- Advertisement -

14 отбасының «Аq jol» газетіне жазылуына ықпал еттім

163

- Advertisement -

Ғаламтор – ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат мен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады. Себебі ол қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналған дүние.

Дегенмен кітап пен газет-журналдың орны бөлек екендігіне әрбір оқырман келісер. Интернеттің игілігіне елітіп жүріп басылымдар мен кітап оқудан біршама қол үзіп қалғанымыз рас. Әйткенмен, байқасаңыз, ендігі толқын кітап оқуға, газет-журналға жазылуға қайта ден қоя бастағандай. Себебі ол адамның дүниетанымын кеңейтетін тілсіз тәрбиеші, жан азығы ретінде қашанда білімнің бас құралы болып қала бермек.

Өзім әр күнімді газет-журналсыз елестете алмаймын. Мәселен, менің отбасым биыл бірнеше республикалық, облыстық, қалалық басылымдарға жазылды. Әрине, оның ішінде облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Aq jol» газеті де бар. Одан бөлек, «Еgemen Qazaqstan», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Аr-ai» газеттерін биыл жаздырып оқып отырмын.

Жалпы, «Aq jol»-ды өзім сонау 1975 жылдан бері үздіксіз жаздырып алып оқимын. Сондай-ақ өзімнің сүйікті басылымымды жүрген жерімде насихаттап, онда көтерілген маңызды мәселелер туралы өзгелерді хабардар етіп отыратын әдетім бар. Биыл өзім ғана жазылып қоймай, туыстарымның, көршілерімнің 100 жылдық тарихы бар басылымға жазылуына түрткі болғанымды мақтаныш етемін. Жалпы, 14 отбасы менің араласуыммен биыл «Aq jol»-ды алдырып оқи бастады.

Сүйікті газетімнің 100 жылдық мерейтойына тарту ретінде 68 жасымда 100 шақырым жүгіріп, Талас пен Тараздың арасын жалғадым.

Өзім Алматыда дене шынықтыру мамандығы бойынша оқу бітіргенмін. Кейін заман ағымымен теміржол саласына ауысып, сол саладан зейнетке шықтым. Әйтсе де газет-журналды үзбей оқитын әдетімнен бір танған емеспін. Немерелерім спортты жанына серік еткендіктен, спорт тақырыбындағы басылымдарды жаздырып алып оқу да отбасымызда дәстүрге айналған. Басылымға жазылу жыл бойы жалғасатынынан хабардар болғандықтан, әлі де жүрген-тұрған жерімде газет-журналдарға жазылуды насихаттай бермекпін.

 

Жақсылық МАМЫРБЕКҰЛЫ,

Тараз қаласының тұрғыны,

марафоншы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support