- Advertisement -

«Қой жүні қоқысқа тасталмаса екен»

224

- Advertisement -

Мал өсірудің машақатын баққан адам ғана біледі. Былайғы жанға дала төсінде түлік өргізген шаруаның табысы мол, жұмысы жеңіл көрінер. Десе де, нәсібін атакәсіптен айырған олардікі шын мәнінде адал еңбек, таза табыс. Тегінде, бабадан қалған кәсіпті айналдыру қашаннан оңай болған емес. Жылдың төрт мезгілі кезегін күткен жұмыс, қарбаласқа байланған қол.

Тағы бір қыстан амалдап өткен шопандар күні кеше ғана қырықтық науқанын аяқтады. Расымен, биылғы аяз бен қыстың ұзаққа созылуы малмен айналысқан шаруалардың ұзаққа есінде қалды. Алайда, ылғалдың молдығын жақсылыққа жорыған олар алдағы күннен үмітті. Ойық ауылына қарасты «Шалқар» шаруа қожалығы үшін үстіміздегі қоян жылы табыссыз басталған жоқ. Мал төлдету науқанында 100 саулықтан 90-95 төлден алды.

– Біз өз жұмысымызға шүкіршілік етеміз. Мал жаман төлдеген жоқ. Қалай десе де, жасаған еңбектің жемісі ғой. Қыс оңай болған жоқ. Шөп қорын жеткілікті етіп жинадық. Табиғаттың тосын мінезін танып болмайсың ғой. Тілегіміз қабыл болғандай, жем-шөп дәл жылымық уақытына дейін жетті, – дейді шаруа қожалық төрағасы Жаңабек Шалқарбаев.

Адамды шаруаға ширататын, еңбекке қалыптастыратын – тәжірибе. Жаңабек Әуесбекұлы мұны жақсы түсінеді. Жалпы, «Шалқар» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Бүгінде зейнет жасына аяқ басқан Жаңабек ағамыз оған дейін бұрынғы аудан орталығы Ақкөлдегі наубайханада технолог, жанар-жағармай стансасында оператор сынды жұмыстар атқарған. Ел егемендігін алған аумалы-төкпелі 90-жылдардың орта тұсынан бастап жеке кәсіппен айналысуға тәуекел етеді. Мал танып өскен ауыл адамына қолға таяқ ұстап, түлік өргізу қиындық тудырмаса керек.

Қазір «Шалқар» шаруа қожалығында 3 отар қой, 2 табын сиыр және жылқы бар.Кәсіпті бастау үшін тәуекелден бөлек, қаражат қоры қажет. Шаруа да оның көзін тауып, бастапқыда кездесетін сынақтардан жол таба білді. Міне, табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесі. Жаңабек Шалқарбаев мал басын көбейтіп, асылдандыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың үлкен сеп болғандығын айтады.

– 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мүйізді ірі қара алдық. Кейінірек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «АгроКредит корпорациясы» АҚ арқылы несие рәсімдеп, асыл тұқымды Қызыл-Ақбас 100 бас сиырды осында жеткіздік. Расын айту керек, шаруаны ілгерілетуде мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп тиді. Шаруа қожалық басындағы күннен қуат алатын қондырғы мен құдық та мемлекет тарапынан жасалған жеңілдікпен орнатылды. Қазір шаруашылық жұмыстарына ұлым Өскен қолғабыс тигізіп жатыр, – дейді шаруа.

Шопан қолдағы түліктерін құмға қыстатады. Қыркүйектің соңын ала қыстауға бет алған отар жерге көк шыққанда жайлауға оралады. Бұл жылда қайталанатын дәстүр. Қазір иелігінде Көктөбенің жазығынан 200 гектар шабындық бар. Шаруа қысқы мал азығын осы алқаптан бастырады. Дала жұмыстары қолдағы екі «МТЗ-82» тракторы, германка, орақ, шөп шабатын машина (косилка) және «ГАЗ-53» сынды ауыл шаруашылық техникаларынан артылмайды. Науқандық еңбекке қосымша адамдар тартылады.

Қорадағы малды он отбасы бағып отыр. Жалақылары тұрақты. Одан бөлек, малшыларға атқарған еңбегіне қарай үстеме сыйақы мен ас-ауқатқа сойыс та қарастырылған. Ет бағытында жұмыс істеп жатқан шаруа қожалық болған соң өнімді Меркідегі ет комбинатына өткізеді.

«Шалқар» шаруа қожалығындағы малшылардың қазір қырықтық науқанын аяқтап, тыныстап отырған шағы. Бағаның құбылуы да дала төсіндегі шаруалардың қалтасына оңай тимеген көрінеді. Биыл әр ұсақ мал басына 400 теңгеден айналған. Өткен жылғы баға қазіргіден анағұрлым төмен болған екен. Мұны іргелес отырған шаруалар да растап отыр.

– Егер малдың жүні пайдаға жарап, қабылданып жатса, қырықтыққа жұмсалған шығынды ақтар еді. Мысалға, бір отар қойдың жүнін қырқуға 200 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Қомақты сома емес пе? Қазір алынған жүнді жинап, өртейміз. Ешкімге қажет емес. Обал. Бұл мал баққан барлық шопанға қатысты мәселе, ортақ уайым, – дейді шаруа басындағылар. Иә, маңдай термен түскен табыс текке жұмсалмаса дейсің. Расымен, қой жүні аз тиынға қабылданса, шаруаларға мұнша салмақ болмас еді. Бұл мәселе сала басшыларының назарына ілігіп, ретін табар деген үміттеміз. Ал, малшылардың жұмысы қашаннан оңай болған емес. Бір істі аяқтасаң, екінші шаруа асықтырады. Алда мал тоғыту жұмысы. Жылдың төрт мезгілі таныс қарбалас, кезегін күткен науқан. Бастысы – бейнетіне бейімделе білуің керек.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support