- Advertisement -

Ел игілігіне айналған жобалар

96

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – Жаңа Қазақстанды құрудың нақты жолдарын белгілеп берген құжат екендігі даусыз. Мемлекет басшысы осы және алдыңғы Жолдауларында Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жайын назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.

Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет екендігін де қадап айтқан.

Соңғы жылдары ауданда елді мекендерді таза ауыз сумен, табиғи отынмен және жайлы автомобиль жолымен қамту бағытында жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінгі таңда таза ауыз сумен қамтылған елді мекендердің үлесі 63, көгілдір отынмен 85, қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамту – 97,7 пайызға жетіп отыр.

Биыл ауыз су және табиғи газ құбырын тарту, сонымен қатар автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттен 3 611 764 мың теңге қаралған. Оның 2 845 904 мың теңгесі тиісті мақсаттағы жобалардың жүзеге асырылуына бағытталса, қалған 765 860 мың теңге құрылысы өтпелі нысандардың еншісінде.

Автомобиль жолдары бойынша айтатын болсақ, биыл ауданда жалпы құны 1084583 мың теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалар аясында 45,987 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде аудандық мәндегі 26,49 шақырымды құрайтын үш жол бар. Атап айтсақ, біріншісі, Шыңбұлақ ауылына кіреберістегі 7,6 шақырым автомобиль жолы. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Екіншісі, «Күйік-Теріс- Ащыбұлақ» арасындағы 10,63 шақырым жол, үшіншісі, «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автожолы. Оның ұзындығы 8,26 шақырым. Аталған қос жолда орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрамақ.

Биыл 19,497 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 14 жоба қаралған. Көше саны – 18. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақбастау ауылындағы Төле би, Қойгелді көшелері мен «Береке» тұйығы орта жөндеуден өткізілуде. Ал Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерін жөндеуге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 239 042 мың теңгеге 13,8 километр жолды жөндеу үшін 12 жоба бойынша қаржы бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бүгінгі таңда конкурсқа қатысып, ұтып алған мердігерлер құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Жыл қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолының жақсы және қанағаттанарлық үлесі – 75 пайызды құрамақ.

Жол қауіпсіздігіне қатысты техникалық құралдарды орнатуға, күтіп ұстауға және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге биыл аудан бюджетінен қомақты қаржы қаралған. Бұл қаражат бағдаршамды күтіп ұстауға, бейнебақылау мен бағдаршамның электр энергиясына, бейнебақылау антеннасының жалдауына, одан бөлек, 31 жол белгісін орнатып, 27-і жол белгісі жаңартуға жұмсалмақ. Сонымен қатар аудандық мәндегі 46,7 шақырымды құрайтын 13 автомобиль жолы бойындағы орман жолақтарын жырту және жол жиегін тегістеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

Табиғи газ бойынша айтатын болсақ, биыл Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған, Қошқарата, Ақтасты ауылдарына кварталішілік газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде Қошқарата ауылына газ тарту өтпелі болып тұр. Осының нәтижесінде жыл соңына қарай табиғи газбен қамтудың үлесі – 91,8 пайызға артпақ. Сонымен қатар қалған 4 елді мекенге, атап айтсақ, Қарабасатау, Абдықадыр, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылды. Аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендер 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.

Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазір таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны едәуір артқан. Атап айтсақ, ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған елді мекендер саны – 31. Ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда. Қазіргі таңда таза ауыз су құбыры Қоңыртөбе ауылында тартылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Жаңарту» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек, 6 елді мекенге, атап айтқанда, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарына таза ауыз су кіргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарындағы таза ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кетті.

Биыл 4 елді мекен таза ауыз суға қосылып (Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап, Ақтоған) көрсеткіш бойынша 35 елді мекеннің тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ол 71,4 пайызды құрамақ.

Бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады. Сондай-ақ 7 елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарлануда. Бұл санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз су жүйелерін күтіп баптау, алып кету қызметтерін «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқаруда. Бүгінгі таңда барлық 29 елді мекенде 18 нысан мекеме қызметін пайдаланады, тұтынушылардың (абонент) жалпы саны 6 390. Мекеме 396,6 шақырым су тарату желісін, 5,88 шақырым кәріз су желісін, 66 су тарту нысанын, 1 кәріз су айдау стансасын, 4,8 гектар аумақты алып жатқан сүзгі алаңын күтіп баптау және пайдалану жұмысымен айналысады.

Жыл басынан бері мекеме тарапынан келесідей жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Қайрат ауылы Ә.Молдағұлова көшесінде жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбыры жүргізілді. Қошқарата ауылдық округі Ақтасты ауылындағы орталық ауыз су жүйесінде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында су тарту нысанында технологиялық су жүйесімен ауыз суды залалсыздандыратын бактерицидтік қондырғы орналастыратын ғимарат салынуда. Ақсай ауылдық округі Диқан ауылы аймағындағы коммуналдық қалдықтарды көму және полигонды күтіп баптау жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасына сай жұмыстар жалғасын табуда.

Кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен Б.Момышұлы ауылы теміржолдың астыңғы бөлігіндегі көшелердегі тұтынушыларды үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін (Қойбақов, Көктем, Сейтбеков, Абай және Алтынсарин көшесі) орталық ауыз су жүйесіндегі құдықтарда 10 дана ф100 милиметрлік бұранда (задвижка) қойылды. Б.Момышұлы, Көлбастау, Қайрат ауылдарындағы су жүйесіндегі құдықтарда істен шыққан 8 өртке қарсы гидрант жаңасына ауыстырылды. Сондай-ақ Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Талапты, Диқан, Нұрлыкент, Қарабастау, Ақбастау және Теріс елді мекендерінің таза ауыз су жүйесінде орын алған 84 ақау жөнделіп, қалпына келтірілді.

Алдағы уақытта мекеме қаржыға байланысты Диқан ауылында су тарту нысанында сыйымдылығы 50 текшеметр су жинақтау мұнарасын орнату, бұдан бөлек Қызыларық, Сұрым мен Б.Момышұлы ауылындағы үш көшенің орталық ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Өткен жылы 18 көшеге көше жарығы орнатылып, жыл қорытындысымен ауылішілік жолдардың жарықтандырылуы 186 көше немесе 68 пайызды құрады. Биыл 6 ауылішілік көшеге жарық жүйесін жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде 192 ауылішілік көше немесе 70 пайызы жарықтандырылатын болады.

Электр желілерінің жалпы ұзындығы 863,38 шақырымды құраса, 2022 жылға 837 шақырым электр желілерін ағымды және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 388 бағана, 5 трансформатор ауыстырылуда.

 

Роза ҚҰРМАШЕВА,

аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және

автомобиль жолдары бөлімінің

бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support