- Advertisement -

Өрттен қаза болғандар мен жарақат алғандар саны азайған

39

- Advertisement -

Өткен жылы облыс аумағында орын алған өрттің салдарынан 132 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. 2021 жылмен салыстырғанда өрттің саны 13 пайызға, материалдық шығын сомасы 2,3 есеге өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев айтты.

– Былтырғы жылы қоғамдық резонанс тудырған аса ірі өрт оқиғалары тіркелген жоқ. Бірақ облыс аумағында 753 өрт оқиғасы орын алды. Оның салдарынан 8 адам қаза тапса, 10 азамат жарақаттанды. Келтірілген материалдық шығын 2021 жылмен салыстырғанда артқан. Маңыздысы, өрттен қаза болғандар саны 4,6 есеге, жарақат алғандар 10 есеге азайды, – деді Мақсат Әшірбайұлы.

Спикер сондай-ақ өз сөзінде тілсіз жаудың салдарынан орын алатын төтенше жағдайлардың негізгі себептеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу, тұрғындардың отты пайдаланудағы абайсыздығы, балалардың отпен ойнауы мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу қайғылы жағдайларға душар етіп жатқанын жеткізді. Брифингте басқарма басшысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаруашылық субъектілеріне 2 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілгені жөнінде де айтты. Өртке жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты 760 әкімшілік жаза қолданылған, оның ішінде 161 тұлғаға жалпы сомасы 4 миллион 249 мың 912 теңге айыппұл салынып, 599 тұлғаға ескерту берілген.

Бұдан басқа облыс аумағында улы газбен уланудың 14 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 18 адам зардап шеккен және 4 адам қаза тапты. Улы газбен уланудың негізі себептері – мұржаның тартпауы, жылыту пешінің ақауы, жылыту пештегі жарықтар, басқа да себептер (газ колонканың мұржасының сыртқа шығарылмауы, мұржа гофраның жыртылуы немесе дұрыс жалғанбауы, мұржаның дұрыс жалғанбауы).

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері шаруашылық жүргізуші субъектілерге 2090 өрт-техникалық тексеру жүргізген, нәтижесінде 11419 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталды. Облыста өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 1662 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 505 тұлғаға 20 миллион 414 мың 895 теңге көлемінде айыппұл салынды, 1147 азаматқа ескерту берілді. Былтырғы жылы тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 437 мыңнан астам ауланы аралап, 4248 жиын өткізді. Оның барысында 847 мыңға жуық адамға нұсқау беріліп, 600 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылды. Оқушыларға практикалық дағдыларды үйрету мақсатында білім беру объектілерінде өрт туындаған жағдайда ғимараттан қауіпсіз эвакуациялау бойынша оқушыларды көптеп қамти отырып 277 жаттығу, сондай-ақ 970 интерактивті сабақ өткізілді, 772 ашық сабақ ұйымдастырылды.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, облыс әкімдігі облыстың мемлекеттік қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен профилактикалық және алдын алу іс-шараларының жоспарын бекіткен. Өткен жылдың 5 сәуірінде облыс әкімінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Облыс аумағында ғарыштық мониторингін жүргізуге 2022 жылы облыс бюджетінен 5 миллион 830 мың теңге бөлінді. 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның авиатехникасымен жалпы алаңы 3,048 миллион гектар облыс мемлекеттік қорының аумағын аралауда. Облыс аумағында 407 гектар жерде 48 жану және 162 гектар жерде 2 орман өрті орын алып, шығын 652 мың теңгені құрады. Сондай-ақ 15,3 гектар жерде екі дала өрті орын алды. Жалпы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес 2021 жылы 4 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылса, өткен жылы 3 өрт сөндіру бекеті құрылды. Биыл тағы да 3 өрт бекетін құру жоспарланып отыр.

Өткен жылы өңірімізде табиғи және техногендік сипаттағы 787 төтенше жағдай тіркелген. Салдарынан 48 адам зардап шегіп, 16 азамат ажал құшқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде азаматтық қорғау полковнигі Денис Охрименко айтты. Оның сөзінше, адам өміріне қауіп төндіретін қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар мен үгіт-насихат жұмыстары, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары жүйелі өткізілуде.

– Былтыр техногендік сипаттағы 760 жағдайдың салдарынан 25 адам зардап шегіп, 9 адам қаза тапты. Ал табиғи сипаттағы 27 жағдайдан 23 адам зардап шекті. Бұдан бөлек, 7 адам өмірмен қош айтысты. Жалпы мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыста суға шомылуға және демалуға арналған 12 ресми орын анықталған. Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен бірлесіп облыстың су айдындарында 1891 профилактикалық рейд және патрульдеу жүргізді, онда 40 мыңнан астам үгіт материалдары таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 517 ақпарат жарияланып, 23 брифинг өткізілді. Өткізілген іс-шараларға қарамастан облыстың су айдындарында 5 адам суға батып кетті, оның 2-еуі бала. Суға бату жағдайларының саны 2021 жылмен салыстырғанда 1,4 есе азайды. 2022 жылы облыстың су айдындарында қыс мезгілінде адам өлімі тіркелген жоқ.

2022-2023 жылдың күзгі-қысқы кезеңінде балықшылар мен аңшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында 259 рейдтік іс-шара өткізілді, онда 2649 үгіт материалдары таратылды. Облыстың су айдындарында 60 тыйым салатын (ескерту) белгілер орнатылды. Оқу орындарында қысқы кезеңде суда жүріс-тұрыс ережелерін сақтау бойынша нұсқамалар беріліп, 38 интерактивті сабақ өткізілді. Облыс экономикасының нысандарында 4592 оқу-жаттығу өткізілді. Оның ішінде 148 штабтық, 11 командалық-штабтық, 321 тактикалық-арнайы, 83 селге қарсы, 1632 сейсмикалық жаттығулар, 33 су тасқыны мүмкін аудандарда су тасқыны бойынша, сондай-ақ өрт кезінде 1316 эвакуациялық жаттығулар өткізілді, – деді Денис Алексеевич.

Азаматтық қорғау полковнигі Д.Охрименконың мәліметінше, су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге 2022 жылы жергілікті бюджеттен 912 миллион теңге бөлініп, облыс аумағында каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстары жүргізілді. 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасын іске асыру шеңберінде облыс аумағында ұзындығы 12,1 километр Талас өзені арнасының жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, өткен жылы облыс аумағында жергілікті ауқымдағы 2 төтенше жағдай жарияланған болатын. Алғашқы жағдайға Жаңатас қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйде орын алған өрт себеп болса, кейінгісі Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр және Ноғайбай ауылдық округтерінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты болған еді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support