- Advertisement -

Мал қыстату науқаны – ойдағыдай ма?

309

- Advertisement -

Төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруалар жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайды. Бүгінде қауырт шақ – мал қыстату науқаны. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» дейді. Бірінші малды алға қоятын халық төрт түлік өлім-жітімнен аман болса, жан да аман болады дегенді білдірсе керек. Сатсаң пұл, сойсаң ет, саусаң сүт малдың қасиетін осыдан-ақ аңғарасың. Әйтеуір мал баққан ел аш болып, көштен қалмайды, қайта мыңғыртып мал айдаған азаматтардың алды қазақ байларының көшін түзеді. Ал енді мал қыстату науқаны не күйде? Мал қолға қарап қалғанда азығы жете ме? Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда науқан ойдағыдай өтіп жатқан көрінеді.

Мал қыстату науқанына ерте қамданған шаруалар егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен биыл 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494,0 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем әзірлеп, былтырғы жылға қарағанда 150,3 мың тонна мал азығын артығымен дайындаған. Сондай-ақ дәнді дақылдар балансы бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақталуда.

Облыста жылдық қуаттылығы 89,4 мың тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорыннан бүгінгі күні 35,4 мың тонна құнарлы жем әзірленіпті. Бұдан бөлек, өңірде өткен жылдан қалған 82,5 мың тоннасы пішен, 47,6 мың тонна сабан қоры бар сақтаулы көрінеді.

Жалпы, 2022-2023 жылдардағы мал қыстату науқанына 503,8 мың бас мүйізді ірі қара, 3,3 миллион бас қой мен ешкі, 168,5 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе түсуде. Барлық төрт түлік облыстағы 5 862 мал қыстау орындарында орналасқан. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм өңірінде. Дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына дер кезінде жеткізіліпті. Аудандарда құрылған арнайы штаб аудан әкімі орынбасарларының басшылығымен жұмыс жасауда. Аталған штаб мал қыстату науқанында туындаған жол тазалау, техникамен жәрдем беру сияқты жедел шешуге бағытталса керек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда аудандарда жауапты науқан ойдағыдай өтіп жатса керек. Мәселен, Талас ауданында 2022-2023 жылғы мал қыстатуға аудан бойынша 31000 бас ірі қара малы, 352 000 бас қой-ешкі, 14 500 бас жылқы, 2200 бас түйе малы түседі деп жоспарланған. Шартты мал басына дайындауға қажетті ірі сабақты мал азығы 146000 тонна болса, ауданда барлығы 23,9 мың гектар жер шөп шабуға белгіленген, оның ішінде көпжылдық шөп 5,6 мың гектарды құрайды. Нақты барлық шабылғаны 23,9 мың гектар, оның ішінде 5,6 мың гектар көпжылдық шөп, 18,3 мың гектар табиғи шөп. Көпжылдық шөптің түсімі орта есеппен әр гектардан салмағы 20 килограмм 230-250 дана түк болған. Барлық орылған гектардан 147,2 мың тонна ірі сабақты мал азығы жиналыпты. Сонымен қатар 26,8 тонна жем дайындалыпты. Шөп ору науқанына 128 трактор қосалқы құралдарымен және 94 автомашина жұмылдырылған.

Шалғайдағы 81 қыстауда 7430 бас ірі қара малы, 66100 бас қой-ешкі, 3750 бас жылқы, 1250 бас түйе малы қыстауда. Құмға жақын орналасқан Аққұм, Бостандық, С.Шәкіров, Ойық, Кеңес, Үшарал және Қызыләуіт, Тамды, Ақкөл ауылдық округтерінің шаруашылықтары малын қыстатып жатса керек.

Мал жайылымдарында мал қыстатуға жем-шөп көлемі жеткілікті дайындалған. Қаратау қаласында 5 жем сататын орын мен Ақкөл ауылындағы жем сататын кәсіпорын бар.Ауданда қазіргі кезде 1 түк ірі сабақты мал азығының бағасы 800 теңге, жоңышқа бағасы 1200-1300 теңге, 20 килограмдық бір қап кебек жемнің бағасы 1850-1900 теңгеден сатылуда.Аудан орталығынан шалғайда орналасқан шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен сұранысқа байланысты жем сататын жеке кәсіпкерлер кебекжем және тағы басқа мал азығымен қамтамасыз етілуін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары жүйелі түрде ұйымдастырып отырады.

Қыстаудағы малшы үйлері мен қора-қопсылар қысқа жөнделіп, дайындалған. Мал қыстату барысында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аудан әкімдігі Қаратау қаласындағы ірі кәсіпорындар мен зауыттардың техникаларын пайдаланатын көрінеді.

Жамбыл ауданында мал қыстату науқанына 97,8 мың шартты мал басы түседі деп жоспарланыпты. Қажетті шөп – 186,4 мың тонна, пішендеме – 11 мың тонна, сабан – 44,2 мың тонна болса, ауданда барлығы 33,2 мың гектар жер шөп шабуға белгіленген, оның ішінде көпжылдық шөп 25,5 мың гектарды құрайды. Нақты барлық шабылғаны 49,8 мың гектар, оның 25,5 мың гектары екі орым көпжылдық шөп, 6,3 мың гектары табиғи шөп. Көпжылдық шөптің түсімі орта есеппен әр гектардан 230-250 дана түктен айналған. Барлық орылған гектардан 186,4 мың тонна жоңышқа және табиғи шөп, 10 мың тонна сүрлем, 44,5 тонна сабан дайындалыпты. Жалпы 7,2 мың тонна күздік бидай, 27,1 мың тонна жаздық арпа, 10,5 мың тонна дәндік жүгері жиналған. Бұдан басқа, аудан аумағындағы 7166 гектар шабындықта және орман шаруашылығына қарасты Мойынқұм мал жайылымдарында шөп ору жұмыстары жүргізіліпті.

2022-2023 жылы Мойынқұм, Көделі, Шәйхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл және ауылдардағы мал жайылымдарындағы 255 базда аудан шаруашылықтарының малы қыстатуда, оның ішінде барлығы 76 ірі қара, 135 қой-ешкі, 44 жылқы базда. Мойынқұм өңірінде орналасқан 59 баздың 9-ына 3261 бас мүйізді ірі қара, 39-ына 54976 бас қой-ешкі, 11-іне 3653 бас жылқы қыстауға түскен.

Мал жайылымдарында мал қыстатуға жем-шөп көлемі жеткілікті дайындалған. Қала маңына жақын орналасқандықтан шаруашылықтар қажетті мал азығын Тараз қаласындағы сауда нүктелерінен алуда. Жеке сектор құнарлы мал азығымен өздерін қамтамасыз етуде. Аудан орталығында мал азығын сатумен айналысатын 2 жем сататын дүкен, 5 шөп сататын шаруашылық жұмыс істеуде. Бұл дүкендерде 1 килограмм бидай 130, арпа 120, жүгері дәні 110, кебек 85 теңге, пішен шөп 1 түк бағасы 700-1000, жоңышқа түгі 1200 теңгеден сатылуда. Жеке сектор құнарлы мал азығымен өздерін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар ауданда қуаттылығы сағатына 5 тонналық құрама жем шығаратын «Елдәулет» ЖШС жұмысын істейді.

Ауданда экскаватор «ЭЦ 35» -1, «МТЗ 82» — 1 күрегішімен, «МТЗ 80» -1, «КамАЗ» -2, «Газ 53» -1, «Зил 130» -1 техника және 400 тонна құм, 100 тонна тұз дайындалған. Төтенше жағдай туындаған кезде қажетті техника түрлері бар жеке тұлғалармен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымен келісімшарттар жасалған.

Байзақ ауданы бойынша қыстаулар саны – 285, оның ішінде Мойынқұм өңірінде орналасқаны – 179. Құм өңірінде – 22150 бас мүйізді ірі қара, 169200 бас қой-ешкі, 6 300 бас жылқы, 350 бас түйе малы бағылуда. Мал қыстату – Көделі, Еден, Есқара, Сасай, Теріскенді, Балақ дала, Қос-шұрат, Көк-шұрат, Жолбарысты, Дөңгелек, Қос-құдық, Төре, Арғын-қамалған, Аяқ көл, Түлей телімдерінде орналасқан.

Қыстау орындарындағы малшы үйлері, қашарлары және баздары 90 пайыз жөндеуден өткен. Ауданда мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. 2022 жылы жалпы аудан бойынша 30 023 гектар шөп шабылды. Оның ішінде 5 051 гектар шабындық, 24 972 гектар көпжылдық шөп. Бүгінгі күнге аудан бойынша аталған алқаптардан 203 716 тонна пішен, 50 574,7 тонна сабан, 11 590 тонна пішендеме және 10 000 тонна сүрлем дайындалған. Аудан шаруашылықтарының малы құнарлы азықпен қамтамасыз етілуі 85 пайыз. Жетіспейтін бөлігін аудандағы құнарлы жем сататын дүкендерден сатып алады. Солтүстік облыстардан жем сатып алуға келісімшарт жасалмаған. Ауданда құнарлы жем сатумен 6 кәсіпкер айналысады. Аудан көлемінде пішен шөптің түгі 800-900, жоңышқа 1 100-1 200, кебектің килограмы 80, арпа 90 теңге, бидай 110 теңге. Шалғайда орналасқан шаруашылық құрылымдары өздеріне қажетті құнарлы мал азығын тиісті жерге өз көліктерімен жеткізіп отыру мәселесі шешілген.

Мал қыстату барысында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда қожалық иелерінің қарамағындағы техникаларымен жолды тазалап тұрады. Бұдан бөлек, ауданның жол жөндеу бөлімінен 2 жол тазалағыш автогрейдер көлігі қосылады. Бұдан бөлек, әр шаруашылық иесі мен малшы қауымы мобильді телефонмен жабдықталған. Қыс мезгілінде қауіпті мал ауруларының алдын алу бойынша екпелер егіліп, тиісті жұмыстар атқарылыпты. Дезинфекция және дезинсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралардың орындалуы уақыт бойынша жүргізілуде. Қыстау орындарында әр шаруашылықтың өзіне тиісті шахталы құдықтары бар. Құдықтарға помпалы моторлар орнатылған. Барлық шаруа қожалықтары күн батареяларымен қамтылған.

Жамбыл ауданында мал қыстату науқанына 203,4 мың шартты мал басы түседі деп жоспарланған. Шартты мал басына дайындауға қажетті шөп – 182,5 мың тонна, пішендеме – 7 мың тонна, сабан – 47,2 мың тонна болса, ауданда барлығы 43,2 мың гектар жер шөп шабуға белгіленген, оның ішінде көпжылдық шөп 30,9 мың гектарды құрайды. Нақты барлық шабылғаны 41,9 мың гектар, оның ішінде 30,9 мың гектар екі орым көпжылдық шөп, 1,6 мың гектар табиғи шөп. Көпжылдық шөптің түсімі орта есеппен әр гектардан 230-250 дана түктен. Барлық орылған гектардан 192,8 мың тонна жоңышқа, және табиғи шөп жиналды. Сонымен қатар 10,0 мың тонна сүрлем, 47,2 тонна сабан дайындалды. Жалпы, 35 мың тонна күздік бидай, 48,6 мың тонна жаздық арпа, 13,9 мың тонна дәндік жүгері жиналған. Шөп ору науқанына 105 өзі жүретін комбайн, 122 шөп тайлағышымен жұмыс істеді.

Шу ауданы бойынша 303 мал қыстау орындары бар, оның ішінде 46 қыстақ аудан орталығына жақын жерде, ал шалғайдағы мал қыстақтары 257 қыстау орындарын құрайды. Ауданда мал қыстақтары үш аймаққа бөлініп орналасқан. Шоқпар аймағында 93 шаруашылықтың қорасы орналасқан. Онда 65 659 мал қыстайды. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 4 787, жылқы – 2 162, қой-ешкі – 58 710 бас. Дайындалған шөп көлемі – 36 155 тонна. Жайсан аймағында – 106 шаруашылықтардың қыстаулары орналасқан, онда мал басының саны – 80 830, оның ішінде мүйізді ірі қара 4 778, жылқы 1 679, қой-ешкі 85 294 бас. Дайындалған шөп – 66 327 тонна. Құмды аймақ – 104 шаруашылықтың қоралары бар, онда мал басы – 56 945 бас. Оның ішінде – мүйізді ірі қара – 6 954, жылқы – 1 530, қой-ешкі – 48 370 бас, түйе – 91 бас. Дайындалған шөп – 72 418 тонна.

Мал жайылымдарында мал қыстатуға жем-шөп көлемі жеткілікті дайындалған. Аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері өздеріне тиесілі егістік жерлеріне арпа және көпжылдық шөп еге отырып, құнарлы азықпен толық қамтылған. Жетіспейтін құнарлы жемді сатып алуда, ауданда құнарлы мал азығын сатумен айналысатын 14 дүкен жұмыс істейді. Бұл сауда орындарында 1 килограмм бидай – 130, арпа – 120, жүгері дәні – 110, кебек – 85 теңге, пішен шөп 1 түк бағасы 700-1000 теңге, жоңышқа түгі – 1200 теңге. Жеке сектор құнарлы мал азығымен өздерін қамтамасыз етуде.

Мал қыстату кезінде төтенше жағдай туындаған кезде жол ашып дайындайтын ауданда жол құрылыс мекемелерінің және коммуналдық шаруашылықтың жол тазалау техникасы және әр ауыл округінде шаруашылықтардың техникаларының көмегімен жасалатын көрінеді.

Мал қыстату науқаны басқа аудандарда да бірқалыпты жағдайда өтіп жатыр дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары. Ең бастысы – қыстың тосын мінезінен төтенше жағдай туындамаған. Дегенмен әлі қаңтар айының жартысы өткен жоқ, алда ақпан бар. Наурызда да арқаны кеңге салуға болмайды. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген шаруашылық құрылымдарының жетекшілерінен бастап, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, аудан әкімдерінің есінен шықпаса дейміз.

 

Амангелді ӘБІЛ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support