- Advertisement -

Жас жүйріктер Жамбылды жырға қосты

226

- Advertisement -

Қазақ халқы барда атамұра айтыс көнермейді. Десек те, жас айтыскерлерді дайындау ісі қашанда маңызды. Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орталықтың ұйымдастыруымен өтетін «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысында талай жүйріктің тұсауы кесіліп келеді.

Кезінде Мұхамеджан Тазабек бас жүлде алған осы жастар аламанындағы үлгілі ізді бұл күнде Айсұлу Жүнісбек, Алина Айдаралы секілді жас ақындар жақсы жолмен жалғап жүр. Жамбыл ауданынан Алина Айдаралы да осы аламанға қатысып, көрерменді керемет әсерге бөледі. Бастапқы қарсыласы меркілік Ернұр Жангелдінің «Мектепте жамбылтану сабағы өтіп, Жамбылым өнеге боп қалса деймін» дегеніне, «Өзінің қайдан өсіп-өнгендігін, қалың ел сабақсыз- ақ білу керек» деп жауабын беріп, «Жамбылдың ұрпақтары дәлелдеп жүр, Жамбылдың әлі тірі екендігін» деген тапқырлығымен тәнті етті. Супер финалда қордайлық Санжар Тынышбектің «Алина қыз, сенсің тәтті малинамыз» деген әзіліне «Малинаға тәтті деп қызықпаңыз, тамағыңнан өтпестей тұрып қалам», дегеніне де көрермен қол соқты.

Бұл айтысқа бірнеше жылдан бері қатысып келе жатқан меркілік Аружан Адабаеваның да төселіп қалғанын байқадық. «Жамбыл ақын ұрпақтың нар бабасы, тау есімін иеленген тау баласы» деп сөз кестелеген Санжарға «Ендеше, ақын жиен сен боларсың, әлемнің сегізінші кереметі», деп жыр төкті. Бұл айтыста біраз жаңа есімдерді көрдік. Т.Рысқұлов ауданынан келген Сағыныш Бейшеннің «Үлпілдеген мен де бір қауырсынмын, үзілген қыран Жамбыл қанатынан», таластық Әсемай Сейдакбарованың көрермендерге «Нан табатын жұмысын жиып тастап, нағыз айтыс көрем деп мұнда келген», деуі байзақтық Бекслан Құрманбектің «Лаулаған жырымменен келіп тұрмын, жаураған жүректерді жылытқалы», таластық Нұрайым Боранбайдың басқа мәселе қозғап кеткен қарсыласына «Жамбыл бабам тарихи тірі сурет, Жамбылды жырлау үшін келіп тұрмын», деп сөз саптай білгендері қуантты.

«Эпостарын қырғыздың жатқа біліп, қазақ-қырғыз достығын дәлелдеген» деп жырлаған тараздық 8-сынып оқушысы Інжу Жаңабайдың да ең жас қатысушы ретінде есте қалғаны анық.

Айтыс ақындары Ербол Қамбатыр, Дидар Апбасовтар бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл ауданының жүйрігі Алина Айдаралыға берілсе, жүлделі бірінші орынды қордайлық Санжар Тынышбек иеленді. Енді бұл жас жүйріктер «Жыр алыбы – Жамбылым» айтысының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады. Аталған орталықтың директоры Балтай Ертуғанова қазылар құрамына, жас айтыскерлер мен ұстаздарға алғысын білдірді.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support