- Advertisement -

Аңырақай ақиқаты

327

- Advertisement -

Қасиетті қарт тарихта қазақ ұлысы небір нәубетті бастан кешті. Бабалардың қанымен жазылған сол тарихты ананың ақ сүтін емген кез келген ұрпақтың ұмытпайтыны анық. Себебі Ұлы Даладағы әрбір тарихи оқиғаға туған жердің орманы мен шөлі, өзені мен көлі, теңізі мен тауы куә, мәңгілік өз құнын жоймайтын жауһар жәдігерлер дәлел. Соның бірегейі – атақты Аңырақай шайқасы, қасиетті Қаратаудың басына бұлт үйіріп, жоңғар шапқыншылығына ауыр нүкте қойған «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына биыл үш ғасыр толады.

Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор оқиғалардың бірі – Аңырақай шайқасы. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға дейін созылды. 1997 жылы Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен тарихшы Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да айрықша мән берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда да Аңырақай шайқасының белгілері бар.

Сол сияқты бүгінгі Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының маңында да Сұңқайты (Сұмқайтты) жері кездеседі. Ал Тараз қаласының шығысында Әбілқайыр сайы бар. Халық ауыз әдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мәлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы мен құрал- саймандары көптеп табылды.

1729 жылдың мамыр-маусымы, кейбір деректерде 1730 жылы біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Болат ханның бастауымен үш жүздің хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билер (Төле, Қазыбек, Ақсуат), сұлтандар, батырлар қатысқан Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі (бас қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланған) жауға қарсы бірыңғай стратегиялық шабуылға шығуға мүмкіндік туғызады.

Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келген (1727). 1723 жылдан бастап еліміздің Шығысы мен Жетісуды, Оңтүстігін, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хан тауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталады) жиналды.

Бұл таулардың бауырында «Үлкен Орда қонған» деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқас солтүстік Балқаш, оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы беделді жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді.

Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы Шапырашты Наурызбай да қатысқан.

1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды.

Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобына Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар жетекшілік етті. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сыйынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай атына ие болды.

Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты.

Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай және тағы да басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті.

Десек те, соғыстың зардабы да ауыр болды. 1723-1730 жылдардағы оқиғалар туралы Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф Мақаш Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 миллион 330 мың болса, 1725 жылы 2 миллион 222 мыңға азайған.

1730 жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-талқанын шығарып, жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жәнібек батыр», «Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» секілді жырлар жазылды. Олардың аты ұранға айналып, ел ардақтайтын аруақты жандар дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын Қазақстанның әр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723-1730 жылдардағы шайқастарда ерлік көрсеткен ұлт қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.

Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мәдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуының қазақ қоғамының экономикалық және мәдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды.

Қазақ рулары сауда және қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар әлсіреді.

Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісінен кейін жоңғар шапқыншылығы нәубетіне нүкте қойылды. Бұл біздің ұлттық тарихымыздағы ұлы жеңіс еді. Жеті жылға созылған сұрапыл соғыс халқымыз үшін жеңіспен аяқталып, Алаш даласы азат болды.

Сол ұлы шайқастың бірі Жамбыл жерінде өткені де тарихтан белгілі. Жалпы, бұл соғысты төрт бөлімге бөліп айтуға болады. Ең бастауы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Сұмқайттыда, Әбілқайыр жазығында болғанын айттық. екіншісі, Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарының шекарасында жатқан Ойрандыда орын алды. Бұл жерде қазақ әскерлері жоңғарлардың қоныстарын тас-талқан етіп жіберді. Үшіншісі, Құлжабасыда өткен. Құлжабасы шоқысы – 1729-1730 жылдары 40-45 күндік Аңырақай шайқасы болған жерлердің бірі. Ол Қордай ауданының Отар станциясы мен Шоқпар станциясының аралығындағы «Қордай» разъезінің оңтүстігінде 15-20 шақырымдай қашықтықта тау сілемдерінің арасынан дараланып тұр.

Құлжабасы жайындағы аңыздарда Аңырақай шайқасы кезінде қазақ сардарлары мен сарбаздарына тірек болған, әрі осы жерде маңызды биік шоқыны иемдену үшін екі арада кескілескен ұрыс болған жер екендігі айтылады.

Құлжабасы биіктен ұрыс даласын бақылауға өте ыңғайлы шоқы болғандықтан, Төле би мен Қазыбек би кеңесе келе қазақ қолын басқаруға ержүрек, жас сарбаздардың бірін қойған, ал қарама-қарсы бағытта

Сарбастаудағы «Доржы» биігінде қалмақтың адамы отырады.

Тарихи деректерге қарағанда, екі жақтың әскері екі күн аңдысады. Үшінші күн таңертең қазақтың сарбазы сардарына жүгініп: «Осы шоқының басынан өгіздің терісін ағашқа керіп, қанат жасап төмен қарай ұшайын, алыстан көрген жоңғарлар мені көріп зәре-құты кетіп, алды-арттарына қарамай қашсын» деп өтініш айтады. Сардар: «Құласаң мерт боласың, райыңнан қайт» дейді. Ол алып қарақұстың қанатындай өгіздің терісінен қанат жасап, қолына бір қарын айранды қоса алып Қарашоқының биігінен төмен қарай ұшады да қолындағы қарынды жарып ішіндегі айранды төгіп жібереді.

Көп ұзамай құзға соқтығысып қазақ сарбазы мерт болады. Қарама-қарсы «Доржы» биігінде жан-жағына қарап шолу жасап отырған қалмақ сарбазы қайта-қайта көзін уқалап: «Екі күн бойы адам деп отырғаным, алып қара құс болды-ау, саңғыт жасап кетті ғой, әттеген-ай, қазақтардың аруағы басым болды, жеткен жеріміз осы болды», деп өкінген екен. Сөйтіп, соғыста қазақ қолы жеңіске жетеді.Төртінші, қасіретті шайқастың қорытындысы Іленің Балқашқа құяр жері – Аңырақай даласында болды. Осы төрт шайқас қазақ даласын жоңғарлардан азат етті.

Бұл біздің ұлттың тарихындағы ұлы тарихи оқиға орын алған жерлер. Сол кезде рухы жеңіске айналып кеткен баһадүр бабаларымыздың ұрпағы, бүгінгі Сіз бен Біз тәуелсіз, егемен ел болдық. Жаңа Қазақстанға жоспар құрып, Мәңгілік ел болуды мақсат еткен ұлтқа айналдық. Десек те, осындай ұлы оқиғалар орын алған тарихи орындарымызды күні бүгінге дейін өз деңгейінде бағалай алмай жүрген сыңайлымыз. Мәселен, биыл үш ғасырдың бедер биігіне жеткен осы оқиға болған жерлерге әлі күнге дейін алып баратын дені түзу жол жоқ. Жолды қоя берші, сол жаққа бағыттайтын ақпараттық тақтайша да орнатылмаған.

Жоғарыда біз атап өткен Сұмқайттыдағы Әбілқайыр жазығында ғана ескерткіш бар, қалған шайқас орындары жұмбақ мекенге айналғаны қашан. Тарихта белгілі болған топырағы текті орындарда бейбіт күнде бірде-бір белгі орнатылмағаны өз заманында жанын қиып кеткен бабалардың бүгінгі ұрпақтарына үлкен сын екені айтпасақ та түсінікті. Ең өкініштісі, осы орындардың ешқайсысы мемлекеттің қарауында емес. Қарауында болса осы күнге дейін ақпараттық тақтайша не болмаса жол нұсқайтын белгі орнатылатын еді ғой. Мұның барлығы тек жергілікті маңызы бар ескерткіштердің ғана тізіміне алынған. Ең болмаса, үлкен жолдың бойына бағыттаушы тақтайшалар ілінсе де өскелең ұрпақ үшін игілікті істің бір парасы болар еді. Биылғы үш жүз жылдықтың қарсаңында осы мәселе оң шешілсе деген ой бар. Қалай дегенмен, қасіретті оқиғаларды бастан кешкен қасиетті даламызда өткеннің өнегесін өшірмей, өлтірмей, өскелең ұрпаққа өрнектейтін кешенді ескерткіш керек-ақ.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support