- Advertisement -

Тамыры — терең, тынысы — кең

70

- Advertisement -

Облыстық көпсалалы аурухананы аймақтық медицинаның қара шаңырағы деп атауға болады. Бұл мекеме облыстағы тарихы мол, ең көне, ежелгі емдеу орны. Оның қалыптасу, өсу, даму тарихына биыл – 150 жыл. Бүгінде ауруханада 1,4 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олар жыл сайын 21,5 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетеді. Артта қалған жылдарға зер салып, тарихқа көз жүгіртсек, бұл емдеу мекемесінің тарихы сонау ХІХ ғасырдан бастау алады. 1873 жылы уезд орталығы – Әулиеатада жалға алынған ғимаратта алғаш рет қабылдау бөлімі ашылды. Бар болғаны 6-ақ төсектік шағын ауруханада санаулы ғана науқасқа ем-дом жүргізуге мүмкіндік болған. Ол емдеу орнында медициналық қызметті бір дәрігер, бір фельдшер және босануға жәрдем беретін бір әйел көрсеткен.

 Ол заманда медицина қызметкерлеріне аурулармен ғана емес, халықтың жаппай білімсіздігімен, қараңғылықпен, салақтықпен де күресуге тура келеді. Себебі халық арасында адам өміріне қауіпті аурулар мезгіл-мезгіл бас көтеріп, елді қынадай қырып тастаған кездер болған. Жаппай жұқпалы аурулар эпидемиялары мен ашаршылықпен күресу мақсатында медициналық қызмет құрылып, ол бірте- бірте нығая бастады. Сауатты медицина қызметкері болмағандықтан, халықтың көбі тәуіптер мен емші-балгерлердің, сынықшы мен бақсылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ана мен бала өлімі өте жоғары деңгейде болып, өмір сүрудегі қиындықтар мен әлеумет тартқан тауқымет халықтың қабырғасына қатты батты. Жеңіл-желпі дәрігерлік көмек болмаса, хирургиялық, акушер- гинекологиялық жәрдем жоқтың қасы еді. Мысалы, соқыр ішек, жедел холецистит, жарықтардың асқынуы, іштің түйілуі сияқты аурулар халық арасында «іш түйнегі» деп аталып, сауатты дәрігер- мамандардың жоқтығынан жыл сайын жүздеген науқас хирургиялық аурулардан көз жұмып жатты. Ал қатерлі жұқпалы инфекциялық аурулар (безгек, іш сүзегі, оба, тырысқақ және т.с) бүкіл ауылдарды, тіпті кейде аймақтарды пішендей орып, тып-типыл етіп аямай жайратты. Сондықтан да адамдардың өмір сүру орта жасы тым қысқа болып, екіқабат аналардың әртүрлі асқынулардан көз жұмуы, жас балалардың шетінеуі жиі ұшырасты. Әр өңірде жиі жұт болып, малдар қырылып, ел арасын ашаршылық жайлады. Расында да ол кезең халық үшін ең ауыр, күйзеліс пен қасіретке толы жылдар болатын. Уезд тұрғындарына алғашқы сауатты медициналық көмекті әскери фельдшерлер мен дәрігерлер көрсеткені тарихтан белгілі. Солардың біразы кейін Қазан төңкерісі болып, Кеңес дәуірі басталғанда емханалар мен ауруханаларда қызметке қалды. Сол алғашқылардың бірі әскери фельдшер Степан Канутович Хмелевский болатын. Ол 1884 жылы Ресейдің Одесса қаласында дүниеге келіп, 1902 жылы медициналық колледжді тәмамдайды да, өз еркімен обаға қарсы бригада құрамына еніп Түркістан өлкесінде әскери фельдшер болып еңбек жолын бастайды. 1913 жылы Әулиеата әскери гарнизонына қызметке жіберіледі. Ол білімділігімен, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығымен көп уақыт өтпей көзге түседі. 1917 жылғы Қазан төңкерісінің идеяларын қолдап, көпшілік арасында жүргізілген үгіт- насихат қызметіне белсене араласады. Көрнекті қайраткер Т.Рысқұловтың қолдауымен алғашқы съезде Әулиеата  уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1921 жылы денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі болып тағайындалып, халық денсаулығын сақтау қызметіне уақытпен санаспай, қиындыққа қарамай бел буа араласады. Уездің аймақтарына, ауылдарға фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар, емханалар мен ауруханалар ашуға, оларды дәрігерлер мен фельдшерлермен, медбикелермен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге көп күш салды. Фельдшер Степан Хмелевский 1950 жылы Жамбылда (Таразда) дүние салды. Оның есімі Қант зауыты аумағындағы бір көшеге берілді.

1920 жылы ҚСРО құрамына кірген, Автономды Қазақ (Қырғыз) Совет Социалистік Республикасы құрылды. Дәл сол кезде Үкіметпен қатар, республиканың Денсаулық сақтау комитеті де ұйымдастырылды.

Автономия бойынша, сонымен қатар біздің Әулиеата уезінде де ауруханалар, дәріханалар, денсаулық сақтау пункттері, дәрігер мамандар мен фельдшерлер, акушерлер жетіспейтін. Мұрағаттық мәліметтерге жүгінсек, 1920 жылы уезде бар болғаны 7 дәрігер, 34 фельдшер, 9 акушер, тіс дәрігері, мейірбике, провизор және 2 фармацевт қызметкері жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсеткен. Шаповаловка, Луговое, Ново-Ивановка және Грозное ауылдарында фельдшерлік- акушерлік пункттері ұйымдастырылып, жергілікті халыққа қызмет көрсете бастады. Ал ауруханалар тек Әулиеата мен Меркіде болған. Дәрігерлік амбулаториялар Қарабалта және Дмитриевка ауылдарында жұмыс істеді.

Медициналық қызметкерлер ауылдардың, қалалардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында халық- ағарту жұмыстарын, инфекциялық аурулар мен эпидемияларды төмендету шараларын жандандырып, жұқпалы ауруларға қарсы егулерді үздіксіз жүргізді. Сонымен қатар аурулардың алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, моншалар соқтыру, су жүйелерін тарту істеріне де белсене атсалысты.

1922 жылы Әулиеатада алғашқы әйелдер амбулаториясы ашылды. Осы кезеңде барлық жерлерде ана мен сәбиді қорғау апталықтары өткізіле бастады. Санитария, гигиена, өскелең ұрпаққа тәрбие беру мәселелері бойынша дәрістер өткізіліп, кездесулер ұйымдастырылды. Уездің көшпелі аудандарында ана мен сәбиді қорғауды насихаттау жұмыстарында басты рөлді «Қызыл киіз үйлер» атқарды. Бұл жерде түрлі үйірмелер жұмыс жүргізіп, медициналық кеңестер беріліп, әйелдердің құқығы жөнінде дәрістер оқылатын.

1927 жылдың 6 маусымында Әулиеата дәрігерлік амбулаториясы жанынан Пастер кабинеті, яғни құтыру ауруына қарсы ем-шара жүргізетін арнайы кабинет ашылды. Бұл жерге негізінен иттер қауып, денелері зақымданған адамдар қаралатын. Сол жылдың қазан айынан бастап қалалық (қазіргі облыстық) ауруханада түнгі жедел жәрдем қызметі ұйымдастырылды. Бұл қазіргі жедел медициналық жәрдем стансасының алғашқы қадамы еді десек, жаңылыспаймыз. Облыстың алғашқы хирургі Иван Нилович Промонтов Әулиеата қалалық ауруханасында 1921 жылдан 1938 жылға дейін қызмет атқарды. И.Промонтов кеуде және іш қуысының жіті ауруларына, түрлі жарақаттануларға ота жасап, талай науқастарды өлім аузынан алып қалды. Сонымен қатар ол дәрігер Юрий Маркович Симпсонмен бірге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсеткен. Дәрігер Промонтов медициналық мамандарды дайындауға үлкен назар аударды. Сөйтіп, ол уезде 1931 жылы медбикелер курстарын ұйымдастырушысы және алғашқы оқытушысы болды. Бұл кісі білікті маман, белсенді дәрігер және мейірімді жан ретінде байырғы қала тұрғындарының есінде қалды.

1934 жылы Әулиеата қаласында алғашқы безгек станциясы ашылып, елеулі жұмыс атқара бастады. Безгек станциясын И.П.Павлов атындағы Мәскеу медициналық институтының түлегі Агния Кириловна Попова-Дюрягина басқарды. Ол басқарған дәрігер-инфекционистер үздіксіз қызмет жасап, эпидемиялық ауруларды жеңу мақсатында көп тер төкті. Олардың арасында, тіпті өз өмірлерін сарп еткендер де болды. Мысалы, 1934 жылы уезде бөртпе сүзек ауруының эпидемиясы тіркелді. Науқастарды аурудан құтқару барысында дәрігер А.К.Паршин, фельдшерлер Г.Агрейтер және А.Волков сол қауіпті жұқпалы ауруларға өздері шалдығып, осы аурудың құрбандары болды.

Халық денсаулығын қорғауда ерлікке тең іс атқарған медицина қызметкерлері ел есінде мәңгі болсын дейміз.

Соғыс жылдарындағы облыс медицинасына келер болсақ, 1939 жылы қазан айында Әулиеата уезіне Жамбыл аты беріліп, жеке облыс болып шаңырақ көтерді. Содан кейін-ақ облыс көлемінде денсаулық сақтау ісіне ерекше көңіл бөлініп, әр жерде жаңа емдеу- профилактикалық мекемелері ашылып, медицина қызметі жандандырылып, оның сандаған салалары кеңейе түсті. Облыстық медицинаның қара шаңырағы – қазіргі облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке дара қалалық ауруханалар, перзентхана мен емханалар пайда болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға аттанып, соғыс даласында жараланған әскерлерге күн, түн демей медициналық көмек көрсетіп, аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, жеңіс үшін қан мен тер төкті. Тек бір ғана 1941 жылы облыстың 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Соның бірі – Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрігері, хирург Гулам Абдукаримов майданға аттанып, атақты генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизия құрамында әскери дәрігер болып борышын атқарды. Дәрігер Нағым Мұқышев 1943-1945 жылдары Батыс және Беларусь майданының медсанбаттарында хирург болып еңбек етіп, майор атағымен соғысты жеңіспен аяқтады. Ол «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен наградталды.

Дәрігер Сергей Александров та майдан даласында 1943-1945 жылдары қызмет етіп, талай жанды өлімнен құтқарып, дәрігерлік көмек көрсетті. Медицина қызметкерлерінің соғыс жылдарында қан мен терге малынып көрсеткен ерліктері туралы талай кинофильмдер түсіріліп, повестер мен әңгімелер жазылған. Олардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар – хирург Н.О.Мұқышев, С.А.Александров, Н.Ф. Голубев, Е.А.Понамаренко, Б.А.Баймұханов, Н.Фирсов, А.П.Капасакалис, А.В.Леонтьев, медбикелер А.Д.Палий-Зеленцова, М.Л.Яременко, А.Н.Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А.Радченко, фельдшер Г.К.Ильченко және тағы басқалар.

Соғыс жылдарында 1941 жылдың күзінде Жамбыл, Меркі және Шу станцияларында әскери госпитальдар ұйымдастырылып, майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Ол госпитальдарда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге жәрдем берді. Тылда еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еленіп, біразы мемлекеттік наградаларға ие болды. Мысалы, дәрігер Татаринцев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Шукина мен Меткина «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, 13 адам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен дәрігерлер мен медбикелер де ордендер мен медальдарға ие болды. Қанша жылдар өтпесін, жастық шақтары соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген әріптестерімізді әрдайым құрметпен еске алып, оларға тағзым етеміз. Өйткені біз оларға мәңгі қарыздармыз. Оларға арнап аурухана музейінде арнайы бұрыш ұйымдастырылып, тарихи материалдар жинастырылған.

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support