- Advertisement -

Қолөнер шеберлерінің көрмесі

440

- Advertisement -

Сарыкемер ауылындағы әл- Фараби атындағы мәдениет үйінде «Шебердің қолы ортақ» атты аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.

Іс-шараны аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова ашты.

– Байзақ жері ақын-жырау, күйші-әншілерге ғана емес, темірден түйін түйген ұста, зергер, ісмерлерге де бай. Солардың ізін жалғаушы дарынды қолөнершілер ауданымызда бүгін де аз емес.

Ауданымызда «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау – қолөнер саласына өмірін арнаған жандар мен осы салаға қызығатындар үшін ең керемет мүмкіндік.

«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, бүгінгі байқау қолөнершілердің өнімдеріне деген сұраныстың артып, қатысушылардың өнімдерінің халыққа танылуына жол ашады деп сенемін, – дей келе Салтанат Бәйтеліқызы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұлттық қолөнерді дамыту, шеберлерге қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау, мәдени мұраны жаңғырту, шығармашылық және бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту, өнімдерін насихаттау мақсатында өткен көрмеде ауыл, ауылдық округ, білім беру мекемелері, қосымша білім беру орталықтары, балабақша ұжымдары өз бұйымдарын көрсетті. Оның ішінде ағаштан, киізден, фетрден, тоқымадан, бисерден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы киімдер, ат әбзелдері, табиғи теріден жасалған өнімдер, тоқыма өнімдері, тігіншілік, сурет салу өнері көпшілік назарына ұсынылды. Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнара Давлетбаеваның жетекшілігімен «Ұлттық киімдер топтамасынан» сән үлгісін көрсетіп, көрменің көрігін аша түсті. Қаз-қатар тізіліп қойылған барлық бұйымдарды аралап, таныс болған қазылар алқасы ең үздік қолөнершілерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша қазақтың ұлттық киімдерін насихаттаған шебер Рахила Абдрашидова бас жүлдені қанжығасына байласа, Бурыл ауылынан келген Тұрсынай Дәкенова ат әбзелдері бұйымдарын көрсетіп, бірінші орыннан көрінді. Ұлттық киімдер топтамасымен таныстырған Гүлдана Қалманбетова екінші орынды иеленсе, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы атынан қатысқан қолөнершілер үшінші орынға қол жеткізді. С.Абланов атындағы орта мектеп ынталандыру жүлдесіне ие болды.

Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов жүлделі орынды иеленген қатысушыларды диплом мен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.

 

Арайлым ҚАСҚЫРБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support