- Advertisement -

Ақын жүрек шаттық жырын толғасын

81

- Advertisement -

Парасат патшайымы
(баллада)

Аса қамқор Алла даңқы артуда,
Сара қызды жолықтырды мәрт ұлға.
Бір көргеннен бойжеткенді ұнатып,
Той жасапты Елубайдай нар тұлға.

Сүйген жарын Тәңіріге балаған,
Отағасын үйдің пірі санаған.
Сүйегі асыл әйел болды жас ару,
Шаңырағынан шаттық лебіз тараған.

Аттамаған ұлттың уыз салтынан,
Ата-ененің қия өтпеген алдынан.
Парасаттың патшайымы атанды,
Пәрмен тауып, ағайыннан, халқынан.

Әлдилеумен сәбилерін тербеткен,
Тал бесікті отауының көркі еткен.
Алтын құрсақ аршын төсті әз ана,
Құшағынан қайраткер ұл ержеткен.

Пәк махаббат ешқашан да торықпас,
Дауылдан да, бораннан да қорықпас.
Дүниенің дәмін, тұзын татқанда,
Деме бірақ, жөнсіздікке жолықпас.

Төтеп беріп, тозағына тағдырдың,
Тең бөлістің қиындықтың барлығын.
Сын сағатта майыспастан, сынбастан,
Күйеуіңнің жұмақ еттің әр күнін.

Қызыр баба шылауына ілескен,
Жақсы адамдар жүрген жерге гүл өскен.
Жету үшін мәртебелі мәреге,
Жеңгем едің ғұмыр бойы күрескен.

Ұстаздыққа кәсіпкерлік қосылып,
Желге ұшты сағым қуған бос үміт.
Перзенттерін баулыған соң еңбекке,
Бақ пен дәулет қанат жайды көсіліп.

Иман нұры жарқыратқан санасын,
Қаза етпеген бес уақыт намазын.
Меккеде боп құлшылығын атқарған,
Меркідегі жалғыз қажы анасың!

Бойыңдағы найзағайдың жарқылы,
Бүтін етіп жібереді жартыны.
Адасқанды қосушы едің үйірге,
Алмас тілді әділ сөзің арқылы.

Қара бұлттай шырқау шыңға соқтығар,
Сұм ажалдан артық қайғы жоқ шығар.
Ұмытылмас игі істері Сараның,
Ұрпағына сәуле шашқан аты бар.

Сенің арқаң жабырқауды білмесем,
Енді бүгін елесіңмен тілдесем.
Алдың пейіш, артың кеніш болсын деп,
Жеңешетай, дұға жасап күн кешем!..

 

Нағашы жеңешем
(С.Қалқабаеваға)

Ұқсаған Аспараның гүл бағына,
Ұқсаған атажұрттың нұр таңына.
Нағашы жеңешемнің өнегесін,
Тәж етіп кестеледім жыр тағына.

Алтынмен шаңырағын аптаушы еді,
Күміспен босағасын қаптаушы еді.
Келін боп Аққойлыға түскен сәттен,
Мүлтіксіз жұрт сенімін ақтаушы еді.

Қызмет жасады елге бір тынбастан,
Куә оған дархан дала, мөлдір аспан.
Сейсекүл жарына төрт перзент сыйлап,
Мәуелі махаббаттың мөрін басқан.

Сүйгенін іздеп тапқан бұл өңірден,
Сондықтан бақытты өмір сүре білген.
Аймақтың айнасына айналған соң,
Парасат шуақ шашты жүрегінен.

Жеңгемсің жас шағымнан сырласатын,
Қиналсам жайымды айтып мұңдасатын.
Әншілік талант бар ед тал бойыңда,
Сайраған сандуғашқа үн қосатын.

Сұм ажал қайыстырса ел қабырғасын,
Жанымыз қалайынша ауырмасын.
Жебей гөр аруағыңмен, асыл жеңгем,
Көңілі ұл-қызыңның жадырасын!!!

 

Мәңгі өшпес өнегең

Алдаспанын қайраған,
Арман құсы сайраған.
Алты алаштың ардағы,
Аты аңызға айналған.

Отқа жақса күймеген,
Суға салса батпаған,
Алпамыстай батыр деп,
Асқаровты ел мақтаған.

Соғыста жауды қашырған,
Ерлігіңе бас ұрам,
Бейбіт күнде тер төгіп,
Отан даңқын асырған.

Ертектегі алыптың,
Күш-қайратын таныттың,
Шайқалмаған дауылда,
Бәйтерегі ең халықтың!

Махаббаттың тұмары,
Фатима еді сыңары,
Қозы Көрпеш – Баяндай,
Тарқамаған құмары.

Қуанады туған ел,
Құлпырады құба бел,
Көсегесі көгерер,
Көш бастаса Құлагер.

Зәмзам шәрбат суындай,
Ар-намыстың туындай.
Қонаев пен Асқаров,
Таудың екі шыңындай.

Ғайып ерен қырық шілтен
Шылауына бөленген,
Алпамыстай Асқаров,
Мәңгі өшпес өнегең!

 

Ақын жүрек
шаттық жырын толғасын

Құтылған соң отаршылық тозақтан,
Азаттық кеп көрпемізді ұзартқан.
Өз қолымыз аузымызға жеткен соң,
Артта қалды ауыр күндер мұз артқан.

Тамыры алтын туған жерім – ұлы Анам,
Еркіндіктің әр таңы үшін қуанам.
Құлпырғанын көріп тұрып өлкемнің,
Қалайынша жыр арнамай тұра алам.

Алла нұрын, шапағатын таратқан,
Арайланып шықсын күнде атқан таң.
Асқақтатқан мәртебесін қазақтың,
Ақылы асқан ұлды аман қыл, Жаратқан!

Азаматтар Отан жүгін көтерер,
Асыл арман асуларға жетелер.
Алты алаштың текті туған ұрпағы,
Алға қойған мақсатыңа жете бер.

Аяулы өлкем егемен – ел болғасын,
Ақын жүрек шаттық жырын толғасын.
Айдарынан Ай аймалап, Күн сүйген,
Қазақ жұртын Хақ Тағалам қолдасын!..

 

Ару көктем

Қаһар төккен қатал қысты қудың ба,
Қарды ерітер наурыз айы тудың ба.
Қара нөсер жаңбырымен жер үстін,
Кір-қоқыстан тазарттың ба, жудың ба?!

Арайы асқақ ару көктем – сөз басы,
Ақжарма ақын қиялдарын қозғашы.
Ақ жауынға ұқсағандай кеудемнен,
Сағыныштың сорғалап тұр көз жасы

Табиғаттың құдіретінен нұр жауып,
Бағы жанды бәйшешектер бүр жарып.
Сәмбі талдар сырға тақса сәнденіп,
Алма ағаштар ән салады жырғалып.

Көбелектің қанатымен нәзік жыр,
Кең өлкенің ой мен қырын кезіп жүр.

Алтын күннің шуағына шомылса,
Шаттық өмір орнайтынын сезіп тұр.

Бал бұлақтар бұлаң қағып шалқиды,
Жасыл шөптің жұпар иісі аңқиды.
Үлпілдеген үмітімнен аумайтын,
Ақша бұлттар көк жүзінде қалқиды.

Жанарынан жасампаздық сыр тұнған,
Жарқ-жұрқ етіп жауһар тастай құлпырған.
Айналайын, ару көктем жәрдем бер,
Арманына жетсін әркім ұмтылған.

Морт сындырып қиындықтың шынжырын,
Мәңгілік ет Тәуелсіздік тұғырын.
Мейірімді Алла ақ жолынан таймаған,
Бақытты етші қазағымның ғұмырын!..

 

Сөзде жан бар

Сөздің тірі екендігін білемін,
Ести алмай лүпілдеген жүрегін.
Мағынасы қызықтырар қашан да,
Мың миллион өзгертетін реңін.

Сөзде жан бар қайғырғанды қуантар,
Сөзде жан бар жылағанды жұбатар.
Сөзде жан бар таңғажайып ғаламат,
Ғашық етіп жүректерді тулатар.

Кейбір сөздер мейірімге үйретер,
Кейбір сөздер кемшілікті күйретер.
Кейбір сөздер табаныңды тайдырмай,
Арманыңды алға қарай сүйретер.

Кейбір сөздер қызғалдақтай қызартар,
Кейбір сөздер өміріңді ұзартар.
Кейбір сөзде жарылатын бомбадай,
Бұлқан-талқан ашулантар ыза бар.

Қарлы боран ызғырығын ұмытар,
Тау тұнжырап, көл маужырап тынығар.
Өкпе сызын аймаласа өбектеп,
Тәтті сөздер мұз кеудені жылытар.

Сиқырлайды әуезді әсем үнімен,
Әлдилейді, тербетеді түнімен.
Таң атқан соң тіршілікті жырлайды,
Тебірентіп күн сәулесі тілімен.

Бақша гүлдеп жұпар иіс шашады,
Көк аспаннан қара бұлттар қашады.
Киелі сөз қуат берген адамдар,
Болашаққа қадамын нық басады.

 

Ұлы Жамбыл – поэзия алыбы

Күндер өтер зулап аққан бұлақтай,
Жылдар өтер сусыл қаққан сынаптай.
Бірақ-бірақ, Уақыт-ана жетелеп.
Жамбыл жырын келе жатыр құлатпай.

Жамбыл жыры ұлылығын ұқтырып,
Ғасырлармен құшақтасты тік тұрып.
Ай мен күннің ақ сәулесін мол емген,
Тау суындай мөлдірейді тұп-тұнық.

Өрістеткен өшпес өлең өресін,
Әр жырыңнан ұлттық рухты көресің,
Ұлы Жамбыл – поэзия алыбы,
Биіктеткен айтыстың шың сөресін.

Халқымыздың дана ақыны атанған,
Сүйінбайдай ұстазынан бата алған.
XX ғасыр гомері деп,
Атақ-даңқы жер-жаһанға таралған.

Абыз жырау үнін қосып өмірге,
Ізгіліктің нұрын септі көңілге,
Терең толғау, дариядай дастандар,
Тамыр жайды ұлан-ғайыр өңірге.

Жас шағымнан арман қуған қыз едім,
Ақындарға еліктеп бой түзедім.
Шапқан аттай ақ көбік боп сауыры.
Кейде шаршап күдерімді үземін.

Ақындықтың ауылы алыс, жол бұраң,
Жетемін деп жете алмай болдырам.
Жамбыл бабам әруағы қолдаса,
Бәлкім бір күн бақыт құсын қондырам!..

Ана

Сездіретін гүлдің иісін, жел лебін.
Санамызға ақыл дәнін себетін.
Қасиет бар аналардың сүтінде,
Бойға қуат, жанға шуақ беретін.

Таңғажайып тілегінде ой жатар,
Арманыңды алпыс түрге боятар.
Шеше емес пе шүйке басы шырылдап,
Ұйқыдағы сезімдерді оятар.

Жас жүректің қазынасын ашатын,
Күн нұрындай шапағатын шашатын.
Сүттей ақ қып, судай пәк қып тербетер,
Құдірет жоқ бесік жырдан асатын.

Даналық пен парасаттың жүйесі,
Сүйекті сөз, сүбелі істің иесі.
Бәйшешектей қарды жарып шығатын,
Ана әлдиі – күллі әннің киесі.

Сенен артық жанды әлемнен табам ба,
Сен болмасаң өзен болып ағам ба.
Төрт бұрышын дүниенің кезсем де,
Тең келмейді анаға ешкім ғаламда.

Тәңір берген ғұмырыма панасың,
Отбасы үшін отқа өртеніп жанасың,
Өмір атты аламанда бәйге алсам,
Бәрі-бәрі сенің арқаң, Анашым!

 

Өлең

Жауқазын жыр бөбегін тауып келем,
Жас уыз шабыт сүтін сауып берем.
Жаңадан нәресте-өлең қаз басқанда,
Жығылып қалмаса деп қауіптенем.

Асаудай көзді арбап сырғақтаған,
Арманның бесігінде құндақтаған.
Баламдай жүрегімді жарып шыққан,
Білемін әрбір жырым қымбат маған.

Өртейтін өзегіңді сағыныштың,
Өлеңмен сыртқа шығар жалыны іштің,
Ай ортақ, Күн ортақ деп жүргенімде,
Алданып сансыз мәрте сағым құштым.

Шөміштен қысқанымен сыбағамды,
Сонда да жек көрмедім бұл ғаламды.
Өзімді өзім сүйреп келемін мен,
Өлеңге тұғыр етіп тұлғаларды.

Астықтай әнге бөлер кең даланы,
Ақиқат уақыт берер шын бағаны.
Ақжолтай өлең үшін керек екен,
Ақынға сенімінің сынбағаны…

 

Сенім

Өмірдің өзенімен аққандаймын,
Өлеңнің шамшырағын жаққандаймын.
Өр мінез тіршіліктің толқынынан
Өзімнің соқпағымды тапқандаймын.

Болса да жолым ауыр шегінбеймін,
Қамығып азабына егілмеймін.
Сабырым салқын қарап сарқылса да,
Сетінеп ешқашан да сөгілмеймін.

Жүнжітпес құдіретті сенім барда,
Жайнаған жауқазындай жерім барда.
Жауатын қара бұлттай түнермеймін,
Жыр жазам үміт артқан елім барда.

Жанымды уайымнан аршымасам,
Жүдеген көңілден еш шалқымас ән.
Жеткізер ғарышқа да қазанатым,
Жампоз жыр жай отындай жарқылдасаң.

Қарамай қаһар төккен қайғы-мұңға,
Қанатын қыран құстар жайсын шыңға.
Қуанар туған өлкем, құт мекенім,
Қиқулап аққу жүзсе айдынымда.

Тілеймін заңғар таудың оянғанын,
Табиғат сұлуланып боялғанын.
Тәңірім, көрсете гөр жалынамын,
Сенімім қиындықты жоя алғаным!..

 

Шырын
МАМАСЕРІКОВА,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support