- Advertisement -

Агросаланы айрықша дамыту қажет

113

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық: ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік мәселелері» атты семинар өтті. Облыста тұқым шаруашылығын дамыту, отандық тұқымдарды тәжірибеден өткізу, агрохимиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған тәжірибелік семинарға бірқатар ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, тұқым өсіруші серіктестік басшылары мен шаруа қожалығының жетекшілері қатысты.

– Азық-түлік өндірісі өңірімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыру қажет. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана бұл салада алға жылжу болады. Осыған орай бірнеше ғылыми институттармен әріптестік деңгейде бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Облыстық бюджеттің есебінен ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидиялау және нақты қаржыландыру жұмыстарына кірістік, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

«Жер тоймай, ел тоймайды». «Жер жұтаңданса, ел азады». Береке мен тоқшылықтың тұтқасы ауыл шаруашылығының дамуына келіп тіреледі. Шыбық ексең, тал болып көктей қалатын топырақтың құнары – тіршіліктің көзіне айналады.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру аясында астық дақылдарының егістік алқаптары қысқарып, майлы дақылдар мен көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артуда. Осыған орай сөз алған «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасының инновация жөніндегі орынбасары Ғалиолла Мейірман «Жамбыл облысында тұқым шаруашылығын дамыту», «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев «Жамбыл облысының шаруа қожалықтарына арналған картоп, көкөніс-бақша және жеміс-жидек дақылдарының сорттары», «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС топырақ мелиорациясы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Пошанов «Агрохимиялық картограмма дайындау – топырақ құнарын сақтау мен өнімділікті арттырудың басты құралы» тақырыптарында баяндама жасап, жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі жоғары болатынын тілге тиек етті.

– Тыңайтқышсыз жер шарының халқын асырау мүмкін емес. Ауыл шаруашылығындағы әріптестерімнің бұл мәселеге келгенде пікірі сан түрлі. Бірі бірінші орында тұқым десе, енді бірі сортқа байланысты деп жатады. Ал, негізі бірінші орында топырақ тұруы шарт. Топырақ ауру немесе құнары төмен болса, тұрғындардың да дені сау болмағаны. Осы мәселеге қатты көңіл аудару қажет. Топыраққа қажетті мөлшер болмаған жағдайда өнім көтерілмейді. Мың жерден асыл тұқымды өнім отырғызсаңыз да мәні жоғалады. Әрине, басқа да қажеттіліктер кіреді. Алайда, олардың беретін өнімі 20-25 пайыздан аспайды. Ал, топырақтың құнарындағы заттардың беретін өнімі 60 пайызға дейін жетеді. Қазір қолға түскен тыңайтқышты себе салу әдетке айналды. Бұл өкінішті жайт. Бұл тыңайтқышты топырақ қажет етіп тұр ма, соны неге ойланбаймыз? Неге алдын ала тексермейміз? Шаруалар тіпті қандай тыңайтқышты қанша мөлшерде қолдану керектігінен де бейхабар. Мұны түсінетін маман жоқтың қасы. Баяғы 1950-60 жылдардағы нормативпен өлшенген. Ол заманнан бері қаншама уақыт өтті. Қазір жер телімінің құнары өзгеріп кетті. Қазіргі уақытта әркім өзінің жер телімін алдымен зерттеу керек. Топырақтың құнары туралы картаны әр 5 жылда жаңартып, жасап отыру қажет. Онсыз өнім көбеймейді. Толыққанды өсімдікті жетілдіру үшін ең қажетті 16 элемент керек. Оның үшеуі 10-шы топырақтан келсе, үшеуі ауадан алынады, – деді Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты агрохимия бөлімінің меңгерушісі Бақытбек Әміров.

Семинар соңында агросаланы дамытуға қатысты шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, өзара пікір алмасу болды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support