- Advertisement -

Ару көктемнің алғашқы сәлемі

151

- Advertisement -

«Алтын кірпік, ай қабақ,

Жамалы жарқын айнадан».

Бұл – өңіріміз ардақты атымен аталған Жамбыл бабаның тоқсан жасында қазақ қыздары жайлы жазған маржан жырындағы силуэт. Расында, жыл құстары туған жерге оралуға бет бұрып, көш түзеп, бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан- жануарға ерекше сезім, күш-қуат, қасиет нұры құйылатын наурыз айы басталысымен- ақ, дәл солай адамзат ғұмырын жалғаушы аналарымыз еріксіз еске оралары анық. Табиғаттың өзін анаға телитініміз де содан болар.

Бірің білгір оқушы,

Бірің кілем тоқушы.

Бірің доктор, кейбірің,

Далада алтын колхозшы,

Соны көріп қуанад,

Тоқсанға Жамбыл жеткенде, – деп өрбитін Жамбыл бабаның жоғарыдағы жауһар жыры қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығын, сұлулығы мен тектілігін тереңнен суреттейді. Бұл ретте:

Дәл осы көзім көрген қыздың жайы,

Жігіттің жібек арқан еркетайы.

Күлімдеп қара көзден сәуле түссе,

Секілді жер құлпыртқан көкек айы, – деп тау бұлағындай төгілетін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңін де айтпай кетуге болмас. Хош, енді осы мейірім иелері мерекесінің әлқиссасын әріден бастасақ.

Сонау есте жоқ ескі заманалардағы тарихымыздың түп тамыры түркілердің тас кітаптарында тайға таңба басқандай бедерленген сегіз саны о бастан шексіздіктің белгісі, мәңгіліктің мөрі ретінде бейнеленген. Ол таңбаның пәлсапасы бабалар парасатының, ұлылар ұлағатының көрінісі іспетті. Дәл осы белгімен адамзат әлманахында, тіршілік күнтізбесінде кестеленген 8 наурыз шежірені шексіздікпен жалғаушы ардақты аналардың, аяулы арулардың мерекесі болып саналатыны да сәйкестік емес болуы керек. Сондықтан да бір ананың баласындай ұлтымыз ару көктемнің алғашқы сәлемін жеткізген осы салтанатты сәтті асыға күтетіні анық.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы, – деп талантты ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы ана алдында қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ұлы Дала иесі атанған ұлтымыздың арғы-бергі тарихында еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз аз емес. Шерлі шежіреміздің қай парағын ақтарсақ та тегі асыл аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанық боласың.

Ұмай анадан бастап, Тұмар, Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ене, Ұлпан, Алашқа ұлы Абайды берген Зере әжесі мен анасы Ұлжан, шоқ жұлдыздай Шоқанның әжесі Айғаным, көмейіне бұлбұл ұялаған Ұлбике, қара домбыраның киесі қонған Дина, шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк, желтоқсан көтерілісінің жауқазындары Сәбира мен Ләззат, адал еңбегімен халыққа үлгі болған ардақты анамыз Мәрзия Ибрагимова секілді ақылы асқан аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында сақталды. Себебі, шексіз мейіріммен, адамзатқа тіршілік нұрын төгіп, келешекке ақ сәуле, адал ниет нұсқап өмір сыйлаған асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі ол – Ана.

Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова:

Көрмедім мен осындай қайраткерді,

басқар десе, басқарды аймақты, елді.

Бесігін де тербетіп, үйін де ұстап,

айда десе, комбайн айдап берді.

Қорға десе, Отанды, басын тікті,

атын жазып кітапқа асыл түпті.

Қазақ қызы жасаған ерліктерге

қайран қалды басы асау ғасыр тіпті! – керемет жырға өмір шындығын өзек еткен. Жалпы, отбасы һәм оның жүрегі ананың жайы Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктеп келеді. Еліміздегі «Қазақстан-2050» Стратегиясында да әйел – отбасының, мемлекеттің тірегі ретінде танылған. Ана мен баланы қорғау – әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл- ауқатының артуы отбасыдан басталатын Отанды жан-жақты жетілдіріп, нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау. Мыңдаған марғасқа баһадүр мен жүздеген жаужүрек ақынның, сұлулығына сом тарих пен саф өнердің өзі бас иген Айша бибідей арулардың ізетті ізін жалғап, ұлттың сұлулығына айналып жүрген нәзікжандыларымыз да аз емес. Бірі өнермен, екіншісі еселі еңбегімен, енді бірі кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетіміздің мәуелі баққа айналуына өздерінің өрнекті үлестерін қосып келеді. Халық даналығындағы «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген терең мағыналы, мірдің оғындай ұлағат тегін айтылмаса керек. Қалай дегенмен «Ерлер тарихты жасайды, ал әйелдің өзі тарих».

Аналарға, аруларға арналмаған өнер туындылары да кемде кем. Ақындар мәңгілік жыр арнаса, жазушылар том-том романдар сыйлады. Ғалым да, шахтер де бас иетін анаға ақын Қадір Мырза Әлі:

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді, – деп перзенттік махаббатын поэзия тілінде өрнектесе, Тұманбай Молдағалиев:

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,

Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай.

Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,

Мені сүйеп келе жатқан құлатпай, – деп жүрек сөзін жырдан өреді. Расында, аналар һәм арулар тіршіліктің мәңгілік музасы. Ана деген ұғымның өзі ең үлкен ғылымның бірегейі. Сондықтан, болмысы бекзат, жаны жайсаң, жүрегі шуақ абзал аналардың бақыты мен қуанышы да шексіз болғай. Бейбіт, азат һәм тәуелсіз еліміздің Гимнінің авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің өзі:

Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты, – деп жұмыр тұжырымдайды. Аналарға, аруларға, жалпы қазақ қыздарына мәңгілік жырлар мен дастандар әлі де жазылар. Оның өзіне аналардың һәм қаракөздердің мейірімі себеп. Сондықтан, «Сәулелі алтын айымсың, Бақытым сенсің, барымсың» деп ел аузынан түспей, кешегіні келешекпен жалғап келе жатқан әйелдерсіз әлем де бос қалмақ. Жасай беріңіздер, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, арулар, ұрпақпен бірге мың жасаңыздар, аяулы аналар!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support