- Advertisement -

Нәзік тағдырдың тауы шағылмаса екен

96

- Advertisement -

Қазақ қызды «қонақ» деп қанша құрметтеп, аялай білсе, соншалықты тыйым да сала білген. «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген нақыл сөз осыдан шыққан. Оң босағада отырған қарлығашын өз ұясына ұшырғанша ата-ана, туған-туыстарынан бөлек, есіктегі қара күң де ақыл айтып, жөнге салуға құқы бар деп түсінген. Келін болып түскен босағасының табалдырығын оң аяғымен адал аттаған қыз баланы қазақ қашан да құрмет тұтқан. Осы жерден «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» деп түйіндеген.

Күні кеше мектеп жасындағы қыз баланың көлікте босанып, анасының шақалақты терезеден лақтырып жібергені, дүйім жұрттың жағасын ұстатқаны есімізде. Қыздың әке-шешесінің мал бағып, ауылдан жырақта жүргені, қарашаңырақта еркесінің еркіндіктің дәмімен от басқаны мәлім болды. Бұл әлеуметтік желіде тарап, әйгілі болған жағдай. Ал, қаншама қаракөз аяғы ауырлағанын жақындарынан жасырып, түсік жасатып жүр. Құрсағына біткен тұңғышын алдырып тастағандар кейде бедеу болып қалатыны жасырын емес. Содан кейін өксіген тағдырының жауабын кімнен сұрарын білмей, дүниеден баз кешіп өтетіні де рас.

Статистикаға сүйенсек, Таразда 4 ай ішінде 12-14 жас аралығындағы 75 мектептің оқушысы үйінен қашып кетсе, облыста 16 жасқа толмағандар арасында жыныстық қатынасқа түсу фактісі 150 пайызға көбейіпті. Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаевтың айтуынша, үйінен қашқан жеткіншектердің 44-і қыз бала болса, 31-і ұл. Жалпы, қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебінде 161 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр. Міне, ойнақтап жүріп от басқан тағдырдың бастауы осы үйден қашудан басталатыны анық.

«Бекітілген халық тіркелімі» порталы бойынша анықталған мәліметке сүйенер болсақ, облыста кәмелетке толмаған 60 611 жасөспірім бар, соның ішінде 713 қыз бала екен. Былтыр кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында жүктіліктің 249 жағдайы тіркелген. Мұның ішінде 165-і аудандарда орын алған.

Осы орайда, гинекология бөліміне қайырылған 15-16 жастағы бірнеше қаршадай қызбен тілдескен едік. Тұншыға жылаған олардың көз жасынан өзек өртенді. Бәрінің айтары бар. Ақталғысы келеді. Күйінеді, күңіренеді. Бірақ кеш… Көбісінің арғы жағында екіге бөлінген ерлі-зайыптының, яғни, әке-шешесінің тәрбиеден кеткен қателігі тұр. Өгей әке мен өгей ананың қаталдығына шыдамай, бірі көше безіп кеткенін жасырмаса, енді бірінің ата-анасы ажырасып, әкесі өмірден озған.

Қазіргі таңда жыныстық сауаттылықты арттыру мақсатында облыс орталықтарында, қалалық емханаларда сенім телефондары мен отбасын жоспарлау бөлмелері жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар студенттер мен мектеп оқушыларына қызмет көрсетеді. Мұнда заңгерлер, акушер-гинеколог, уролог, дерматовенеролог және психологтар жасақталып, жауапты мамандар бекітілген. Жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, зиянды әдеттердің алдын алып, гигиена, ерте жыныстық қатынас, ерте түсік жасату, ерте жастағы жүктіліктің алдын алу және басқа да инфекциялық аурулардың профилактикасы бойынша білім деңгейін жетілдіру мақсатында жұмыс жүргізіледі.

– Өкінішке қарай, ерте жаста жасөспірімнің жасына байланысты көптеген асқынуларының салдарынан, жетілмегендігінен қаңқа сүйектерінің құрылымы мен беріктігінің бұзылуы, ерте кезеңдегі токсикоз, ұрық дене салмағының төмен өсуі, қоректік заттардың жетіспеушілігі, мерзімінен бұрын босану деген қиындықтар кездеседі. Жас аналар көбінесе салмағы 500 грамнан 2,4 килограмға дейін және ілеспе патологиялары бар шала туылған нәрестелерді өмірге әкеледі. Оның үстіне босану кезіндегі әлсіздіктер – бұл дамымаған, тар жамбастың әсерінен орын алады. Босанғаннан кейінгі ерте немесе кеш кезеңде пайда болатын жатырдан қан кетуі де осының салдары. Ерте жүктіліктің қауіптілігінен бала денсаулығына да, анаға да зиян тиеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының босандыру және бала күту жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Айжан Терлікбаева.

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы,

Қиын-ау, қиын, тым қиын.

He болар екен тағдыры?!

Үйіріліп соқса бір құйын, – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, қыздарды үйіріліп соққан құйыннан сақтаудың жолы қайсы, жөні қане?! Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген нәзік тағдырдың тас-талқаны шығып, тауы шағылмас үшін не істеу керек?! Қиын…

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support