- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

162

- Advertisement -

Бельгия мен Люксембург қазақтары бас қосты

Бельгия мен Люксембург қазақтары Брюссельде бас қосты. Мұндағы жұрт ара-тұра кездесіп, арқа-жарқа болып жатады. Студенттер де, жергілікті қазақтар да, дипломаттар да осында бас қосатын дәстүр бар.

«Елшіліктегі мерекелік кездесуге Бельгияда оқып, жұмыс істейтін жүзден астам қазақстандық пен қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. «Бүгінгі таңда көптеген қазақстандық ірі халықаралық ұйымдар мен бельгиялық компанияларда табысты жұмыс істеп жатыр және осы елде білім алып жатқан қазақстандық студенттер еліміздің дамуына үлес қосады», – дейді Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан.

Ораза айтта ұйымдастырылған кездесуге келген қонақтар мерекелік дастарқаннан дәм татып, түрлі байқауларға қатысып, ән шырқап, мәре-сәре болды. Жаңбырлы ауа райына қарамастан диаспора өкілдері мен дипломаттар жылы, жайбарақат атмосферада пікір алмасып, болашақ жоспарларын талқылады. Жастар қол күрес пен арқан тарту секілді спорттық жарыстарға қатысты.

Испанияда ауыз суға шектеу енгізілмек

Еуропадағы климаттық өзгерістер су тапшылығын тудырып отыр. Құрлықты құрғақшылық жайлап, аптап ыстық су қорын айтарлықтай азайтқан. Осы тұрғыда Испания үкіметі тіршілік нәріне қатысты қатаң шектеулерді енгізуге мәжбүр.

Көктемгі 400-тық ыстық Испания үкіметін әбден әбігерге салды. Алдағы мамыр айында жауын-шашын аз түссе, елдің солтүстігіндегі Каталония аймағында құрғақшылық болып, төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Сондықтан, үкімет ауыз суға қатысты жаңа шектеулерді енгізбек. Атап айтқанда, тұрмыс пен коммерциялық мақсатта суды тұтыну қатаң бақыланатын болады және су беру қысымы төмендетіледі. Бүгінде бір тұрғын тәулігіне 317 литр су тұтынады екен, жаңа шектеулерге сәйкес, тұтыну көрсеткіші 180 литрге дейін қысқармақ. Жергілікті билік суды барынша үнемдеуге үндейді. Үнемдеу қарапайым тұрғындармен қоса, бизнестен де қатты талап етілмек.

Түркияда жаңа үйлердің кілті табыс етілді

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданының Белпынар ауылында, Кахраманмараш провинциясының Местхююк және Түркоғлы Өзбек ауылдарында жеке үйлердің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты.

«6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінен 15 күн өткен соң жаңа үйлердің іргетасы қаланды. Апат аймағында барлығы 507 мың пәтер мен 143 мың жеке үй салынады. Олардың 319 мыңы биыл тапсырылады. 60 мыңға жуық пәтердің іргетасы қаланды. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Біздің міндетіміз жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды мүмкіндігінше тезірек жаңа заманауи үйлерге көшіру», – деген президент апат аймағындағы барлық қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылып жатқанын атап өтті.

Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Олардың бірі фермерлерді пайызсыз несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы Газиантепте жоспарланған 50 мың пәтерге қосымша тағы 50 мың пәтер салынатынын, жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға барлық бағытта қолдау көрсетілетінін айтты.

Мексика президент ұшағын Тәжікстанға сатты

Мексика президенті Лопес Обрадор 4,5 жыл бойы сата алмаған президенттік «Boeing 787» джетін сатқанын мәлімдеді. Мексика басшысының айтуынша, президенттік ұшақ Тәжікстан үкіметіне шамамен 92 миллион долларға сатылған. Бұл туралы National Post жазды.

Дерекке сүйенсек, ұшаққа 2012 жылы Мексиканың бұрынғы президенті Фелипе Кальдероне тапсырыс берген. «Boeing 787 Dreamliner» елге тек 2016 жылы келеді. Ол кезде билік басына Андрес Мануэль Лопес Обрадор отырды. Осылайша жаңа президент ұшақты пайдаланбайтынын мәлімдеп, сатуға шығарды. Аскетизмді ұстанатын ел президенті әдетте коммерциялық рейстермен ұшады. «Мен Мексика халқына президент ұшағын Тәжікстан сатып алатынын хабарлаймын. Қазіргі уақытта 1 658 684 400 песо аударылды. Ақша екі аурухананың құрылысына жұмсалады», – деді Мексика президенті.

Экспортқа тыйым салу талқылануда

АҚШ пен Украинаның одақтастары Ресейге экспорттың көп бөлігіне тікелей тыйым салуды талқылап жатыр. BBC Russian ақпараттық агенттігінің жазуынша, «Үлкен жетілік» бұл шешімді мақұлдаған жағдайда, Еуроодаққа мүше мемлекеттер де осындай тыйым салу шараларын енгізеді деп болжануда.

«Ресейлік агрессияны тезірек тоқтату үшін маңызды нәрсе – G7 Ресейге қарсы қатаң санкциялар мен Украинаға берік қолдау көрсету мәселесінде біртұтастықты сақтайды», – деді Жапония министрлер кабинетінің Бас хатшысы Хирокадзу Мацуно.

Егер мұндай шешім қабылданса, ол дәрі-дәрмек немесе азық-түлік сияқты рұқсат етілген тауарлардың шектеулі тізімін қоспағанда, Ресейге қарсы қолданыстағы санкциялар режимін толығымен өзгерте алады.

Халық санын реттемеуге шақырды

Біріккен Ұлттар ұйымы әлем елдерін халық санын реттеуден бас тартуға шақырды. Себебі, дүниежүзінде көптеген мемлекет бала тууды бақылайды.

Мысалы, дүниежүзінің 70-ке жуық елінде әйелдердің 44 пайызы бала көтеру мәселесін еркін жоспарлай алмайды екен. Ал жер шарындағы халықтың үштен екісі бала туу көрсеткіші төмен елдерде өмір сүретін көрінеді. Сарапшылар соңғы 70 жылда бала туу едәуір азайып кеткенін айтады. 1950 жылы әр әйелге 5 баладан келсе, қазір 2 баладан келеді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support