- Advertisement -

Құлшынысы күшті, ұмтылысы зор

134

- Advertisement -

Тараз қаласындағы №5 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың ортақ үйіне айналған. Орталықта қазір 474 қызмет алушы бар. Тағдырдың талқысына түскен қамкөңіл жандарға қол ұшын созып, өз жақындарынан кем көрмейтін қызметкерлер көп мұнда. І, ІІ-топ мүгедектігі бар азаматтардың әрқайсысының жан дүниесін түсініп, қамыққанда қасынан, жабыққанда жанынан табыла білетін жандарға мұндағы қызмет алушылар мен олардың жақындарының алғыстан басқа айтары жоқ.

Мұндағы қызмет 8 бағыт бойынша көрсетіледі. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандардың жасы мен денсаулығына қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік стандартқа сәйкес арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және оңалту шараларын өткізу де бар. Өзіне қызмет жасай алмайтындарға жеке көмек көрсетіледі. Сондай-ақ қарым-қабілетіне, іс-әрекетіне сай, еңбек сабақтары, үйірмелер жұмыс істейді.

Қызмет алушыларға қойылған диагноздар да сан түрлі. Дерттің ауыр түріне шалдыққандары арбаға таңылған, өздігінен қозғалып жүре алмайды, сөйлеу, есту қабілеттері нашар дамыған. Орталық медицина қызметкерлері оларға тәулік бойы, күн-түн демей, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Сәйкесінше, денсаулық жағдайы, жас ерекшеліктері физикалық және психикалық күйі мен жеке даму деңгейіне қарай бөлмелерге орналастырылады.

Бір қызығы, жанына жылу іздеп келіп, ортақ тіл табысып, көңіл жарастырып, тағдырын тоғыстырған жұптар да бар мұнда. Орталықта бас қосқан 9 жұпқа арнайы қамтылған жеке бөлмелер берілген. Оларға өз бетінше өмір сүрулері үшін үй жағдайына жақындатылған жағдай жасалған. Мысалы, олар бау-бақша өсіріп, өнімдерін жинап, қысқа дайындауды үйренді.

Әлеуметтік сала қызметкерлері мен қызмет алушылар арасында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, зияткерлік ойындар мен концерттер жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұдан бөлек, қаланың көрікті жерлеріне саяхатқа шығу, мұражай, көрмелерге апару дағдыға айналған.

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар қызмет алушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста болуы да басты назарда. Қажеттілікке қарай, жақындарына қоңырау шалып, бейне-байланысқа шығады. Сәйкесінше, олардың ата-аналары да Орталыққа келіп, хал-жағдайымен танысуына мүмкіндік бар. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар мен психологтар қызмет алушылардың туыстарымен әңгімелесіп, тиісті кеңестер беріп отырады.

…Он екі мүшең сау болса, дәулет деген сол емес пе?! Мүмкіндігі шектеулі жандардың ерік-жігері шарболаттай шыңдалған. Олардың көкірегі ояу, көңілі сергек. Қимыл-қозғалысы қиын болғанымен, құлшынысы күшті, ұмтылысы зор. Мұны тек солармен қатар жүріп, қасынан табылған жүрегі мейірімге толы жандар ғана сезсе керек. Оларды ауыр кеселдің, ауыр дерттің зардабынан мейірім ғана құтқарары сөзсіз.

 

Салтанат ЖАНТАЕВА,

№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support