- Advertisement -

Шынайы шабыт иесі

83

- Advertisement -

Қазақ поэзиясында өлең жүгін қара нардай қайыспай көтерген қазақ аруларының орны бөлек. Бүгінде сол ақын қыздардың кейде нәзік, кейде рухшыл өлеңдері оқырманның жүрегіне жаңылмай жол тауып келеді. Осы көштен қалмай, қолына қалам ұстап жүрген ақынның бірі – Перизат Оспанова туған жерінде шығармашылық кешін өткізді.

Жыр-жиынға ақынның жақын достары, шәкірттері, ауылдастары мен туған туыстары және жырсүйер оқырмандар қатысты. Кешті Амангелді атындағы орта мектебінің директоры Қанат Нұрмағанбетова шып: «Біз – ақынын іздеген елміз. Өнер адамына қашан да биік құрмет танытуға бейілміз. Перизат – Тамабек топырағынан түлеп ұшқан, аймағымызға танымал, мықты қыз. Бүгінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаз жүгін арқалап жүрген жан. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өрнегі мол жырларын өскелең ұрпаққа өнеге ететін мұндай кештер жиі өтіп тұруы керек», – деді.

Орамды ой мен есті естеліктерге тұнған жиында ақынның лирикалық жырлары оқылып, оның өлеңдеріне жазылған әдемі әндері де шырқалды. Бұдан басқа да әндері шәкірттерінің орындауында көпшілікті тебірентсе, «Елім деп келдім», «Анам бар деп мақтанам», «Адам болам бақ қонған» секілді шығармалары да оқушылардың мәнерлеп оқуында көрерменнің көңілінен шықты.

Бүгінгі таңда ақынның 300- ге жуық жыры, 30-дан аса әні бар. Байзақ ауданындағы Шахан ауылының Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде ән- күй пәнінен дәріс беріп, ұрпақ санасына ән құдіретін дарытуда дамылсыз еңбек ету үстінде.

«Ән мен жырым – менің асыл қазынам. Шабыт уақыт талғамайды. Жолда келе жатып та көмейге ән құйылады. Өлең жазып болған соң, сол сөздеріме кейде көкірегіме құйқылжып бір ән құйылып жатады. Көп әндерім өмірге солай келген. Жалпы, мен өте бақытты адаммын. Өзімді құрметтейтін асыл жарым, отбасым, әдеби ортам, шығармашыл шәкірттерім бар. Бүгін де мерейімді асырып, мәртебемді көтеріп, қолдаған барша қауымға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді Перизат Шахабайқызы.

 

Ұлданай БАЙҰЗАҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің

2 курс студенті.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support