- Advertisement -

«Белгісіз соғыстың» беймәлім тұстары

49

- Advertisement -

Ауған соғысы «Жарияланбаған соғыс» немесе «Белгісіз соғыс» деп те аталады. 1979 жылы желтоқсан айында Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіргізілді. Алғашқы мұсылмандар батальоны 1979 жылы Түркістандағы Шыршық (Өзбекстан) әскери округінің 15-ші арнайы жасақ бригадасының базасында құрылып, оның құрамында өзбектер, тәжіктер мен түрікмендер болған. Екінші мұсылман батальоны 1980 жылдың қаңтарында Қапшағайдағы Орталық Азия әскери округіндегі 22-ші арнайы жасақ бригадасының базасында қазақ, ұйғыр және қырғыз жауынгерлерінен құрылды. Алғашында қарулы қақтығыстар бір жылға дейін созылуы мүмкін деген болжам болған, алайда бұл белгісіз соғыс 10 жылға дейін жалғасты.

Ауған соғысында Кеңес үкіметі 14 427 жауынгерін жоғалтқан, олардың көпшілігі соғыста қаза тапса, кейбіреулері із-түссіз жоғалған. Сондай-ақ 53 мыңға жуық адам ауыр жарақат алған. Ауғанстанда көрсеткен ерлігі үшін 200 мыңға жуық жауынгер түрлі медальдар және ордендермен марапатталған. Әр жыл сайын Ауған соғысына КСРО 3 миллиард доллар жұмсап отырды.

Біздің облыстан Ауғанстанға 2 мың адам қатысқан. 71 жерлесіміз майдан даласында қаза болды. Ауған жерінен аман оралып, туған жеріне келіп, соғыс салған сырқат салдарынан өмірден озғандар да аз емес. Қазіргі таңда облыс аумағында 1050 Ауған ардагері бар.

Бір сыныптан бес жігіт

Ауған соғысының қасіретін бастан кешкендердің бірі – Жуалы ауданындағы Билікөл ауылынан шыққан Керім Ізбасаров. Жалпы, Билікөлден шыққан батыр көп. Ауғанстанға әр жылдары 21 азамат аттанса, оның ішінде бесеуі бір сыныптан болыпты. Керімнің сыныптасы. Жеңіс Сертеков майдан даласына бір қолын «қалдырғаны» болмаса, елге аман-есен оралыпты. Ол кезде кейбір ірі қалаларда тікұшақ полктері жасақталған. Соғыста осы полктердің күші маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ жедел әскери қызмет бағыты бойынша да сарбаздар жасақталды. Сол уақытта 18 жасар жігіттер алты айлық дайындықтан өтіп, Ауғанстанға жіберіліп жатты. Керім Махамбетұлы бастаған жігіттер Түркіменстанның Тежен қаласында жарты жыл әскери жаттығудан өткен. Бұл жерде де тыңғылықты жаттығулар жүргізіліп, әр сарбаздың икемі, жылдамдығы, жағдайға бейімделуі сынға түскен. Керім «Т-62» танкісін жүргізу ісіне машықтанып, түн ішінде жасанды төбе, төмпешіктерде кедергілерден дұрыс өту арқылы өзін шыңдаған.

Керім сонымен қатар «БТС-4» әскери машинасын жүргізген. Бұл көлік колоннаны бастап жүруге лайықталған. Бұл техниканың алдында үш метрлік арнайы қорғаныш трал қойылған. Минаға түссе, алдымен тралға зақым келеді, түрлі шешімдер қабылдап үлгеруге мүмкіндік бар. Керім 1988 жылдың қарашасына дейін аталған техниканың жүргізушісі болған. Ал Кеңес әскерлері Ауған даласынан 1989 жылы 15 ақпанда шығарылған.

Соғыста минерлермен саперлердің атқаратын рөлі зор болған. Минерлер әскери техникамен жұмыс істейді. Саперлер – жау жасырып қойған жарылғыштарды тауып, әскердің жүретін жолының қауіпсіздігіне жауапты. Олар кішкентай арнайы құрал (шуп) арқылы қай жерде мина жасырғанын дәл біле қояды. Себебі осы жағдайға машықтанғандар.

Міне, осылайша ауыр әскери техниканы бағындырған Керім бес сыныптасымен Ауған жерінде болғанымен, әр қалаға бөлініп, қызмет етті. Бұл соғыс сыныптастарға, бауырластарға да оңай соққан жоқ.

Майдандастардың мұңы бір

Керім Ізбасаров қазір облыстық интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы. Яғни, Ауған соғысы ардагерлеріне және олардың отбасына қатысты мәселелермен айналысады. Өзі сұрапыл күнді бастан кешкен соң, ол майдандастардың жағдайын түсінеді. Мәселен, жалғыз ұлы Ауғанстаннан келмегендер де бар. Оның бірі – Константин Кожовников болса, бірі – Нұрлан Әбішев. Татьяна Домаратская есімді апайдың да жалғыз ұлы ол жақтан оралмаған. Ал өзбек жігіті Рустам Яковтың мәйіті де келмей, қару-жарақ, әскери заттары ғана жерленген. Қандай қасірет десеңізші!

– Біз қазіргі таңда әр ауданға барып, Ауған батырларымен нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, майданда марқұм болған Базарбек Ахметовтың Құланда тұратын анасы Аманқыз Ахметовамен, марқұм Нұрлан Омаровтың әкесі Амангелді Омаровпен үнемі байланысып тұрамыз. Туған елге оралып, әр жылдары өмірден озған майдандастарымыздың отбасына да үнемі көңіл бөліп отырмыз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз. Келесі жылы Кеңес әскерилерінің Ауған даласынан шығарылғанына – 35 жыл. Ол атаулы күнге де дайындықты бастап жатырмыз, – дейді облыстық интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы Керім Махамбетұлы.

 

Құрманғазы ДЕМЕШ,

облыстық «Даңқ» залының ғылыми қызметкері.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support