- Advertisement -

Онкологиялық орталық жайы ойландырады

32

- Advertisement -

Облысымызда қатерлі ісікке шалдығып, онкологиямен ауыратындардың жағдайы мәз емес. Біріншіден, аймағымызда онколог дәрігерлер жетіспейді. Екіншіден, қазіргі онкологиялық орталықтың ахуалы көңіл көншітпейді. Үшіншіден, жаңадан ашылатын онкологиялық және хирургиялық орталықтың қолданысқа берілуі сағыздай созылып кетті. Кеше «Amanat» партиясы жанындағы қоғамдық кеңес отырысында осы мәселе талқыланды.

Бүгінде облысымыздағы 1 миллионнан астам тұрғынға онкологиялық көмекті 165 орындық онкология диспансері көрсетеді. Жалпы аймақ бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмекті 21 онкологиялық, 22 маммографиялық және 48 қарау бөлмелерінен алуға болады.

Биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 8323 науқас есепке тұрды. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 500 адамға көп. Демек, ауру саны көбеймесе, азайып тұрған жоқ. Науқасқа шалдыққан адам амалсыз аурухана есігін жағалайды. «Қазіргі онкологиялық диспансердің жағдайы тым нашар. Іші өте лас. Түрлі зиянкестер толып жүр. Тіпті, еркін тамақ ішу мүмкін емес. Ондағы дәрігерлер, мейірбекелер келген науқаспен дұрыс сөйлесе алмайды. Аптасына екі-үш рет қабылдайтын күнтізбе жасап алған. Мысалы, адамның жүрегі ауыратын болса бізде оған таңдау бар. Бір жер ұнамаса, екінші жерге барып көріне алады. Ал обыр дертіне шалдыққандардың басқа барар жері жоқ. Сондықтан, олар осы жерде амалсыз таңылып отырады. Таңғы 9-да орталыққа келген науқас түс қайта әрең дегенде, жатын орынға қол жеткізеді. Неге бізде тіркелу парағының өзі сағаттап толтырылып, анализдерін алуға сонша ұзақ уақыт кетеді? Олар онсыз да жолдан шаршап, арып-ашып келеді. Араларында ауруы асқынып тұрғандары да болады», деді «Зер-Күміс» ЖШС директоры Заида Арынбаева.

Мұнан соң Тараз қаласында салынып жатқан 200 орындық облыстық көпсалалы онкологиялық және хирургиялық орталықтың құрылыс барысы талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевтың айтуынша, бұл орталық алдағы маусым айының басында іске қосылады.

«Нысанның құрылысы мердігерлерге байланысты кешікті. Жұмыс кестесі бұзылып отыр. Онда заманауи МРТ аппараты орналасқан. Оны іске қосатын мердігерлер Түркиядан келеді. Олар ораза айына байланысты, осы айдың ішінде келетін болып келісті, – деді Ерік Тіллабекұлы.

Онколог мамандар аймақ бойынша 30-ға жетпесе, оның ішінде зейнет жасына жетіп, тек келісімшарт негізінде жұмыс істеп отырғандары бар. Қанша ай бойы бір ғана МРТ аппараты үшін қолдануға берілмей отырған орталықтың жайы айтпаса да түсінікті. Облыс ғана емес, еліміз бойынша заманауи аппараттың тілін табатын бірде-бір маман жоқ деген сөз.

Осыған дейін аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов мердігерлерді құрылыс жұмыстарының мерзімін сақтамағанын сынға алып, бұл мәселені жедел шешуге қатысты міндеттер жүктеген болатын. Алайда, жылдан жылға, айдан-айға созылып отырған мәселенің нүктесі қойылатын күн тумай тұр.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support