- Advertisement -

Асқар Әбдуәлі әлемі

259

- Advertisement -

Бір қызығы, өзімнің әлденеше ондаған жылдарға кететін журналистік қызметімде талай кәсіптің басын ұстаған жақсылар мен жайсаңдар туралы қалам тербей жүріп, ғылым мен жоғары білім беру саласының ел таныған майталман мамандары, сол саланың шыңына шыққан танымал қайраткерлері туралы жазбаған екенмін. Сәті түсіп, тәуелсіз Қазақ елінің осы заманғы тарихын жасаушы айтулы ғалымдар шоғырында өзіндік орны бар, тарих ғылымының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, дәл қазіргі кезде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті болып қызмет атқарып жүрген Асқар Бегадылұлы Әбдуәлі туралы толғағанда әжептәуір қиналғаным рас. Дегенмен ғылымдағы, білім саласындағы, қоғамдық қызметтегі айтулы еңбектері ел аузында жүрген, соңғы жиырма жыл көлемінде таныстық-білістікте, сәлеміміз түзу жүрген азамат туралы оқырмандарыммен ой бөлісуге тәуекел еттім.

Жалпы, адамның өзінің өмір жолын, кәсібін таңдауында, менің ойымша, көп кездейсоқтық бола бермейтіні анық. «Талапты ерге нұр жауады» деп жатады ғой дана халқымыз. Болатын бала арман-мақсатына сәби шағынан-ақ құлаш сермейді. Бүгінде өмірде де, ғылымда да талай биікті бағындырған кейіпкеріміз өзінің ғылым жолын қалай таңдағандығы туралы әңгіме қозғағанда;

– Мектеп қабырғасында жүргенде Үрімбай Әлімбаев деген тарихтан сабақ беретін ұстазым болды. Әр сабағын тартымды, қызықты етіп өткізетін. Ежелгі Грек, Рим тарихынан толғағанда ғажайып бір ертегі әлеміне кіріп кеткендей әсерде болатынмын. Бәлкім, тарихшы болуыма сол Үрімбай ұстазымның ғибратты, толғанысты әңгімелері болашақта тарихшы болуыма, сөз жоқ ықпалы болды, – деп еске алады Асқар Бегадылұлы.

Кейіпкеріміздің өмір жолы туралы кейінірек кеңінен тоқтала жатармыз. Ол кісінің ғылымдағы алғашқы ізденістері, ғылыми зерттеулері, осы саладағы қол жеткен жетістіктері оңайлықпен бола қалған жоқ. Ол кісінің ұстанымы – ақыры, тарих сияқты тартымды ғылым саласын таңдаған екенсің, оның барлық қатпары терең қиындықтарына, саясатпен, заманмен құбылып тұратын құйтырқылықтарына төтеп беруің керек.

Асекең кешегі кеңестік кезеңде де, бүгінгі тәуелсіздік заманында да жоғары білім саласында қатардағы оқытушылықтан бастап бірнеше жоғары оқу орнының ректорына дейінгі және ғылым жолында аспирант, ғылым кандидаты, доцент, ғылым докторы, профессор дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Басқа саланы қайдам, осы тарих ғылымы үшін жүйенің өзгеруі, қоғамдық формацияның ауысуы тарихшы ғалымдар үшін үлкен қиындық тудырғаны анық. Бүгінде айтуға оңай, «кезінде басқаша сайрап еді, бүгінде өзгеше құбылды» деп.

Рас, Асқар Әбдуәлі, оның басқа да замандастары кезінде СОКП тарихының, ғылыми коммунизмнің, кемелденген социализмнің қыр-сырын зерттеді. Уақыт солай болды, заман соны талап етті. Қазіргі атақты академиктеріміз, ұлттық ғылымымыздың қаймақтары кеңестік кезеңде социализм идеяларының сөзін сөйледі, насихаттады. Асекең де осы тақырыптар төңірегінде кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейіннен, дәлірек айтқанда 1991 жылы желтоқсанда еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады. Ғылым кандидаты болып жүрген Асқар Әбдуәліге докторлық атақ алуы үшін тақырып таңдау керек болды. – Студенттік кезден ұстазы әрі ғылыми кеңесшісі болған Жанұзақ Қасымбаевпен докторлық зерттеу тақырыбы жөнінде ақылдасады. «Ол кісіден мен:

– «XVIII-XIX ғасырдағы Қоқан-Қазақ қатынастары тақырыбын зерттесем қалай болады? – деп сұрадым.

Ғалым ұстазым сонда:

– Қоқанмен қатынасымыз саған жақындау, бірақ ол ешқайда кетпейді. Кез келген уақытта оған келесің. Одан да сен алыстау Хиуа хандығымен қатынасты тереңірек зерттегенің жөн болады, тың тақырып, көп ізденуіне тура келеді – деп өз тұжырымын айтқан.

Мен ұстазымның кеңесіне құлақ түрдім. Сол бағытта тереңдетіп зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Докторлық диссертациямды табысты қорғап шықтым» – деп еске алады Асекең…

Тарихта, қоғам дамуында бетбұрысты кезеңдер болып жатады. Алып держава болған Кеңес Одағының тарауы, социализмнің келмеске кетуі, тоталитарлық мемлекеттің құрсауында болған ұлттық республикалардың тәуелсіздігін жариялауы, әсіресе, тарихшылар үшін ғылымның кең көкжиегін ашты. Өйткені, тәуелсіздігін алған мемлекеттегі тарихшылар өздерінің бағыттарын жүз пайызға өзгертті. Өмір бойы оқып келген, машықтанған, сара жолына түскен тақырыптарынан, оқулықтарынан, әдебиеттерінен тұтастай бас тартты. Қазақстанның жаңа тарихын жасауға кірісті. Тыңнан түрен салуға тура келді. Әлі де болса, тарихшыларға айтылып жатқан сындар да аз емес. Бірақ, сол тәуелсіз Қазақ елінің тұтастай жаңа тарихын жасап жатқандардың бел ортасында өз елінің патриоты, мемлекетшіл, ұлтын сүйетін азамат, дәл бүгін жеті белесті артқа тастап, жетпістің жоталы биігіне шығып отырған Асқар Әбдуәлі бауырымыздың жүргендігін мақтанышпен айта аламыз.

Алматыдағы сол кездегі Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітіріп келгеннен кейін еңбек жолын Жамбыл педагогикалық институтынан бастады. 1979-1982 жылдары тарих және саясаттану кафедрасының оқытушысы, 1983-1988 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында зерттеушісі-стажер, аспирант болды. 1988 жылы тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін табысты қорғап шықты. 1989-1996 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Сөйтіп, Асқар Әбдуәлі бұдан былайғы аса ауқымды ғылыми және педагогикалық, басшылық қызметіне жақсы негіз қалады.

Жоғары білім беру саласында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күрделі өзгерістер болып жатты. Осынау ауқымды реформалардан бұған дейін үш іргері жоғары оқу орны болған Тараз қаласы да шет қалған жоқ. Дәл осы жылдары Тараз мемлекеттік университеті құрылды. Алғашында қаладағы бірегей 3 бірдей жоғары оқу орнының басын біріктірген Тараз мемлекеттік университетіне тәуелсіздік талаптарын орындай алатын жаңа көзқарастағы ғалым, педагог кадрлар керек болды. Солардың таңдаулыларының шоғырында өзіміздің Асқар Бекадылұлы жүрді. 1996-2001 жылдары университетте кафедра меңгерушісі, әлем тілдері факультетінің деканы, 2001-2003 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді.

Қазіргінің биігінен қарап отырсаң, тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдық кезеңін құрайтын бұл уақыт шын мәнінде күрделілігімен, қиыншылықтарымен есте қалары анық. «Жалғыз ағаш орман болмайды». Асқар Әбдуәлі қоғам дамуының аса күрделі осы кезеңінде Галимолла Сайденов, Мұхтарбай Өтелбаев, Базар Дамитов, Апутан Шуканов, Уәлихан Бишімбаев, Марс Үркімбаев және замандастары Әбдіманап Бектұрғанов, Махметғали Сарыбеков сияқты абзал азаматтарымен, жоғары білім беру ісінің белгілі ұйымдастырушыларымен қанаттаса, қабаттаса жүріп, солардың басшылығымен жұмыс істеді, тәрбие-тәлімін көрді, үлкен ғылыми педагогикалық мектептің қазанында қайнады. Сол азаматтардан үйрене жүріп қызмет сатысымен өсті, тарих ғылымының сара жолына түсті. Өзі де шәкірттер тәрбиелеп жатты…

1999 жылы Түркістандағы әйгілі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиетінің Таразда бөлімшесі ашылды. Бұл оқу орны 2003 жылы қазақ-түрік университетінің Тараз институты болып қайта құрылды. Міне, Асқар Әбдуәлінің осы институттың директор болып тағайындалуымен оның ғылыми-педагогикалық қызметіндегі іргелі өзгерістер басталды. Әрине, өсемін, елге қызмет етемін деген, халқын білім нәрімен сусындатамын деген азаматқа ең алдымен талап пен талғам, білім мен білік, ұйымдастырушылық қабілет, жұғысты адами қасиеттер болуы керек. Бұның барлығы Асекеңнің тұла бойынан табылатындығына ол қызмет атқарған оқу орындарының педагогикалық ұжымдарының, ғылыми ортаның көзі әбден жеткен болатын. Оның үстіне жоғары білім беру саласындағы осыған дейін жинақтаған мол тәжірибесін, ғылыми потенциалын және адами-іскерлік қасиеттерін тани білген сол кездегі Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрі болып қызмет атқарған қарымды қайраткер Жақсыбек Құлекеев жақсы тани білді және қазақ-түрік университетінің Тараз институтына директоры болып келуіне тікелей ықпал етті.

Жалпы, Асқар Әбдуәлінің өмір өткелдерін саралағанда оның педагогикалық, ғылыми және қоғамдық-саяси қызметіне айрықша жеке-жеке тоқталған жөн деп есептеймін. Осы салалардың барлығында ол өзінің тамаша қолтаңбасын қалдырған азамат.

Әрине, жеке оқу орнына басшы болып келгенге дейін біраз тәжірибе жинаған, үлкен мектептен өткен ол жаңадан ұйымдастырылып, құрылып, шағын бөлімшеден институт болып қалыптасып жатқан оқу орнының алда атқарылуға тиісті шаруалары шаш-етектен еді. Институттың екі корпусында 1928 ғана студент оқиды екен, кітапханасындағы кітап қоры бар болғаны 22 мың ғана дананың төңірегінде. Ал сол кезде оқу орнында 115 қана оқытушы-профессор бар болатын. Олардың 42-сі ғана ғылым кандидаты еді. Араларында бірер профессор болғандығын айтуға тиістіміз. Бұл ЖОО-ы үшін үлкен көрсеткіш емес еді.

Мұндай жағдайда жаңа басшы не істеу керек? Ең алдымен Асекең оқу орнының ғылыми потенциалын көтеруді мақсат тұтты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен профессорлар Н.Өсеровты, Х.Әлжановты, Астанадан Т.Алдарбековты, ТарГУ-ден М.Қалдаровты, К.Рыспаевты, Ж.Абдулланы, Қ.Тоқжігітовты, М.Мұратбековты, ғылым кандидаттары Р.Байлыбековті, П.Мамедованы, Т.Күреңкеевті, Б.Күреңкеевті, С.Досыбаевты, А.Наурызбековті, Д.Күреңкееваны, Т.Аязбаевты, Б.Мүслімовты, К.Тастанбекованы, барлығы 50-ге тарта ғылыми атақ-дәрежесі бар ұстаздарды өзіміздің Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан арнайы шақыртты. Олар өз кезегінде институттың сапалы және нәтижелі дамуына өз үлестерін қосты.

Мынаны қараңыз, 2004-2010 жылдар аралығында студенттердің саны 7,5 мыңға жетіп, көптеген жаңа мамандықтар бойынша кафедралар мен факультеттер, ғылыми орталықтар ашылды. Бес факультет, жиырма кафедра жаңадан ашылып, оларда 380 профессор-оқытушы, оның ішінде 23 ғылым докторы, 130 ғылым кандидаты студенттерге дәріс берді. Институттың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Асқар Әбдуәлінің тікелей бастамасымен «Шерхантану» орталығы ашылып, өзінің жемісті де жеңісті қызмет жолын бастады. Сол «Шерхантану» орталығы бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты жанында кешенді әрі нәтижелі жұмыс жүргізуде.

2010 жылы Асқар Әбдуәлі бес үміткермен ашық бәсекеде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректорлығына конкурсқа қатысып, айқын басымдыққа ие болды, сөйтіп Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрі Ж.Түймебаевтың бұйрығымен ректор болып тағайындалды. Асқар Бегадылұлының ізденіске толы еңбек жолы аймақтағы ұстаздардың ұясы болған іргелі оқу орнында өзінің жемісті жалғасын тапты. Екі үш жылда институттың жаңа басшысы студенттер санын 4,5 мыңнан 7,5 мыңға жеткізді. Уақыт талабына сай аударма ісі, әлеуметтік педагогика, кітапхана ісі, мәдени тынығу жұмысы мамандықтарына студенттер қабылдай бастады. Педагогика ғылымдарының соңғы жетістіктері негізінде жаңа тұрпатты мұғалімдер даярлауға баса назар аударылды.

Институттың халықаралық деңгейдегі байланысы нығайды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 2010 жылдың қыркүйегінде университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Бірқатар алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен келісімшарттар жасалып, халықаралық деңгейде университет ғалымдарының және студент зерттеушілерінің қатысумен үлкен жұмыстар атқарылды, тәжірибелер алмасылды. Бұл өз кезегінде оқу орнының ғылыми және білім беру мүмкіндігін едәуір кеңейтті. Институт 2012 жылы қаладағы ЖОО арасында тұңғыш рет аккредиттеуден өтті. Бұл сол кез үшін үлкен көрсеткіш болды.

Жоғары оқу орындарының ректоры лауазымды қызметін атқарған азаматтар туралы әңгіме өрбіткенде, әрине, олардың ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, іскерлік бейнесі, оқу процесіндегі жетістіктерін айтумен қатар ғылым саласындағы дербес табыстары туралы арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз. Асқар Әбдуәлі – Қазақстанның осы заманғы тарих ғылымындағы танымал тұлғалардың бірі екендігі дау тудырмайды. Тәуелсіздік жылдарында ол отандық тарих ғылымында өзі таңдаған негізгі бағыттар бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алды. Жоғарыда атап айтқанымыздай Қазақ-Хиуа қатынастары туралы іргелі зерттеулер жүргізді.

Жалпы Асекең бүгінде осы сала бойынша еліміздегі танымал ғалым. Тарих ғылымы саласындағы екінші бір оның айтулы еңбектері М.Х.Дулати мұрасымен байланысты. 1999 жылы мамыр айының соңына қарай қазақ халқының ұлы перзентінің 500 жылдығына орай Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысы шыққан болатын. Осы құжат аясында сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Уәлихан Бишімбаевтың жетекшілігімен құрамында тарихшы, шығыстанушы ғалымдар Әбдісаттар Дербісәлі, Тимур Бейсембиев, Асқар Әбдуәлі, тарихшы-журналист Бақытяр Әбілдаұлы бар қазақстандық делегация екі апта бойы бастапқыда Дели қаласындағы университетте ортағасырлық қазақ тарихына қатысты маңызды құжаттармен, қолжазбалармен танысып, Жамму-Кашмир штатының орталығы Сринагар қаласындағы Кашмир университетінде ғылыми тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстарын өткізіп, осындағы М.Х.Дулати бабамыз жерленген қорымда болып, туған жерден арнайы әкелінген топырақты қойып, зиярат жасады. Ұлы баба жерленген орыннан алынған топырақ кейінірек Тараз қаласына жеткізіліп, Тараз мемлекеттік университеті бас корпусының алдынан бой көтерген еңселі ескерткішке қойылды.

Қазақстандық бір топ шығыстанушы, тарихшы ғалымдардың Үндістанға сапарынан кейін Қазақстан тарихы ғылымында Дулатитану бағытының қалыптасуына жол ашылды, осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бетбұрыс жасалды. М.Х.Дулати атындағы университетте Дулатитану ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, Асқар Әбдуәлі оның алғашқы жетекшісі болды. Дулатитану орталығының ұйымдастыруымен ірі шығыстанушы, тарихшы ғалымдар Мекемтас Мырзахметұлы, Әбсаттар Дербісәліұлы, Ислам Жеменей, Мұхтар Қазбек және басқалардың қатысуымен Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар, әртүрлі деңгейдегі жиындар, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Осы жылдар отызға жуық ғылыми еңбек жарияланды.

Ислам Жеменеймен «Дулатидың тарихи әлемі», тарихшы журналист Бақытяр Әбілдаұлымен «Мұхаммед Хайдар Дулати және Кашмир» деген кітаптар шығарды. Зерттеу еңбекте ұлы бабаның Кашмирде он жыл билік құрған кезеңі жан-жақты баяндалады. Сонымен қатар ұлы Бабыр мен М.Х.Дулати арасындағы қарым-қатынастарға арналған бернеше тың мақалалар жариялады.

Тарихшы ғалым Асқар Әбдуәлінің ғылыми шығармашылығының, әрине, үшінші бағыты Қазақ хандығының құрылуымен, қалыптасуымен, кейінірек оның ыдырауымен тікелей байланысты екенін айтуға тиістіміз. Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы қарсаңында ол ұлттың мерейін үстем ететін, жастар бойында өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезімін оятатын маңызды іс-шаралардың қалың ортасынан табылды. Сол кездегі университет ректоры Махметғали Сарыбековтің тікелей қолдауымен 2015 жылы мамыр айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдармен бірлескен «Ұлы көштің жолымен» атты тарихи-археологиялық экспедициясын ұйымдастыруға тәуелсіз елдің азаматы, тарихшы ғалым, білікті ұстаз-басшы ретінде мұрындық болып, осынау игілікті шаруаның басы-қасынан табылды. Маңызын түсіне білгенге бұл бірегей жоба болатын.

Асекең өзі тікелей жетекшілік жасаған экспедиция 16-21 мамыр аралығында Жамбыл облысы аумағында Жәнібек пен Керей сұлтандардың көшінің жолымен жүріп отырып, Қазақ хандығының құрылуына қатысты жазба деректер мен аңыз-әңгімелерді, осы тарихи оқиғаға қатысы болған жер-су атауларын зерделеп, хандықтың құрылуымен байланысты болған археологиялық нысандарды анықтап, картаға түсіріп қайтты. Бұл шеті мен шегі көрінбейтін ғылыми жұмыстың басы, қайнар бұлағы болды деген тұжырым айтуға толық негіз бар. Осы экспедицияның қорытындысымен 29-30 мамыр күндері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл үлкен шаруаның басы-қасында әрине, Асқар Әбдуәлі жүрді.

Санамалай берсек, Асқар Бегадылұлының жоғары білім беру саласындағы ерен еңбегі, тарих ғылымындағы ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, өзі басқарған үлкен ғылыми-педагогикалық ұжымдар алдындағы абырой-беделі үлкен әңгімеге, құрмет пен мадақ-мақтауға лайықты деп санаймыз. Оның XVIII ғасырдың екінші жартысы және XIX ғасырдың 60 жылдар аралығында Хиуа хандығы мен Қазақстанның қарым-қатынас тақырыбындағы ғылыми-зерттеулері кезінде өзінің лайықты бағасын алды және осы тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кейінірек XIX ғасырдағы Қоқан билігі тұсындағы тарихымызды да Асекең тереңінен зерттеді. Осы орайда ол кісінің өзінің тікелей бабасы болып келетін Байзақ датқа туралы және ол өмір сүрген уақыт жөнінде жазған тарихи еңбектерінің маңызы зор болды. Жалпы, Асқар Әбдуәлі 200-ден аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің, оның ішінде 15 монографияның, оқулықтар мен оқу құралдырының авторы.

Ал енді Асқар Бегадылұлының қоғамдық-саяси қызметіне тоқталатын болсақ, үлкен лауазымдық қызметте және өтпелі кезеңде Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттей жүріп, облыстың қоғамдық-саяси өмірінен шет қалған емес. 2008-2014 жылдар аралығында ол облыстық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде маңызды саяси науқандардың бел ортасында жүрді. 2021 жылдың сәуір айынан бері «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы қоғамдық жұмысын белсенділікпен атқаруда. 2020 жылдан бергі уақытта кешегі ТИГУ, бүгінгі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында бірінші проректор, вице-президент ретінде оқу орнының дамуына өз үлесін қосуда.

Ал енді азаматтың мынау құбылмалы қоғамнан, өмір сүріп жатқан ортасынан өзінің лайықты орнын табуына, оның өмір белестерінен қиналмай, сүрінбей өтіп, айтулы азамат болып қалыптасуына қасындағы Құдай қосқан өмірлік жары Ғалымханның ықпалы мен көмегі, қолдауы мен демеуінің зор болғандығын айтуға тиістіміз. Қырық жылдан астам үздіксіз ұстаз болған асыл жары Ғалымхан туралы Асекеңнің өзі бір әңгімесінде:

– Келіншегім Ғалымхан Семейдің Үржарының қызы. Әскерді бітіріп, институттың даярлық курсына барғаннан бірге оқыдық. Оқуға түскеннен кейін де бес жыл қатар жүрдік. Тіптен, жатақханадағы бөлмелеріміздің есіктері де бір-біріне қарама-қарсы болатын. Кейде жұбайыма «Алматыда қалың қыздың ортасында жүріп, Алла тағала сені маған осылайша байлап-матап бұйыртқан ғой» деп қалжыңдап отырамын, – деп еске алады.

Шындығында, шеті-шегі шексіз ғылым мен білім саласында осыншалықты табысқа жетіп, абыройға бөленіп жүрген Асқар Бегадылұлының жетістіктерінің бір ұшы Ғалымхан сынды ару ананың пейілі мен дархандығында да жатқан шығар.

Бүгінде Асқар Бегадылұлы мен Ғалымхан ана екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп. оқытып, өмірден өз орындарын табуына мүмкіндік жасап, олардан 11 немере сүйіп отырған бақытты ата-әжелер. Балаларының бірі жауапты мемлекеттік қызметте, үлкен ұлы кәсіпкер болса, қызы әке жолын қуып, ғылым кандидаты атанды.

Асқар Бегадылұлының қазақтың ұлттық жаңа тарихын қалыптастырып дамытуға, облыстың жоғары білім беру саласын тәуелсіздік талаптарына сай қайта құрып, өркендетуге, мәдени-рухани өмірін жандандыруға қосып жүрген үлесі елдің көз алдында, жерлестерінің абыройлы азаматтың өркенді істеріне ризалығы шексіз. Ел алдындағы сіңірген еңбектері әр жылдары жоғары бағаланып отырды. 2013 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен, 2008 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұған бірнеше мемлекеттік мерейтойлық медальдарды, Ыбырай Алтынсарин атындағы медалін, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісін, басқа да салалық марапаттарды қосыңыз. Мұның барлығы Асқар Әбдуәлінің ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесі деп қабылдағанымыз дұрыс болар. Жақында Асқар Әбдуәлі Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Мұндай абырой мен атақ бір азаматқа аз болмаса керек. Біз азамат, ғалым, ұстаз, асыл жар, ардақты әке, абыз ата Асқар Әбдуәлі әлемін шама-шарқымызша әңгіме етуге талпыныс жасадық. Біз білетін, біз түсінген Асекең осындай жан.

 

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support