- Advertisement -

Жаңа күн, жақсы үміт!

195

- Advertisement -

Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі облыс аудандарында да ерекше леппен бастау алды. Бұл күні жұртшылық концерттік бағдарламаларды тамашалап, арқан тартыс, гір көтеру, қошқар көтеру, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындардан өзара кім мықтыны анықтады.

Шаттық пен қуанышқа кенелтетін ұлы күнде Наурыз көже таратылып, көпшілік өзге де ұлттық тағамдардан дәм татты. Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылында өткен Наурыз мерекесіне ауылдық әкімдіктің қызметкерлерімен қатар жалынды жастар да өз үлесін қосқан.

Мәселен, 1989-1990 жылы туған ауыл азаматтары бірлік пен берекенің, тоқшылық пен молшылықтың бастауы саналатын ұлық мерекенің кең көлемде өтуіне демеушілік жасаған.

Бұл күні ауылдық клуб қызметкерлері 1500 тұрғынға Наурыз көже әзірлеп, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Қастерлі мерекеде сөз алған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тай төбеліндей ауыл жаңа жылды ерекше тойлап отырғанын айтып, ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, іс-шара барысында жастар арасында гір көтеру, футбол, волейбол, арқан тарту, шахмат ойындарынан сайыстар өтті. Наурыз тойын ауданға қарасты Қаратөбе ауылының тұрғындары да ерекше атап өтті. Ауылдық округтің әкімі Ғамзат Сағымбековтің айтуынша, тамырын тереңнен тартқан осынау мерекеге орай қол күрес, гір тасы мен қошқар көтеру секілді спорттық іс-шараларға лайықты жүлделер ұйымдастырылған.

Осылайша, ежелден халқымыздың берекесі мен бірлігіне, бір-біріне деген риясыз тазалығына, татулығы мен ынтымақ-ықыласына арқау болып, шаттық пен қуанышқа кенелтетін ұлы күнде концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жамбыл ауданы

Ізгіліктің бастауы – қайырымдылық

Жуалылықтар Наурыз мейрамын қайырымдылық жасаудан бастады. Мереке күні таңертең аудан әкімі мен аппарат қызметкерлерінің демеушілігімен бір жылқы сойылды. Бір қап ұн, бір қап шекер, сұйық май және 15 килограмм еттен аудан орталығы мен ауылдық округтердегі жалпы 24 аз қамтылған отбасына таратылды.

Әуелі аудан әкімі Жалғас Мұртаза мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаудың сауапты іс екенін айта келіп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Жалпы, Б.Момышұлы атындағы саябақта өткен мерекелік іс-шараны тамашалауға келген халықтың қарасы көп болды. Саябақ іші алаң-алаңға бөлініп, әр алаңда бір мезетте бірнеше іс-шара қатар өтіп жатты. Мәселен, кіреберістегі «Жасөспірімдер» алаңында балалар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, тағы да басқа ойындар ойнаса, әрі қарай шығармашылық орталықтардың мұғалімдері мен шәкірттерінің қолдан жасаған қолөнер және сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмені тамашалаған жұртшылықты әсіресе, Бәйтерек ауылындағы өнер мектебінің мұғалімі Сұңқар Махамеджанов есімді шебердің ағаштан ойып жасаған бұйымдары ерекше қызықтырды.

Ал, балалар мен жеткіншектер ойын алаңында робототехникадан көрме, қазақ ертегілерінен фотоаймақ ұйымдастырылды. Алаңда мектеп оқушылары робототехникадан құрастырған түрлі туындыларын таныстырды.

Көрмені тамашалауға келген халық жастардың жаңашыл дүниелеріне де ерекше қызығушылық танытты.

 

Жуалы ауданы

Тоғыз күн тойлады

Күн мен түн теңеліп, Жер-Ана бусанып, тіршілік қайта түлейтін, соған сай адамдардың да көңілі шадыман шаттыққа бөленетін тамаша мереке – Ұлыстың ұлы күні Сарысу ауданының орталығында сән- салтанатымен атап өтілді.

Жалпы, Сарысу ауданының халқы қазақтың басты мерекесін биыл наурыздың 14- інен бастап 23-і аралығында атап өтті.

Мереке аясында мәдени-көпшілік іс- шаралар, спорттық сайыстар, соның ішінде ұлттық ойындардан жарыстар көптеп ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған орынбасарлары мен мекеме басшылары тал-дарақ отырғызып, орталық алаңға жиналған көппен бірге қуанышты бөлісті.

Ақ кимешек киініп, ақ тілегін ағытып, наурыз көже, ірімшік, жент, құрт, майын тосқан әжелеріміз Наурыз нақыштарын анық аңғартты. Бұл күні ұлттық ойындар мен салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлінді. Осылайша, Жаңатастық ағайын біразға дейін айтып жүрер қуанышқа куә боп тарасты. Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі барлық ауылдық аймақтарға жалғасты.

Бүгін тоқшылық пен береке- бірліктің мерекесі – Наурыз мейрамы Саудакент ауылында жалғасын тапты. Саудакент ауылының кіре берісінен ұлттық киімдегі атқа мінген азаматтар шеру жасап, орталыққа барды.

Ұлық мерекемізге арналған іс- шарада ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптеліп, халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінен театрландырылған көріністер қойылып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.

 

Сарысу ауданы

Ынтымақ пен бірліктің мерекесі

Табиғатты түлетіп, түрлендіріп алты ай бойы ұйқыда жатқан Жер- Ананы бусантып жеткен Ұлыстың ұлы күні Мойынқұм ауданының орталығы думанға толып, барша жұрт шат-шадыман күй кешті.

Әз Наурыз мерекесіне орай өткен Абылайхан алаңындағы мерекелік іс-шара мойынқұмдықтар мен қонақтарға тамаша әсер қалдырды.

Ұлттық киім киген ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер мен балалар нұрлы Наурыздың айшықтары көрініс тапқан алаңға қарай ағылды. Қай тұсқа бас бұрып қарасаңыз жылы жүзбен, ыстық ықыласпен құшақ жая, қол алыса амандасып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Құтты, берекелі жыл болғай!» деп ақ тілектің тиегін ағытқан дос-жарандар мен туған-туыстарды көруге болады.
Көңілді көктем мерекесінде ұлттық дәмге толы кең дастарқан жайылып, қазан көтерілді.

Аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелер жыл басын тойлауға келген жұртшылыққа жеті түрлі дәмнен дайындалған наурыз көже мен палау ұсынды. Мерекеге арнап үш қазақ үй тігіліп, олар «Бірлік», «Ырыс», «Ынтымақ» деп аталды.

Орталық алаңның сахнасы Наурыз мерекесіне сай ұлттық нақышта безендірілген. Сахна төріндегі LED экраннан мәденикөпшілік іс- шараның тақырыбы және түрлі мерекелік видеороликтер көрсетіліп тұрды. Алдымен театрландырылған көрініс қойылып, көпшілікті тәнті еткен концерттік бағдарламаны мойынқұмдықтар ынта қойып тамашалады.

Қойылым барысында көрермендер қазақтың ұлан-ғайыр даласының мамыражай, жайма-шуақ тіршілігіне көз жүгірте отырып, бүгінгі еліміздің берекелі өмірінен де хабардар болды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары құшақтасып, көрісу, жаңа тілек тілеу, саумалық айту, шашу шашу, Қыдыр атаның бата беруі көріністерін шынайы орындап, мерекеге жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Ұлы Наурыз мерекесімен жергілікті тұрғындарды құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Әлихан Балқыбеков әз-Наурыз меркесімен құттықтап ізгі тілегін білдірді.

Наурыз мерекесін тойлау барысында аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Мойынқұм ауданы

Сән-салтанаты келіскен мейрам

Т.Рысқұлов ауданында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Негізгі іс-мерекелік шаралар орталық алаңда ұйымдастырылып, аудандағы өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Орталық алаңда тігілген киіз үйлерде жұртшылық ұлттық тағамнан дәм татты. Жиналған қауымды және барша аудан тұрғындарын аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен бастау алған мерекелік іс-шарада театр актерларын жыл басы туралы қойылым сахналанса,әнші,бишілердіңдеөнері жиналғандардың көңілін көтерді.

Мерекеге орай 10-нан аса киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Барлығы да таңертеңнен тұрғындарды қабылдап, ұлттық тағам түрлері мен наурыз көжелер үлестірді. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік думанды көруге келгендердің қатары көп болды. Орталық алаңдағы ұлттық салт-дәстүр, ойын түрлеріне белсене қатысты.

Мәселен, қой көтеру, қазақ күресі көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Жұртшылық бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі мерекелік іс-шара аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Наурыз мейрамы – ауданның барлық ауылдық округтерінде өз жалғасын табатын болады.

Т.Рысқұлов ауданы

Төрлет төрге, әз Наурыз!

Ұлы дала төсінде жылдар бойы тойланып келе жатқан мереке биыл Қордайда бұрын-соңды болмаған сән-салтанатымен атап өтілді. Бұл күні аудан әкімінің бастамасымен Жібек жолы – Төле би көшесінің қиылысынан Домалақ ана көшесінің қиылысына дейін жиырмадан астам киіз үйді оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері, бөлімдер мен кәсіпорындардың ұжымдары орнатқан. Әр үйдің ұлттық болмысымызды айшықтайтын жабдықтармен, әшекейлермен безендірілуіне, ұлттық тағамдардың мол болуына ерекше мән берілген.

Орталық алаңда ұлттық әуендер шырқалып, қонақтарды аудандағы этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-бимен қарсы алды. Шығыстың жыл басын қарсы алуға жүздеген адам жиналды.

Жаңару мен жаңғырудың құтты бастауы болған Наурыз мерекесін бауырсақ, наурыз көже, қазы-қарта және басқа да дәмді тағамдарсыз елестету мүмкін емес. Көпшілік серуеніне келген қордайлықтар қазақтың осы астарымен қатар, түрлі ұлттың тағамдарынан дәм татып көруге мүмкіндік алды.

Ұлттық киім киген жылыжүзді бойжеткендер дастарқанның сәнін келтіріп, халқымызға тән қонақжайлылықпен есік алдына келген меймандарды шақырып тұрды.

Ал аудан өнерпаздарының дайындаған «Төрлет, төрлет, Наурыз!» атты театрландырылған қойылымы жарқын әрі есте қаларлықтай болды.

Дәстүр бойынша Қыдыр ата жыл бойына береке мен молшылық тілеп, ақ батасын берді.

Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков қордайлықтарды әз Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

 

Қордай ауданы

Атшабардағы аламан дода

Ел тарихында ежелден келе жатқан Ұлыстың ұлы күнін атап өту ұлтымыздың ұлттық ерекшелігін дәріптеп, санамызды рухани құндылықтармен байытып, рухымызды асқақтата түсетіні анық. Көктемнің жайма-шуақ күндерімен тұспа-тұс келетін бұл мерекені жалпы ел көлемінде атап өтіп, бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін өз үлестерін қосып, ұлттық мейрамның лайықты деңгейде өтуіне ұйытқы болады.

Дәл осы дәстүр биыл да жалғасын тауып, ауданымызда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті.

Шу қаласы мен аудан орталығында өткен Наурыз мерекесінде салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз насихатталып, аудан өнерпаздары тұрғындарға арналған концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Аталған іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы қатысып, аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

Аудан басшысы Төле би ауылының орталық саябағындағы шеберлер қалашығын, ұлттық қолөнер бұйымдарын, этномәдени бірлестіктердің көрмесін, спорттық іс-шараларды тамашалап, наурыз көжеден дәм татты. Сонымен бірге қазақы дәстүрге сай кішкентай бүлдіршіндеріміздің тұсауын кесіп, ақсақалдарымыздың ақ батасына қол жайды.

Бұдан әрі Наурыз мерекесі Шу қаласындағы атшабарда жалғасын тауып, ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылды.

Шу ауданы

Ұйымшыл ауылдағы ұлыс тойы

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аудан бойынша кең көлемде тойланды. Ауыл-ауылдарда, тіпті жекелеген көшелердің тұрғындары да аталған мерекені ауызбіршілікпен атап өтті.

Бұл күні Жеміс-жидек ауылындағы Гагарин көшесінің тұрғындары көршілер болып ұйымдасып, көшенің үлкен-кішісі барлығы ақ дастарқан басында бас қосты. Ақсақалдардың ақыл қосуымен, жастар жағының ұйымдасуымен өткен мерекеде жасы үлкендер мерейлі мерекенің қадір- қасиетін ұлықтап, наурыз көжеден дәм татты.

Көшенің жасы үлкен ақсақалы Қарашай Оңғарбаев Наурыз – жаңа жыл басы екенін атап өтіп, осындай ізгі дәстүрдің жыл сайын жалғасын табуға ниет білдіріп, аталық ақ батасын берді.

Тұрғындарды Наурыз мерекесімен арнайы құттықтай барған ауыл әкімі Ербол Байболсынов көше тұрғындарының ауызбіршілігіне ризашылығын білдіріп, бұл ынтымақ пен бірліктің үлгісі, өзгелерге өнеге боларлықтай игі іс екенін айтты. Аталған көшеде 28 үй бар болса, соның барлығы жыл сайын Наурыз мерекесін бірге атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Ауыл ақсақалдары «Ақылымызды алып, ұйымшылдық танытып, осылай мереке жасап жатқан жастарға алғысымыз шексіз», дейді. Әсіресе, көшенің келіндері ұйымдастыру ісінде белсенділік танытқан.

Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында дастарқанға бар тәттіні пісіріп қойып, кішігірім мерекелік бағдарламаны ұйымдастырған да осы ақ жаулықты жас аналар екен.

Дәмнен ауыз тиіп арқа-жарқа болған ағайын, тамаша биімен тәнті еткен бүлдіршіндер, будақтап қайнап жатқан дәмге толы қара қазан, бәрі-бәрі де сырттай қарасаң көзге ыстық. Береке мен бірлікке бастайтын Наурыз деген мерекенің ұлықтығы осы да…

 

Меркі ауданы

Дайындаған Гүлжан РАХМАН,

Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support