- Advertisement -

Кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге басымдық берілмек

57

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев 2022 жылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау барысында жүргізілген жұмыстар туралы айтып, мекеменің салалық комитеттерінің жұмыстарына тоқталды.

– Өткен жылы облыстың кәсіпкерлер палатасына түскен 214 өтініштің 63-і бизнесті қорғау мәселесі бойынша болса, оның 31-і оң шешімін тапты. Биыл екі айда түскен осындай 31 өтініштің 5-еуі оң шешімін тапса, қалғаны қаралу үстінде. Жалпы, қорғалған мүліктік құқықтар сомасы 1 миллиард 159 миллион теңгені құрады. Мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, инвестициялар және несиелеу, сәулет және құрылыс саласындағы проблемалар жетекші орын алады десек, былтыр сараптамалық қорытынды алуға 148 нормативтік-құқықтық акті жобасы келіп түскен болатын. Оның 84-іне ескертусіз сараптамалық қорытынды берілсе, 21-і ескертулермен және ұсынымдармен пысықтауға жіберілді, ал 43-і бизнес субъектілерінің мүддесіне әсер етпейтіндіктен, олардан бас тартылды, – деді Еркін Садуақасұлы.

Кәсіпкерлер палатасы директорының мәліметінше, қазір мекемеде өңірдің жалпы өңірлік өнімін және жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің санын талдай отырып, өңір экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты жұмыс істейтін 6 салалық комитет құрылған. Әр комитеттің құрамына кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері еніп, төрағасы болып кеңестің белсенді мүшелері сайланды.

Комитеттердің құзыреті шеңберінде бизнес пен саланың проблемалық мәселелері талқыланып, әрбір комитеттің жұмыс жоспары және 2023 жылға арналған отырыстар кестесі бекітілді. Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінен әр комитетке салалық үйлестірушілер бекітілді. Комитеттер қызметі міндеттерінің бірі – салалық қауымдастықтармен және бірлестіктермен тығыз өзара іс-қимыл жасау, оларды салалық комитеттердің жұмысына тарту болып табылады. Облыстық әділет департаментінің мәліметтеріне сәйкес, аймақта әртүрлі бағыттағы 144 қауымдастық тіркелген болса, оның 54-і кәсіпкерлік саласында екен.

Комитеттер бүгінде кәсіпкерлердің, қауымдастықтардың, одақтардың өтініштерімен жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, бизнестің проблемалық мәселелерін шешуге, сондай-ақ, салалық ұсыныстарды қарауға жәрдемдесу үшін палата облыс әкімімен бірлесіп 2023 жылға кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен кездесулердің бірлескен жоспар-кестесіне қол қойылды. Бүгінде облыстың 5 ауданында осындай кездесулер өткізіліп, сәуір айының соңына дейін барлық кездесуді аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының, «Даму» қоры мен еңбек инспекциясының, сондай-ақ, шақырылған кәсіпкерлердің қатысуымен сауда саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыс беруші мен сауда саласындағы қызметкер арасында еңбек шартын жасасу кезіндегі проблемалар талқыланып, комитет жұмысы аясында электрондық сауда бойынша семинар-оқыту өткізілген. Қонақ үй бизнесінің қатысуымен шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу ережелері, туристік объектілерді түгендеу, оларды қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ турдың жай-күйіне талдау жүргізу бойынша ұсыныстар талқыланып, көлік және логистика комитеті облыстың кедендік бақылау басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, облыстық көліктік бақылау инспекциясының, сондай-ақ әкімшілік полициясының, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшыларына автомобиль өткізу пункттеріндегі электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесі туралы түсініктемелер берілді. Бұдан басқа, облыстың автомектептері өндірістік бірлестігінің автомектептерінің жұмысын шектеу туралы проблемалық мәселе қаралды.

– Өнеркәсіп комитетінің жұмысы аясында отандық тауар өндірушілердің проблемалары, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына облыстың өндірушілерінің қатысуы талқыланды. Ірі зәкірлік кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құрудың пилоттық жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар беріліп, зәкірлік кәсіпорындар, жеткізушілер мен кәсіпкерлер палатасы арасында меморандумдар жасасу мәселесі пысықталуда. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің жұмысы шеңберінде заңнамаға енгізілетін жаңалықтар, әлеуметтік-кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне кіру қағидалары талқыланды, «Ерікті негізде кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу қағидалары» жобасы және үшжақты меморандумға қол қою талқыланды. Құрылыс, энергетика және ТҮКШ комитеті құрылыс нарығының жай-күйіне талдау, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік органдардың бақылау функцияларына түгендеу жүргізуде. Жалпы, 2023 жылға арналған жоспарда кәсіпкерлер палатасының жұмысын салалық қауымдастықтармен және бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас жасау және оларды салалық комитеттердің жұмысына тарту, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жергілікті атқарушы орган әзірлейтін бағдарламаларды әзірлеуге қатысу, «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін өткізу шеңберінде өңірде бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар әзірлеу сияқты негізгі бағыттарға шоғырландыру жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, биыл кәсіпкерлердің салалық мәселелерін шешу бойынша жұмыстарға басымдық беріледі, – деді облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support