- Advertisement -

Техникалық мамандық– ел дамуының тірегі

128

- Advertisement -

Дәл қазір еліміздегі білім саласы мамандарының техникалық бағытқа көбірек бет бұра бастағаны қуантады. Саланы ілгерілететін іргелі жобалардың қолға алына бастағаны тағы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың техникалық мамандыққа бет бұруына да айрықша басымдық беріп отыр.

«Мамандардың барлығы нарықпен қалыптасады. Ел дамуындағы оң өзгерістер көп жағдайда бизнестің өркендеуіне байланысты. Өндіріспен шұғылдану, сапалы жұмыс орындарын ашу, ғылым мен білім міндетті түрде өзін-өзі ақтайды. Сондықтан бизнесмендер осы бағытта жұмыс атқарғаны жөн. Қазіргі уақытта білікті кадрлар тапшы, техникалық мамандық иелері жоқ деп шағымдана берудің орнына колледж секілді оқу орындарында білім алып жүрген жас мамандарды ірі кәсіпорындар тәжірибеден өтуге шақырып, шеберханаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беруге тиіс. Белгілі корпорациялар осындай бағытта жұмыс істейтінін білемін. Бірақ біз заңгер, экономист пен менеджер секілді мамандарды тым көбейтіп алдық. Сондықтан біз қазір білім алушыларды техникалық салаларға қарай бағыттауымыз керек. Жас қазақтар техника мамандары болуы керек. Бұл ретте кәсіпорындар ауыл-аймақтағы ынталы жастардың техникалық бағытта білім алуына ықпал етіп, үйретсе ел экономикасы да өркендей береді», деді Мемлекет басшысы.

Расында, қазір еліміздің өркендеуіне өзіндік өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарына білікті жас мамандар аса қажет. Бұған дейін де өңірдегі өндіріс орындары немесе зауыт басшылықтары жергілікті оқу орындарынан білім алып келген мамандардың тәжірибесі жоқтығын алға тартатын. Қазіргі таңда бұл мәселе де оң шешімін тауып келеді.

Яғни қазір маман даярлайтын колледждер мен жұмыс беруші өндіріс орындары арасында әріптестік байланыс берік нығаюда. Бұл ретте талайғы тарихы бар, техникалық мамандардың ұстаханасына айналған Жамбыл политехникалық жоғары колледжі де өз үлесін қосып келеді. Ең бастысы, оқу ошағындағы студенттердің техникалық бағытқа қызығушылығы артып отыр. Ал жастардың бойында ынта мен ниет болса, алынбас қамал жоқ. Сондықтан әлі де болса мамандық таңдау мәселесімен ойы онға, санасы санға бөлінген әрбір жасты еліміздің кемел келешегін қалыптастыру жолында техниканың тілін меңгеріп, өз ісінің шебері болуға шақырамын.

 

 Сәбит БАЙЖІГІТ,

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің өндірістік оқыту шебері.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support