- Advertisement -

Банкроттық туралы заң: несиеден қалай құтылуға болады?

53

- Advertisement -

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллионының 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Банкке берешек қазақстандықтардың төрттен бірі, шамамен 1,8 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмаған. Аталмыш бюроның тағы бір дерегінде 19,1 миллион тұрғыны бар Қазақстанда 3 миллион адамның ғана банкте, микроқаржы ұйымдарында және ломбардтарда қарызы жоқ екені айтылады. Ал Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы бірнеше жылда жеке тұлғалардың несиелері жылдам қарқынмен өсуде. Мәселен, 2018 жылғы 1 қаңтарда – 4,3 триллион теңге, 2019 жылғы 1 қаңтарда – 5, 2020 жылғы 1 қаңтарда – 6,3, 2021 жылы – 9,8, былтыр 11 триллион теңгеге дейін жеткен.

Өзге өркениетті елдерде қарыздың батпағына батқандарға заңды жолмен көмек көрсетіледі екен. Мәселен, Дональд Трамптың өзі 6 рет өзін банкрот деп жариялап, сот шешімімен бірнеше миллиард доллар қарызы кешірілген деседі. Бірақ бұл оның АҚШ-тың президенті атануына кедергі келтірмеді. Бұдан бөлек, Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж, Линдси Лохан, Джонни Депп, Ким Бассингер, танымал әншілер Майкл Джексон, Тони Брэкстон, боксшы Майк Тайсон, NHL, NBA жұлдыздары және басқа да танымал тұлғалар өзін банкрот деп жариялап, өмірлерін «таза парақтан» бастауға мүмкіндік алған.

Өткен жылдың соңында, яғни, 2022 жылғы 30 желтоқсанда еліміздің азаматтарына да осындай мүмкіндік беретін заң қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күннен соң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.

Жаңа Заң жүзеге асқанда азаматтардың борыштық жүктемесі азайып, әлеуметтік шиеленіс жеңілдеп, ел халқы қарызды өтеуге ынталы болады деп күтілуде. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, аталмыш заң 3 түрлі рәсім арқылы жүзеге асады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық, екіншісі – сот банкроттығы, үшіншісі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл үш рәсімді де тек борышкер өз қалауымен, жеке бастамасымен өтініш беру арқылы қолдана алады. Яғни, банк немесе кредиторлар борышкер адамның атынан банкроттыққа өтініш білдіре алмайды.

Енді осы үш рәсімге жекелей тоқталар болсақ, соттан тыс банкроттыққа тек банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз 1600 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 5,5 миллион теңгеден аспауы тиіс. Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай бойы қарызы өтелмеуі тиіс. Өз атына рәсімделген мүлік, ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы керек. Банк кешіктірілген берешектер бойынша реттеу жүргізген болуы шарт. Соған байланысты банктің хаты өтінішке қоса тіркелуі керек. Банкроттық шарт 7 жылда бір рет қана қолданылады. Сондай-ақ 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін 12 ай ішінде берешекті өтемеу қажет деген талап қарастырылмайды. Ал 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтардың мүлкі бар, берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен асса да банкроттан тыс рәсімі қолданыла береді.

Соттан тыс банкроттыққа «Электрондық үкімет» веб-порталында (Е-салык Азамат, ЦОН АЖ және Е-гов АЖ) электрондық түрде және заң нормалары бойынша өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қағаз тасығышта беруге болады.

Екінші рәсім – сот банкроттығы қарызы 5,5 миллион теңгеден асатын азаматтарға қолдануға арналған. Бұл рәсімде егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Бірақ жалғыз баспана кепілге қойылмаған болмаса, кредиторлар оны ала алмайды. Қалған өтелмеген сома егер борышкердің жалған борышкер белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Азаматтар тұрақты табыс болған жағдайда қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу кестесін жасап беруге мүмкіндік алады. Бұл сауықтыру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесе әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Бұл шараның артықшылығы, мұнда адам «банкрот» деген мәртебе алмайды. Банкрот болған тұлғаларға арналған шектеулер мұнда жоқ.

Әр нәрсенің екі ұшы болатыны секілді, банкрот деп танылған тұлғаларға қойылатын шектеулер де жоқ емес. Нақты тоқталар болсақ, банкрот болып жарияланған тұлға 5 жылға дейін несие ала алмайды. Тек 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. 3 жыл бойы ол тұлғаның қаржылық жағдайына байланысты мониторинг жүргізілетін болады.

Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.

Тағы бір ескерер жайт, берешегі бар тұлға банк немесе кредитор алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында банкроттық туралы өтініш бергені анықталса, ол 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Мұнымен қоса, соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті жасырғаны үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген.

Сонымен қатар сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына да жауапкершілік енгізіледі. Ол жерде 15-тен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Азаматтар өтініштерімен биыл наурыз айынан бастап жүгіне алады. Қаңтар-ақпан айларында қаржы министрлігі, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп кезең-кезеңімен ұйымдастыру-техникалық шараларды жүргізетін болады.

Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің прототипі әзірленіп, оның тестілеу мен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support