- Advertisement -

Іңгәлаған Әулиеата

105

- Advertisement -

Ол – күш-қуат, жігер, шексіздік! Ол – өшкенді қайта тұтандырып, құлағанды сүйеп, жылағанды жұбатады. Анасының құрсағында жатып та, әрбір жүрекке махаббат пен сүйіспеншіліктің шырағын жағып, бақыт пен шаттықтың үмітін сыйлайды.

Үлкендер сәбидің «іңгә» деген бір ауыз үнін есту үшін, әлемнің бар жақұтын жолына төсеп, төбесіне шаттықтан шашу шашып, тіпті, ажалдың аузына баруға дайын. Талай таңды бір перзент тілеумен атырып, балалы болуды армандап жүрген жұбайлар сол бір ғана шаттық дәнінің құрсаққа біткен қуанышты хабарын естігенде, бақыттан бастары айналып, құрсақ шашу беріп, жиған-тергенін осы бір көптен күткен қымбат та аяулы кішкентай періштенің жолына тәрк етеді.

Ел ішінде «Перзентханада туу үшін қаражат керек. Ақшаң болмаса тумай-ақ қой» деген сөз желдей еседі. Бұл түсінік қайдан шықты? «Дәрігерлерге сый-сияпат беруге міндеттісің» деген ше? Бұл ойдан алынған мағлұмат емес, естіп жүрген сөзіміз екені рас. Жалпы, бұл мәселенің төркіні қайда? Бәлкім оған ақ халаттылар емес, өзіміз кінәлі шығармыз? Ал, перзентханадан ана мен баланы барынша салтанатты түрде алып шығудың мағынасы не? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік.

Бірде алматылық акушер-гинеколог Жамбыл есімді жігіт әңгіме арасында: «Бала күнімнен адамға жақсылық жасауды мақсат тұттым. Әкем – кәсіпкер. Байлықты жақсы көреді. Мені кәсібін жалғастырады деп күтті. Алайда, мен ата-анамның қарсылығына қарамастан, медицина саласына бет бұрдым. Перзентханада кейде бір сәтте бірнеше әйел босанады. Иә, кейде кейбір әріптестерімнің қылығына қынжыламын. Босанған әйелдердің бәріне бірдей қызмет көрсеткенімен, сый-сияпат жасағандарға бөлек қарайды. Жұмысқа келген сайын барша босанған әйелдерді тексеріп шығуға, қадағалауға, рақметін алуға тырысамын. Маған олардан ештеңе керегі жоқ. Бірақ бір ескеретін жағдай, дәрігер ешқашан өз емделушісіне «бер» демейді. Көп жағдайда адамдар өздері береді. Солай жаман үйреткен» – деді.

Облыстық перинаталдық орталықтың алдынан бізді ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің жетекшісі, акушер-гинеколог Диас Кентай қарсы алды. Жарық дүниеге жаңа өмір сыйлайтын құт мекеннің іші жарқырап тұр. «Әлемдегі ең сұлу әйел – аяғы ауыр келіншек» деген ұғымның дәлеліндей болып, жүздері бал-бұл жанып, қабағын кірбің шалмаған арулардың күлімдеген жанарындағы жарқыл мен жаңа ғана босанып, баласын айналып-толғанған жас аналардың табиғаты жан біткенді елжіретпей қоймас.

– Біздің орталықта былтыр 12404 жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдер ем алды. Солардың 7297-сі босанды. Біздің медициналық ұйым үшінші деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетеді. Жас аналарға қолымыздан келгенін жасауға тырысамыз. Сапалы түрде ем тағайындап, зерттеу жүргіземіз. Барлығы қолына сәбиін құшақтап шығуы үшін барымызды саламыз. «Перзентханада сый-сияпат бермесе болмайды» деген сөзді жоққа шығарар едім. Қанша адам болса, сонша пікірдің болатындығы тағы рас. Сондықтан ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз. Бар мақсатымыз – ана мен баланың денінің сау болуы үшін еңбек ету. Мұндай теріс пікір ол біздің ана мен бала алдындағы ғана емес, барша қазақ елінің алдындағы беделімізді түсіреді. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, тек дені сау ұрпақтың көбеюіне барымызды саламыз, – деді Диас Кентайұлы.

Әр бөлмеде бөбектердің іңгәлаған үні. Бір отанасы отағасынан сүйінші сұрау үшін телефон соғып, қуанышын көз жасымен жеткізіп тұрса, енді бірі толғақ қысып, ана болудың мехнатын тартып, жаны қиналып тұрғанын байқадық. Ал босанған әйелдер бөліміндегі әр палатада екі ана, қос бөбегімен орналасыпты. Жағдайларын сұрадық. Ағынан жарылған олар салған жерден дәрігерлерге алғысын жаудырып жатты. «Мен үшінші перзентімді кесір тілігімен өмірге алып келдім. Барша ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіремін. Дүниеге бала алып келген қандай ауыр сәт болса, баланы қолға алған соң оның қандай бақыт екенін ұғындырған осы перзентханадағы ақ халаттыларға шексіз алғысымды білдіремін» – деді үш күн бұрын босанған Анель Әуден.

Асу – 17 жаста екен. Оның жолдасы өзінен он жас үлкен. Олар бір-бірін құлай сүйгенін, сөйтіп, ерте тұрмыс құрғанын айтты. Ол нәрестесіне ең қымбат арба алып, сапалы ас-ауқат ғана беретіндігін, сондай-ақ, жақын арада барлық сән-салтанатымен лимузин көлігімен үйіне оралғысы келетінін жеткізді.

– Күйеуім қарапайым еңбек адамы. Табысы 200 мың теңге көлемінде. Аяғым ауырлаған сәттен бастап біз ақша жинадық. Себебі, адам әдемілікке, сапалы бұйымға, қымбат тіршілікке қызыққан сайын, оның өмірі де сондай ғажап болады деп ойлаймын. Иә, мұнда небір отбасыларды көрдім. Балаларын құшақтап, бір қолтығына пакетін қыстырып, үйіне өздері шығып бара жатқандар да бар. Ол дұрыс емес. Біз дүниеге теңдесі жоқ періште алып келдік және ол періште ең үлкен сыйлықтарға, ең бағалы бұйымдарға лайық, – деді Асу.

Қазақ «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда», «Көрпеңе қарай көсіл» деп ескерткен. Дегенмен, заманауи үрдіс бойынша ата-ана болуға асыққан жастар ультрадыбыстық тексеруден соң, баланың жынысын анықтаудан бастап, перзентханадан шығарып алу рәсімінің өзін кішігірім тойға айналдырып жібергелі қашан?! Ал қазақтың той десе қу басы домалап, реті келсін, келмесін шашыла кететін әдеті емес пе?! Расымен перзентханадан шығарып алу жарыс, әлдебір бәйге іспетті. Бұл отбасылық мерекені ұлан-асыр тойға айналдырып, думандатып өткізуден алдына жан салмайтындар осы сәтте жиған-тергенін оңды-солды шашады.

Жарық дүниеге келген сәбидің киім-кешегі, керек-жарағынан қызға – қызыл, ұлға – көк түсті дүниенің әзірленуінен бөлек, әуе шарлары да жанға ерекше жылылық сыйлап, көрген жанның көңілін көктемдей көңілді етері сөзсіз. Адамның ас та төк пейілі ернеуінен асып жығылатын да, сәннен қалмай, тренд пен брендтің қаймағын сүзіп, өзін көрсететін де осы тұс.

Бірі тоңып, енді бірі тойып секіргендердің ішінде несие алудың несі мін деп, баласын перзентханадан көптің көзіне түсіп немесе ерекше болып көріну үшін асып түсудің жаңа үлгісін көрсететіндер де бар. Мұндайда асып-тасса ішім-жемі артылатындар шығар деген ойға келесің. Кейде олай емес екеніне көзің жеткенде жаға ұстайсың. Кейбір отбасы өз тұңғыштарын перзентханадан шығару үшін несие алып, үйдегі алтындарын ломбардқа өткізгендерін де көз көрді. Сонда заманауи тыраштанудың шегі мен шеті жоқтығына таңғаласың. Сондай салтанатты шерудің үстінен түсіп, тұңғыш ұлын перзентханадан шығаруға асыға жеткен Маратпен аз-кем сұхбаттасқанымда шаттана күліп:

– «GLS Maybach» су жаңа көлігін екі сағатқа жалға алдым. Оның құны 135 мың теңге болды. «Қазақ еліне + 1 батыр» деген сөз жаздырып, лента тағып, безендірдік. Одан бөлек, 10 мыңға есік аузынан билеп қарсы алдыру мақсатында биші қыздар шақырттым. Бір құшақ гүлді де 10 мың теңгеге алдым. Көрімдік пен сүйіншіге берген қаражаттың құны 30 мың теңге болды. Менің ұлым ең әдемі қарсы алуға лайық! Ол әлі нәресте болса да біздің оны қалай шаттанып қарсы алғанымызды сезеді деп ойлаймын, – деді.

Осы орайда «Баланы перзентханадан шығарудың құны қанша?» деген сұраққа жауап іздедік. Ең алдымен, шарсыз ешқандай қуаныш өтпесі анық. Олардың сапасына орай бағасы да әртүрлі. Гель – 600, конфети – 750, хром – 800, суреті барлары – 700, баблс 7000 мен 10000 аралығында, гиганттар – 11500, жүрекшелер мен жұлдызшалар 1000 мен 8000 теңге аралығында сатылады. Сәбиге арнайы жасалған белгілері бар шарлар 2500 теңге. Арнайы сан пішіндес шарлар 4000 теңгеге ұсынылады. Нақты тауарларды белгілі мекенжайға жеткізіп беру құны 500 теңгеден жоғары. Бұдан бөлек кештің сәніне айналған қызыл-жасыл түтіндер мен түрлі-түсті болып атылатын конфетилер тағы бар. Ал ана мен баланы перзентханадан думандатып алып шығудың ең көзге көрінетін тұсы – қымбат көлік. Осыған орай жалға берілетін көліктердің бағасын білген едік. Әр көлік екі сағатқа бағаланады. Мәселен, БМВ х6 – 95 000, G 63 – 65 мың, 222 Maybach – 70 мың теңге және осылай тізбектеліп кете береді.

Қақпа сыртына шығып бара жатып қарапайым киінген ерлі-зайыптыны тоқтаттым. Есімдерін айтқысы келмеді.

– Дәрігерлер мен мейірбикелерге алғысым шексіз. Біз көпбалалы отбасымыз. Бұл жерде шашылатын ақшамыз да жоқ. Тек жол-жөнекей кездесе кеткен кіші техникалық қызметкерлердің көздерінен «Сый-сияпат жоқ па?» дегенді оқып ыңғайсызданасың. Шығарып салушы санитарлар біз сияқты жандарды жақтырмай, тез құтылғысы келетіндей. Себебі, олар түрлі тәттілер, сыйлықтар алып үйренген. Қолыңда болса ешкімді құр қол қалдырғың келмейтіні анық қой. Ал жоққа жүйрік жетпейді, – деді келіншек мұңайып.

Өмір-ә. Есікті ашып шыға бергенде, «21 палатада, тез-тез жүгіріңдер…» деп жанұшыра айқайлаған медбикенің даусын естідік. Қазақ еліне +1 батыр…

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support