- Advertisement -

Егізден үш құрсақ көтерген

44

- Advertisement -

Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлайтын аналардың әр қадамы құрметті, әр ісі қадірлі. Қазіргі таңда бағып-қағып өсірген ұл-қыздарынан қызық көріп отырған батыр аналар аз емес. Солардың бірі – Байзақ ауданы, Көктал ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иесі, кезінде аудандық кеңестің депутаты болған Райгүл Рәпішева.

Біз көпбалалы ана Райгүл Мәуленбайқызының шаңырағына барып, 78 жасқа келген әжені әңгімеге тарттық. Өмірден көргені мен түйгені мол еңбек ардагерінің әңгімесі әсерлі әрі мағыналы.

Аталған ауданның Абай ауылында балалық күндері өткен Райгүл 19 жасында Көктал ауылында тұратын Тұрсынқұл Рәпішев деген азаматқа тұрмысқа шығып, 59 жылдан бері сол шаңырақтың түтінін түтетіп келеді. Бұл күнде бірнеше келіннің ардақты енесіне айналды.

Ерлі-зайыпты Рәпішевтер Көкталдағы құс фабрикасында ұзақ жыл тер төкті. Тұрсынқұл жүргізуші, Райгүл тауық өсіруші болып еңбек етті. Тауық өсіру жұмысы айтуға ғана жеңіл. Мәселен аталған фабрикада 30 цех болса, әр цехта 35-45 мың тауыққа дейін өсірілді. Райгүл өзінің цехында бір слесарьмен бірге 45 мың тауыққа қарап, бағып-қаққан. Рекең басқа цехқа қарағанда тауық санын едәуір өсіріп, жұмыртқа өндіруде де алдыңғы қатарда болған. Сол белсенділігі үшін 1969 жылы Байзақ аудандық кеңесіне депутат болып сайланған. Ал 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Әр жыл сайын аудандық партия комитетінің және аудандық кеңестің «Құрмет грамотасына» да ие болды.

Депутат болған кезінде аталған құс фабрикасының өзекті мәселелерін аудан деңгейінде көтеріп, бірқатар шаруаның оң шешілуіне ықпал етті. Депутат ретіндегі еңбегі де елеусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалі жарқырайды. 2010 жылы «Алтын алқамен» марапатталса, 2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», 2022 жылы «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін кеудесіне тақты.

Жалпы, өмірінде сегіз құрсақ көтерген Райгүл Рәпішева қатарынан үш рет егізден босаныпты. Мәселен, 1966 жылы Гүлжаны, одан кейін екі жыл өткенде Нұрланы өмірге келді. Олардан кейінгі алты перзент те егіз.

Атап айтқанда, 1970 жылы Асан мен Үсен деген егіз ұлдарды өмірге әкелсе, арада екі жыл өткенде Ержан мен Нұржаны шаңырағын шаттыққа бөледі. Ержан мен Нұржаны екі жасқа толғанда тағы да егіз қыздар дүние есігін ашты. Олардың есімдерін үлкендер Эльмира мен Гүлмира деп қойыпты. Бір өкініштісі, Гүлмира жеті айлығында шетінеп кетіпті. Өмірлік жары Тұрсынқұл екеуі осы ұл-қыздарын жеткізді, барлығынан немере- шөбере сүйді.

Өмірлік жары Тұрсынқұл 2014 жылы 72 жасында бақилық болыпты. «Ауылдың ақсақалы болып, ұрпағының қызығын көріп жүре тұрғанда болар еді. Жазмыш солай болды» деп ол жағдайға өкінішін білдірді батыр ана. «Анамыз ауылға сыйлы. Көкталдың үлкені мен кішісі тегіс сыйлайды. 7 ұл- қызынан 20 немере, 20 шөбере сүйіп отыр. Үш мәрте қатарынан егіз туған ана деп үйге келіп, шешеміздің батасын алып кететіндер көп. Қатарынан үш рет егіз туған ана біздің облыс аумағында жоқтың қасы. Сондықтан, ардақты анамызбен мақтанамыз» дейді перзенті Асан Тұрсынқұлұлы.

– Осында еңбек еттім, өстім, өндім. Енді, міне, ауылдың анасы болатын ардақты жасқа жеттім. Құдайға шүкір, деймін. Өмірлік серігім жетім өскен, бір үйдің жалғыз баласы еді. «Ұрпағымды көбейттің» деп маған риза болып жүретін. Осы күнімізге тәубе. Тәуелсіз еліміз абыройлы, жастардың өмірі ұзақ болсын! – деді «Алтын алқалы» ана Райгүл Рәпішева.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support