- Advertisement -

Ойын алаңын тарту етті

112

- Advertisement -

«Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай балаларға сый жалғасуда. Наурыз мейрамы қарсаңында облыс орталығында орналасқан «Үміт» мамандандырылған сәбилер үйінің аумағында балалар ойын алаңы ашылды.

Көлемі 300 шаршы метр түрлі түсті көңілді алаңда 13 ойын құралы орнатылған. Мұнда сан алуан дене шынықтыру сабақтарын, спорттық және шығармашылық сайыстар өткізу қарастырылған.

Тараз қаласындағы «Балаларға күлкі сыйла!» жобасына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы 24 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау жасалды.

«Жобаның әлеуметтік маңыздылығы сонда, балалар үйінде тәрбиеленушілер қоғам қамқорлығы мен назарын сезіп, отансүйгіш әрі саламатты өмір салтын ұстанған жас ұрпақ болып өседі. Осылайша, оң өзгерістер орын алып, бірлескен еңбектің жемісін көреміз деп ойлаймын. Келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!» – деді салтанатты ашылу рәсімінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі.

Жоба нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер бақытты балалық шақтың қуанышы мен ересектер мейірімін түйсініп ер жетпек. Тиісінше бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы тәрбиелік жұмыстарға айрықша күш салынады.

«Бүгін, міне, қасиетті Жамбыл жерінде балалар үйіне арналған ойын алаңын ашып отырмыз. Бұл қуанышты жағдай. Себебі халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар. Барша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырған жобаның «Балаларға күлкі сыйла!» аталуы да жанға жылулық сыйлайды. Біз де, Қор құрамындағы жергілікті өндірістік кәсіпорын ретінде, мұндай игі бастамаларға үлес қосып жатқанымызға ризашылық білдіреміз. Баршаңызды бүгінгі игілікті іспен құттықтап, табыс тілеймін», – деді «ХИМ-плюс» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Дәулет Жүніспаев.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау салаларында жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Оның ішінде биыл «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай бірқатар қайырымдылық жобаларының тұсауын кесу жоспарланып отыр.

 

«Aq jol»-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support