- Advertisement -

Мейірімді медбике

81

- Advertisement -

Әр салада өз жұмысын бар ықылас-ниетімен атқаратын жауапты мамандар болады. Сол маманның бірі – Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясына қарасты Бақалы медициналық пунктінің медбикесі Зағипа Əмірова. Қашан көрсең сырқаттардың қамын ойлап, ауыл арасында зыр жүгіріп жүргені. Өзі тынымсыз жан, күн демей, түн демей сырқаттардың жанынан табылатынын қайда қоярсың. Осынысымен де ол елге жайлы.

– Биыл осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма отыз жыл болыпты. Əрине, бұл аз уақыт емес. Еңбек жолымды бастаған сəттен жақсы ұстаздар, білікті дəрігерлер мен медбикелердің тəлім-тəрбиесінен өттім. Солардың ішінде білікті дəрігерлер марқұм Сейіткерім Сыдықов, Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясының дəрігерлері Дакира Усманова мен Нұрладин Ермеков, зейнеткер медбике Шынар Сыздықбаеваларды ерекше атағым келеді, – дейді ол.

Мамандық таңдауда жастар үлкендерге, аға-жеңгелеріне еліктейтініндей Зағипа да мектеп қабырғасында жүргенде ауылдағы медициналық пункттің медбикесі Шынар Сыздықбаеваға қызыға қарайды екен. Жеңгесіне еліктеген ол мектеп бітіре салып Қаратау қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Оны 1992 жылы тəмамдаған соң аудандық аурухананың балалар бөлімінде медбике болып еңбек жолын бастайды. Ал 1996 жылдан бастап туған ауылында жұмыс істеп келеді.

«Елдің көңілінен шығу оңай шаруа емес. Бəріне бірдей жаға бермейсің. Дегенмен, сырқатына дауа іздеп келген жандардың ашуын байқамаған болып, дəрігер жазып берген дəрісін егіп бере қоямын. Көңілі жайланғанда, өздері артық кеткенін біліп, кешірім сұрап жатады. Елдің көңілін үндемей табуға тырысамын. Жаны ауырған адам ашушаң келеді ғой. Оларға жылы жымиып қарағанның өзі ем», дейді Зағипа.

Жұмыс барысында талай қиындықтарға кезіксе де, ол бəрін шыдамдылықпен көтере білді. Қарауындағы бір сырқат қартайып немесе кездейсоқ қайтыс болса қабырғасы қайыса жақынының қайғы-қасіретін көтере алмаған туыстарының қасында болып, сабырға келгенше медициналық көмегін көрсетеді. Тосыннан сырқаты сыр бергендерді ауданға бар деп жібере салмай, өзі ілесе барып, ауруханаға орналастырып қайтады. Оның осы қамқорлығын, жанашырлығын көрмеген отбасы ауылда кемде-кем.

«Басымыздан түрлі жағдайлар өтті ғой. Бəрі есте емес. Бірақ ойымда қалғаны, 2005 жылдың ақпан айында жерге екі метр қар түсіп, ауылда екі жастағы бала кенеттен қатты ауырып, соны тез ауданға жеткізу керек болды. Қарап отыратын уақыт жоқ, бала үшін əрбір минут қымбат. Ауданға хабарласып, оның жағдайын жеткіздік. Ол жақтан жол талғамайтын көлік жіберді. Оның өзі көшенің басына да жете алмай, жолда тұрып қалды. Аяғыма рəзіңке етік киіп, көшеге шықтым. Жол жоқ, ауыл азаматтарына айтып едім, күректерін арқалап біраз адам жиналды. Ауылдың кіреберісіне жетіп тоқтаған көлікке жету үшін жол ашып, ауырған баланы жеткіздік. Сол кезде ауыл болып жұмыла əрекет етпегенде, ол баладан айырылып қалуымыз да мүмкін еді. Дер кезінде ота жасалып, аман қалды» дейді ол.

Зағипаның қолы жеңіл, тіпті демалыс күндері де дəрінің арасы үзіліп қалмасын деп екпесін үйлеріне барып салып береді. Осылай ауылдың барша үлкен- кішісіне қамқорлық танытып жүреді. Көшеде кездескен əрбір ауыл тұрғынына жымия қарап, «Ауру-сырқаудан, тұмау-сұмаудан амансыңдар ма? Күтініп жүріңдер, мұздай су ішпеңдер» деп жанашырлықпен ескертіп жүргені. Біреудің түрінен жайсыздықты байқаса, «Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па? Кел, қан қысымыңызды өлшеп берейін, емханаға дəрігерге жіберейін, қаралыңыз. Аурудың алдын алмасаң болмайды» деп бəйек болып жатады. Осы қарапайымдылығымен де ол əріптестері алдында, ауыл тұрғындары алдында сыйлы.

Еңбегі елеусіз емес, аудан басшылығы тарапынан алған марапаттары да аз емес. Бірақ ол «Мəселе марапатта емес, адамгершілікте» деген ұстанымды берік ұстанған.

– Мен осы мамандықты игеріп, халыққа аз да болса өз көмегімді көрсете алғаныма, олардың алғысына бөленіп жүргеніме шүкіршілік етемін. Осы мамандықтың арқасында жақындарыма, бауырларыма қарайласып келемін. Өз басым осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді Зағипа.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support