- Advertisement -

Қоғамдағы келісім – мемлекеттің мықты бекінісі

92

- Advertisement -

Бүгінде әлемде терроризммен күрес қаншалықты қарқынды болғанымен, террорлық актілердің айтарлықтай азайып отырмағаны белгілі. Өкінішке қарай, орын алған террористік актілер салдарынан жыл сайын он мыңдаған адам қаза тауып жатады, олардың құрбанына көбінесе бейбіт тұрғындар, жас балалар айналуда. Террорлық актілер жиі ұшырасатын мемлекеттердің көпшілігі экономикалық жағдайы тұралаған немесе саяси-әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін, тұрақсыз елдер немесе түрлі этникалық-діни топтардың мүдде қақтығысы бар елдер қатарында. Сондай-ақ кейде мұндай елдер қатарына экономикасы дамыған, қандай да бір террорлық топтардың дұшпанына айналған жекелеген мемлекеттер де кіріп жатады.

Экстремизм мен терроризм тақырыбы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі аса өзекті мәселенің бірі. Бұл, әсіресе соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі лаңкестік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенді әрекетінен кейін ғаламдық проблемаға айналды. Себебі күн өткен сайын терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып бара жатқаны рас. Айта кету керек, терроризм әдетте бір мемлекеттің аумағымен ғана шектелмейді.

Бұл ретте, елге келген экстремистік топтардың, идеялардың артында кейбір елдердегі діни, саяси радикалды топтар жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан заңымен тыйым салынған біраз ұйым елімізде нақты төбе көрсетпегенімен, еліміз әріптестік танытқан немесе шекаралас орналасқан мемлекеттердің аумағында тыйым салынған қауіпті ұйымдар бар екені белгілі.

Діни идеологиямен санасы уланып, отбасын ертіп Сириядан шыққан Қазақстан азаматтары аз болған жоқ. Қазақстан қауіпсіздік қызметтері ұйымдастырған «Жусан» операциясының арқасында олардың көпшілігі елімізге қайтарылды. Сондай-ақ көп жылдан бері Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шаралары ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясында терроризмнің халықаралық деңгейдегі таралуына қарсы операцияларға ұдайы қатысуда.

Терроризмнің мақсаты – мемлекеттердің, халықтардың рационалды түрде ойлауларына, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасау. Сонымен бірге қоғамда дүрбелең тудырып, көшеде, жұмыс және демалатын жерлерде, халықтың көп шоғырланған орталарында, сауда-саттық орталықтарында оқу және мәдениет ошақтарында кез келген уақытта бүлік шығарып, үрей тудыру. Терроризммен күрес кешенді түрдегі операциялар арқылы іске асады.

Мысалы, террористік ұйымдардың көпшілігі есірткі саудасы арқылы қаржыландырылып отырады. Сондықтан терроризммен күрестің маңызды бөлігі халықаралық есірткі саудасын тоқтату амалдарында жатыр. Оның ішінде Қазақстан аумағы Ауғанстаннан Еуропаға тасымалданатын есірткінің негізгі транзит жолдарының бірі саналатындықтан, біздің елімізге осы бағыттағы жұмыстарды үнемі дамытып, қауіпсіздік шараларын ұдайы күшейтіп отырғаны абзал.

Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарының есебінің бірінде болашақ ғасырда адамзатқа екі үлкен қатер төнетін болады делінген. Сол қатердің бірі – экологиялық апаттар болса, екіншісі – терроризм. Өздерінің қылмыстық мақсаттарын іске асыру үшін террористер барлық зұлымдық әрекеттерді жасауға дайын екені байқалуда. Қазақстан да Орталық Азия аймағының құрамдас бөлігі ретінде халықаралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардың назарында тұрғаны рас.

Терроризм тақырыбы қозғалғанда, елімізде болған былтырғы қаңтар оғиғасын айналып өте алмайтынымыз анық. Халқымыз үшін сол ауыр күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, онда Президент ретінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға міндетті екендігін, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет ететінін ескертті.

Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, Қазақстанның тұтастығына алаңдауға міндетті екенін айтып, қабылдаған шаралары көпұлтты Қазақстанның игілігіне бағытталғанына, бұл көптеген азаматтардың, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты екеніне, халық өзін қолдайтынына сенім білдіретіндігіне, халықпен бірге болу Конституциялық міндеті екеніне тоқталды. Айтып қана қоймай, қиын сәтте соған сай әрекет ете білді.

Бүгінде Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекшілік ететін терроризмге қарсы орталық, жергілікті атқарушы органдар жанында облыс және қала әкімдері төрағалық ететін терроризмге қарсы комиссиялар қызмет етеді.

Аталған құрылымдарға елдегі мүдделі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар енгізіліп, мемлекет аумағындағы радикалды экстремизмнің алдын алу, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде іске асыру, террористік іс-әрекеттерге қарсы қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру сынды маңызды жұмыстарды үйлестірумен айналысады.

Аталған құрылымдардың жұмысы көзге көрініп, баспасөз беттерінде ашық жазылмағанымен, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды бастамалар мен іс-шаралардың ұйытқысы болуда.

Қазіргі Қазақстан – тұрақты экономикалық өсімі бар, қоғамдық келісім мен орнықты саяси жағдайы қалыптасқан көпұлтты ел болып табылады. Ертеңгі күнгі өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін дүние жүзіндегі дамушы мемлекеттер қатарына қосылуға нық қадам басуда. Сонымен бірге, еліміз әлемдік деңгейде жүргізіліп отырған экстремизм және терроризмге қарсы күресте өз деңгейінде белсенді түрде қатысып келеді.

Оның айғағы ретінде, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама жасалып, іс жүзінде орындалуда. Елімізде барлық халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.

Қазақстан ТМД-ның терроризмге қарсы күрес орталығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы аймақтық құрылымы сияқты ұйымдардың мүшесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында: «Әлемдегі құбылмалы жағдай «үш зұлымдық» – сепаратизм, терроризм және экстремизмнің күшеюіне алып келді.

Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, соның ішінде, интернет желілеріндегі қарсы күресте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі бағдарламаның белсенді жүзеге асырылуы біздің ұйымның өршіп келе жатқан қауіп-қатерге беретін тиісті жауабы болар еді. Қоғамдық және экономикалық өмірдегі көптеген саланың онлайн кеңістікке көшуі киберқауіпсіздік мәселесін өзекті ете түседі. Сондықтан ШЫҰ-ның террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санаймыз, – деген болатын.

Қоғамдағы келісім, ішкі татулық пен береке-бірлік әр мемлекеттің террорға қарсы мықты бекінісі әрі қорғаны. Ең маңыздысы, адамдарды зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатыгездікке итеретін факторларды анықтап, оларды еңсеру үшін нақты шараларды қолдану керек. Әр адам өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлап, құқықтың үстемдігі іс жүзінде жүзеге асатын болса, заңсыздық пен әділетсіздік орын алмаса, қоғамның басын біріктіретін құндылықтар дәріптелсе, сонда ғана потенциалды террордан сақтануға болады.

Қорыта келгенде, бір ұлттың емес, тұтас әлемнің бас ауруына айналған экстремизм және терроризммен күрес еш уақытта толастамауы тиіс. Өйткені бұл жұмыстың астарында әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмірі, оның бостандығы мен қауіпсіздігі жатыр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support