- Advertisement -

Ұлттық бұйымдарды ұлықтаған Ерсұлтан

163

- Advertisement -

Техника дамып, жастардың көбі батысқа еліктеп, ұлттық болмысымыз жиі ескеріле бермейтін қазіргі кезеңде қазақы нақышпен ат әбзелдерін жасап жүрген жас азаматты көріп қуандық. Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылынан кездестірген Ерсұлтан Айғара ою-өрнектермен әспеттелген ат әбзелдерін және көкпаршыға қажетті құралдарды жасап, тіпті ат үстінде емін-еркін шабуға ыңғайлы киімдерді тігумен айналысып жүр. Бүгінде өз үйінің ауласынан ашқан шағын цехта түрлі ұлттық бұйымдар шығаруда. Отбасымен бірге айналысатын бұл ісі Ерсұлтанға ісмер нағашысынан дарыпты.

– Қазіргі уақытта ер-тоқымның түрлерін жасап жатырмыз. Көкпар тартқанда адамның қауіпсіздігі үшін, яғни, басты соққыдан қорғайтын құлақшынды қалың бас киім, аяғын жарақаттап алмау үшін тізеге киетін арнайы қорғаныш тігеміз. Оны қалың етіп, киізден тігіп, сыртын мақпал матамен қаптаймыз. Сол матаны түрлі оюлармен өрнектейміз. Білесіздер, көкпар нағыз күрескер ойын. Сондықтан көкпарда тек адамның ғана емес, шабатын тұлпардың да қауіпсіздігі ескерілуі керек. Мысалы, кез келген аттың жабуы болады. Ал, көкпарға шабатын тұлпарлардың жабуын қалың етіп тігеміз. Ол бір жағынан қауіпсіздігін сақтаса, екіншіден, күннің суық кездерінде де қолайлы, – дейді Ерсұлтан Қазығалиұлы.

Ерсұлтан өзі тұлпар баптап, көкпар шабады. Айнымас серігіне айналған тұлпарының аты – Арғымақ. Оның алдында Көкдауыл есімді сәйгүлігі болған. Жылқының жайын жақсы білетін Ерсұлтан бір атты көкпарға да, бәйгеге де қоса беруге болмайды дейді. Көкпар қаншалықты қауіпті болса да өзіне қызықтыра тартып тұратын тартысты ойын деп білетін жас қолөнерші жігіттің шеберханасында ер азаматтарға арналған ұзын қонышты қалың етік те тігіледі.

– Қой терісінен шаруашылыққа киюге арналған етік тігеміз. Бұл таза қойдың терісінен, былғарыдан жасалғандықтан әрі жылы, әрі төзімді. Әлгінде айтқанымдай, көкпаршыға арналған етік те жасаймыз. Шүкір, сұраныс өте жақсы. Біздің өңір негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан, көптеген шаруа кісілер қысқы етікке тапсырыс берсе, көкпарға шабатындар сәйгүлігімен қоса өзіне де қажетті бұйымдарды бізден алады. Өнімге қолданатын шикізаттардың шығынын және еңбекақымызды толық ақтайды. Шеберхана да өз үйіміздің ауласында, шағын ғана бөлмеде орналасқан, – деп бізге жұмыс барысын таныстырған Ерсұлтаннан мұнда тек ертоқым жасап, етік тігумен шектелмейтінін байқадық. Әкесі қамшы өреді, анасы аттың жабуына, ертоқымдарға өрнек ойып тігеді. Ал ағасы Ерік күміс әшекейлеріне ою-өрнектерді қолмен ойып салып шығады екен.

– Қамшы ертеден-ақ қазақ халқының тұрмыстық бұйымы болып саналады. Мал шаруашылығында қой қайырып, жылқы айдаған қамшыны жауына қарсы қару ретінде де пайдаланды. Осындай атқаратын қызметтеріне және жасалу үлгісіне қарай қамшы бірнеше түрге бөлінеді. Бұл туралы бізге атам көзі тірісінде айтып кетіп еді. Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, көргені көп кісі болатын. Білгенін бізге үйретіп, айтып отыратын. Ал, нағашы атам қолөнер шебері болған. Осындай ертоқым, ою-өрнекті ұлттық киімдер, көкпаршының қорғаныш киімдерін жасауды сол кісіден үйрендік, – дейді жас өнерпаз.

Ұлттық бұйымдарды жаңа заманның жаңалығымен жандандырып, соны кәсіп етіп, табыс тауып отырған жас азаматтың ісіне біз де тәнті болдық. Біз барғанда Ерсұлтан тағы бір көкпарға дайындалып жатыр екен.

– Мен көбіне көкпарға асау ерді қолданамын. Асау ер шығарған адамның есімімен аталған, өзіміздің Қаратаудан шыққан. Ертоқымды адам өзінің ыңғайына қарай таңдайды. Кей кісілер Құран ерді, енді біреу науқан ерді қолданады. Байқауымша, қазір көп кісілер көлікті қойып, атқа көшіп жатыр. Сондықтан болар, біздің де өніміміз өтімді, сұраныс жоғары. Соған қарай отбасылық кәсібіміз де жайлап дамып келеді, – дейді ісмерлігі мен көкпаршылығы бір бөлек Ерсұлтан Айғара.

Өз халқының құндылықтарын дәріптеп, оны басқаларға да насихаттап жүрген жас азаматтың кәсібі кеңейіп келе жатқаны қуантады. Замана келбеті қаншалықты жаңаланып өзгерсе де, өз ұлтының ұстанымдарын, тұрмыстық салтын қадірлейтін осындай жастар барда халықтың ертеден қалыптасқан дәстүрі жоғалмайтыны анық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support