- Advertisement -

Таластың спорты төменде қалып жатқан жоқ

44

- Advertisement -

Облыста спорттан абыройы аласармаған ауданның бірі – Талас. Аудан спортшылары биыл түрлі халықаралық, республикалық және облыстық байрақты бәсекелерде 234 медальға ие болды. Оның ішінде 61-і алтын жүлде. Барлығын тізе бермей, халықаралық деңгейден жүлде терген жеті спортшыны атап өтсек те, біраз жетістіктен хабардар етерміз.

Сымбат Әлиасқар Стамбул қаласында кикбоксингтен өткен әлем кубогының жеңімпазы атанса, Елизавета Романенко спорттың осы түрінен Самарқанд шаһарында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды.

Талдықорғанда көгалдағы хоккейден 21 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия кубогында таластық Сабина Берденова мен Гүлсина Ізбасарованың жеңімпаз атануы таластықтарға зор мақтаныш болғаны анық. Сондай-ақ, Жаухар Дәуренбекова Ташкент қаласында 100 шаршылы дойбыдан ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Щучинск шаһарында гір тасын көтеруден өткен Азия чемпионатында Федор Наврозидис осы жетістікті қайталады. Нышан Өмірәлі Вьетнам елінде паратаэквондодан өткен Азия біріншілігінде күміс медальға қол жеткізді. Ташкент қаласында 100 шаршылы дойбыдан ұйымдастырылған Азия чемпионатында Берік Пшанов қола медальмен көзге түсіп отыр.

Мұндай жетістіктің барлығы спортқа жағдай жасалғанда жүзеге асады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 18 958 адамға артқан. Бұл аудан тұрғындарының 38,6 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 6 мың 331 адамға немесе 47,6 пайызға жеткен.

Жастарды (ұлттық спортпен шұғылданатын 14-18 жастағы) спортпен қамту биыл 1465 адамды құраса, халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі жоспар жақсы орындалып отырғаны байқалады.

Аудан көлемінде 6 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, 4-еуі балалар жасөспірімдер спорт мектебі, балалар жасөспірімдер дене шынықтыру спорт клубы және бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы.

Аудандағы 223 спорт нысаны тұрғындар үшін қолжетімді болып отыр. Аталған нысандарда тұрғындардың спортпен шұғылданудың арнайы кестесі жасалып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланыпты. Өткен жылы аудан бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 318 спорттық іс-шара ұйымдастырылған.

«Ауыл ел – бесігі» жобасы аясында Ақкөл ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, жергілікті бюджет есебінен 29 602,0 мың теңге бөлініп, Қаратау қаласы, Д.Нүрпейісова көшесінде шағын футбол мен Street Workout алаңшалары салынды. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Майтөбе ауылында волейбол және стритбол алаңшалары және Сейілбек ауылында кіші футбол алаңшасы жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді. Қаратау қаласындағы А.Иманов және Ы.Алтынсарин көшелеріндегі кіші футбол алаңшаларына, Қызыләуіт, Тамды, Тамабек, Ойық (2 спорт алаңшасына), Көшек батыр, Көктал ауылдарындағы кіші футбол алаңшаларына жасанды төсеніш төселіп, жаңартылғаны да айта кетерлік іс. Ауданда спорт саласының алға басуына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков үлкен қолдау білдіріп отыр.

– Ауданның аты спорт саласы бойынша төмендеген емес. Әсіресе, бокс, күрес, дойбы, кикбоксинг бойынша абыройымыз биік тұр. Соңғы жылдары көгалдағы хоккейден де көсегеміз көгеріп отыр. Футболдан біздің ауданның командасы былтыр бірінші лигада өнер көрсетті. Ол – жақсы жетістік. Алдағы уақытта бұл нәтижелерді жақсарта беруге күш саламыз, – дейді бас маман Асхат Нұрболұлы

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support