- Advertisement -

Адам тұлғасын еңбек қалыптастырады

89

- Advertisement -

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – еңбексүйгіштік. Адалынан еңбек етіп қана қоймай, айналасына көмегін тигізу, қамқорлық таныту екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Осы үдеден шығып жүрген жанның бірі – «Байжанова» шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанова.

«Жастайымнан еңбекке араласып, жұмыс істедім. Еңбектің арқасында қазіргі уақытта киіміміз – көк, қарнымыз – тоқ. Бұрындары жағдай қиындау болатын. Таңның атысы, күннің батысы жер баптаумен айналысып, балаларды бағып-өсірдім. Ол кездері отын да тапшы, жарық та жоқ. Болған күннің өзінде ұзақ уақыт жанбайды. Шамның жарығымен отырып үйдің тіршілігін істеп, таң ата салысымен қайтадан өз жұмысымызға кірісетінбіз. Қазір кей кездері өткен күнді еске алып, шүкір деп отырамыз. Балаларымыз да өсіп, бәрі оқу озаты болды. 4 ұл, 3 қызды бағып-қағып, оқытып, ерте бастан еңбекке баулыдық. Соның арқасында бүгінде балаларым әр саланың маманы. Өкінішке қарай, жолдасым Ешенқұл жуырда өмірден озды. Неше жыл отасқан жарымнан айырылу оңай тимеді. Бірақ, «тірі адам тіршілігін істейді» демекші, өмір әрмен қарай жалғасуда. Үш ұлым – Ізбасар, Сәкен, Бекен осы ауыл шаруашылығы саласын толық игеріп, отбасылық кәсіпті жалғастыруда. Биыл 20 гектар алқапқа бидай, 30 гектарға пияз, 40 гектарға қызылша тұқымын септік. Мемлекет тарапынан жыл сайын көмек көрудеміз. Соның нәтижесінде биыл да егінге арналған трактор, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алынды, – дейді ол.

Маусымдық кезеңде шаруашылық жалдамалы жұмыс күшіне сүйенеді. Арамшөп жұлу мен өнім жинауға жалдаған жұмысшыларға күніне 4000-5000 теңге көлемінде жалақы төлейді. «Жұмысшылар саны өнімге, жерге байланысты 20-60 адамға дейін барады. Сондай-ақ, үй маңынан 1000 тонна шаруашылықтан қалған өнімді сақтайтын қойма соқтырдым. Шамамен 30-35 миллион теңге жұмсалған қойманың өнімді сақтауға пайдасы мол. Алдағы уақытта тек көкөніс қана емес, мал шаруашылығымен де айналыссақ деген ниетіміз бар», – дейді кәсіпкер.

Бар нәсібін жерден тапқан ананың еңбегі елеусіз қалған емес. Егемен еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны үшін республикалық, облыстық, аудандық әртүрлі марапаттарға қол жеткізіп, бүгінде ауданымыздың Құрметті азаматы атанып отыр.

Болмысы бөлек жан ауыл шаруашылығы, отбасылық өмірден тыс қайырымдылық жұмыстарға белсене араласуда. «Асар» жобасына да үнемі қолдау білдіріп, өз өңіріндегі мектепке де демеушілік танытып келеді. Қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнап отырған алтын жүректі абзал ана «Қазақстанның Алтын кітабына» да енген.

– Адамның тұлғалық қасиетін, қабілетін еңбек қалыптастырады. Адал еңбек етсең өз бақытыңа жетесің, ел алдында абыройға ие боласың. Бүгінде ұлдарым ғана емес, немерелерімді де осы шаруаға үйретіп, ерінбеуді, жалқаулықты еңсеруге үйретудемін. Алдыңнан қандай қиындық кездессе де жеңіп шығу әр адамның төзіміне байланысты. Келер ұрпаққа да айтарым, әрбір жас алған бетінен қайтпай, адал жұмыс атқарар болса, кейін өмірден өз орнын табу оңайға соқпақ. Еңбек етіп, жер-ананы қадірлеп, баптай білсең, жер-ананың бізге берері көп, – деп сөзін түйіндеді абзал ана.

 

Арайлым НАРБАТЫРОВА,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support