- Advertisement -

Еңбегі ерен Сұлукүл

128

- Advertisement -

Ертеңгі күннің кемелдігі үшін бүгінгі уақытының әр сәтін пайдалы іспен өткізіп жүргендердің еңбегі ерен. Сондай жанды Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылынан кездестірдік. Заты нәзік әйел баласы болса да Сұлукүл Дәлібаева «Ақ қайнар» шаруа қожалығының басшысы, іскер әйелдер қауымдастығының және қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандағы төрайымы, сонымен қатар көпбалалы ана. Ел болашағын өз балаларының бақытымен байланыстыратын кәсіпкер келіншектің тынымсыз еңбектенудегі мақсаты – келешектің кемелдігі.

Мұғалім мамандығын меңгерген Сұлукүлдің бойынан малсақтықты, шаруаға бейімділікті байқаған әкесі өзінің шаруа қожалығының тізгінін ұстатқан. Сұлукүлдің қожалығында бүгінде 100-ге жуық ірі қара, 600-ге жуық ұсақ мал және 30-40 жылқы бар. Малдың жем-шөбі үшін пайдаланып отырған 1000 гектар жері де өз иеліктерінде. Оның 600-ге жуығы жайылым болса, қалғаны егістік алқап. Қазіргі уақытта 100 гектарға қызылша егуді де қолға алған. Бұл қожалық көпбалалы екі отбасын тұрақты жұмыспен, тұрмыстық керек-жарағымен қамтып отыр. Алдағы уақытта келісімшарт бойынша 5 жыл еңбек еткеннен соң баспана әперуді де өз жауапкершіліктеріне алған.

Небәрі 19 жасында өзімен қатарлас жігітке тағдырын қосып, тіккен отауын 7 баламен шаттыққа бөлеп отырған Сұлукүл Серікқызы ауылдағы шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеп, бүгінде «Amanat» партиясының облыстық филиалы ауыл шаруашылығы бойынша қоғамдық кеңесінің де мүшесі.

– Біздің өңірдің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Аудан шаруалары халықты таза табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекеттің оларға көрсетіп отырған қолдауы да бар. Алайда жеңілдіктерге барлық шаруалар қол жеткізе бермейді. Бұған дейін субсидия алу үшін мал басын электронды тіркейтін жүйелердегі кедергілер жайлы айтып келдік. Қазір сол олқылықтар түзетіліп, үш бағдарламаны біріктіріп, биылдан бастап ақылы тіркеу жүйесінің орнына шаруалар үшін тегін бір ғана тіркеу жүйесі іске қосылды. Бірақ ауыл шаруашылығына қажетті мамандар жетіспеушілігі әлі де өзекті. Өз ауданымызда агротехникалық жоғары колледж бар. Онда тек ауыл шаруашылығының мамандары ғана емес, бағдарламашы, аспаз секілді мамандарды да даярлайды. Бірақ біз шаруаға қажетті комбайншы, тракторшы таппаймыз. Техникалардың қымбаттығы тағы бар.

Ал «Amanat» партиясының қоғамдық кеңесінде осы сынды проблемалар мен кемшіліктер ашық айтылып, оған жауапты мамандар қатыстырылып, кем-кетікті түзеудің жолдары қарастырылады, мәселелер талқыланады. Берілген тапсырманың орындалуы партияның бақылауында болады. Мәселен, мен партияның аудандық филиалы саяси кеңесінің де мүшесі болдым. Ол кезде «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мекемелерді аралап, мүгедек кісілердің емін-еркін жүріп-тұруына қаншалықты жағдай жасалғанын зерделедік. Біраз кемшіліктер анықталды, қаржы жетіспеушілігінен жасалмаған немесе сапасыз жасалған пандустарды, брайльдік тақталарды ашып көрсеттік. Ондағы мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзіне қажетті қызметті уақтылы, еш кедергісіз алуын қамтамасыз ету. Осындай қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, қазіргі қоғамда нені түзеу керегін, сапалы өмір сүру үшін не қажеттігін ұғындық.

Әрине, материалдық жағдаймен қатар, адам баласына рухани байлық, тәрбие де қажет. Сондықтан қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Жүгінісованың ұсынысымен ауданымызда ашылған филиалдың төрайымы міндетін де атқарып жүрмін. Бұл бірлестік негізінен ұлттық құндылықтарды дамыта отырып, ата-бабаларымыздың заманынан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерді бүгінгі бала тәрбиесінде пайдалануды мақсат етеді. Ауданымызда филиалдың ашылуына Айнұр Жүгінісованың өзі қатысты және облысымыздан шыққан өнер, спорт саласындағы белгілі тұлғалардың аналары мейман болып келді, – деген Сұлукүл Серікбайқызы қоғамдық жұмыстардың ауданда орындалу жайынан хабар берді.

– Әженің ертегісін, атаның ақылын тыңдап өскен бала жағымсыз әрекеттерге жоламайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан да балабақшадан бастап тәрбиеге ата мен әжелердің тәлімін қосу ұтымды болмақ. Қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен отбасылық «Азиза» балабақшамыздан арнайы кабинет аштық. Онда әр топтың ата-аналарының арасындағы әжелер ақ кимешегімен келіп, балаларды күтіп алып, қызықты әрі тәрбиелік мәні бар ертегілер оқып беріп, кешке үйлеріне шығарып салады. Яғни балалар аналық мейірімді балабақшада да көріп өседі. Осы бастамамен наурыз айында бір ай бойы күнара бір дәстүрді ұйымдастырып отыруды жоспарладық. Аудандағы әжелерді, аналарды біріктіріп, WhatsApp желісінде бірлестіктің тобын ашып, сонда ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміз жайлы, ұлттық құндылықтағы тақырыптарда ой талқылап отырамыз. Сол арқылы күнделікті тұрмыста әдеп-ғұрыптарымызды қолдануға басымдық берудеміз, – дейді Сұлукүл Дәлібаева.

Ауданда іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен қолынан іс келетін қыз- келіншектердің өз кәсібін ашуына, бизнес бастауына бағыт-бағдар беріледі екен. Сонымен қатар көптеген қайырымдылық істер ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, 1 маусым – балаларды қорғау күнінде аудандағы ойын-сауық орталығында бүлдіршіндерге мереке ұйымдастырылса, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спорт кешенінде шекемтас, асық ату секілді ұлттық ойындардан жарыс өткізген.

Осындай қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, түйінді мәселелердің шешімін табуда жасқанбай, батылдық көрсете білетін кәсіпкер келіншектің келер күнге жоспарлары да жоқ емес. Ізгі мұратты көздеген жан еңбектің арқасында мақсатқа қол жеткізетінінің дәлелі болып жүрген іскер де көпбалалы анаға сәттілік тіледік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support