келуі, халықтың жай ғана болжамдарға илануына себепкер болып отыр. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Кімде-кім қандай да бір ақпаратты жұлдызбен болжап алатын болса, ол сиқыршылықтың бір түрімен айналысып жатыр, неғұрлым көп айналысса, соғұрлым көп күнә алады», деген екен.

Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, тренингтердің өзін пайдалы және пайдасыз деп екіге бөлуге болатын секілді. Ел ішінде халықтың аңқаулығын байқап, «Жылдам баюдың жолы» секілді құлақты елең еткізер сөздермен ақшаның көзін тауып отырғандар жетерлік. Оған сенген халық еңбектенудің орнына керісінше «алма піс, аузыма түске» басып, оңай жолға қарай беттегісі келеді. Тапқан- таянғанына сол бір тренердің сабағын алып, айтқанын ұйып тыңдайды. Ал, олардың айтатыны не? «Айнаға қарап мен әдемімін деп үш рет айтыңыз», «Мен баймын деп күніне жүз рет айтсаңыз, бай боласыз», «Мен миллионермін, ақшаның магнитімін» деген секілді сөздерді айтуды әдетке айналдырады. Адамның визуализация жасауы дұрыс. Мүмкін, сол бір сөзден шабыт алып, жетістікке бір қадам жасайтын болар. Бірақ, айна алдына отырып «Мен бір айда 5 килограмм салмақ тастаймын» немесе мүлде спортпен айналыспай «Мен 60 киллометр жолды бір сағатта жүгіріп өтемін» деу ақылға қонымсыз дүние болып көрінеді.

Бәлкім, аффирмацияның мақсаты мен шекарасын халыққа дұрыс түсіндіре алмайтын болар. Әйтсе де «Мен ақшаның магнитімін» деп жүрген адам жай ғана сөзбен ақша таба алмайтынын түсінер уақыт келген секілді.

Мұнымен не айтқым келді? Сіз сеніп жүрген нумерология мен жұлдызнаманы ғылым деп мойындауға еш себеп жоқ. Ол жай ғана теория ретінде қалыптасқан түсінік. Көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат пен азаматша XXI ғасырда өзгеге емес, өз ісі мен әрекетіне сенуі керек. Сол үшін болашақты болжауға асықпайық. Бір нәрсеге сенбес бұрын міндетті түрде ақылға салайық. «Мен баймын» деп күніне 100 рет қайталағанша, бай болудың әрекетін жасайық.

 

Ұлданай БАЙҰЗАҚ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support