- Advertisement -

Канал құрылысында қарқын бар

99

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деп Үкіметке алда атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берген болатын.

 

Осы орайда ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында су шаруашылығына көп көңіл бөлінуде. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының Меркі өндірістік бөлімінің басшысы Мәлік Әділқұловтың айтуынша, филиалдың бөлімшесіне қарасты 23 557 гектар суармалы алқабы бар. Олар Меркі, Молалы, Аспара өзендері, Үлкен Шу каналы және басқа да кіші тау – су көздері аудандағы суармалы су көздерінің негізі болып табылады. Аудандағы өндірістік бөлімінің теңгеріміндегі жалпы саны 44 канал жүйесінің ұзындығы 225,47 шақырым, оның 138,91 шақырымы темір бетон науасы, 86,56 шақырымы жерүсті арық жүйесі. Оның ішінде магистральдық канал алтау, жалпы ұзындығы 97,9 шақырым. Атап айтсақ, Үлкен Шу каналы магистральды каналының ұзындығы 37,7, АПТП – 14,2, МПТ – 11,7, Майлыбай – 15,4, Чон – 10,1, Тескен магистральды каналы ұзындығы – 8 шақырымды алып жатыр.

Бұдан бөлек, барлық шаруашылық каналдар он екі, ұзындығы 50,07 шақырым, ішкі шаруашылық каналдары 24, ұзындығы 66,7 шақырым, кіші тау көздері, яғни Молалы мен Жол Ойранды каналдарының ұзындығы 10,8 шақырымды құрайды. Биыл өндірістік бөлімше осы аталған каналдар арқылы жоспар бойынша 34,8 миллион текшеметр су беруі керек болса, ол тиісті межеден асыра орындалды.

Ағымдағы жылы 128 шаруа қожалығы мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді ағын сумен қамтамасыз ету туралы келісімшарт жасалып, 3268,36 гектар алқапқа ағын су жеткізілді. Сонымен қатар бөлімшенің ағымдағы жылға бекітілген су ақысы вегетация кезінде тұтынушылыр пайдаланатын судың тарифі 31 шілдеге дейін 1 текшеметр үшін 0,703 теңге болса, ал 1 тамыздан бастап 1 текшеметр үшін 0,626 теңге болып бағасы төмендеп, бекітілді.

Ауданның ағын су артериясының бірі болып табылатын Аспара бас гидроқұрылғысы 1928 жылы салынып, пайдалануға берілген.Техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Жоғарғы су өткізу мүмкіндігі секундына 40 текшеметрді құрайды. 2018-2019 жылдар аралығында Аспара бас су торабы және Аспара магистральды каналының 7,8 шақырымын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шаруалардың сұраныстары толық қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, өндірістік бөлімшеге қарасты 40 канал қайта қалпына келтірілуде. Оның жалпы ұзындығы 137,39 шақырымды құрайды.

Аспара су жүйесі бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстарын «ТрейдИнтерком» ЖШС жүргізуде. Ол Аспара, Майлыбай магистральды каналдары және 13 ішкі шаруашылық каналдан тұрады. Бес ішкі шаруашылық каналына демонтаж жасалып, науалар қойылды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.

Меркі және ҮШК магистральды канал жүйелерін «Актөбе Нефте Газ Строй» ЖШС қайта қалпына келтіруде. Серіктестік құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың сәуір айынан бастаған. Меркі су жүйесіне қарасты Меркі бас гидроқұрылғы 1967 жылы салынып, пайдалануға берілген. Ең жоғарғы су өткізу қабілеті секундына 65 текшеметр. Бүгінгі таңда бас гидроқұрылғысында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Меркі су жүйесі бойынша Чон, МПТ, Тескен каналдары және 6 шаруааралық Қызтоған, Жартоған, Р-1, Р-2, Р-3, Р-4 каналдары және 8 ішкі шаруашылық каналдары бетондалуда. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жобаны түзетуге байланысты тоқтап тұр.

Үлкен Шу каналы су жүйесі бойынша ҮШК Қырғыз Республикасынан бастау алады. Су өткізу қабілеті секундына 4 текшеметрді құрайды. Бір магистральды ҮШК және 4 шаруааралық Р-2, Р-4,Р-6, Жаңа-Меркі каналдары қайта қалпына келтірілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жобаны түзетуге байланысты тоқтатылды. Оның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Бірақ жобаға түзету енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары бір жыл мерзімге шегерілген.

Бұрынғы одақ тұсында ауданда жерасты су көздерін пайдалану кәсіпорнының теңгерімінде 82 ұңғыма болған. Оның ішінде 46 ұңғыма Меркі өндірістік бөлімшесінің теңгеріміне өтіп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Тендер арқылы 46 ұңғымаға «Еламан» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Бөлінген қаражат 4,3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 27 су ұңғымасы толық бұрғыланып, құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал төрт ұңғыма басында бұрғылау жұмыстары жалғасын табуда.

– Ауданымызда су шаруашылығын дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Әрине, бұл мақтана, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына көп үлесін қосарына кәміл сенімдіміз. Өйткені су бар жерде әркез өнім де, өсім де болмақ. Сонымен қатар ауданымызда осындай аса қажетті су саласын дамыту мен ауыл диқандарын уақтылы ағын сумен қамтамасыз етуде өз үлестерін қосып, қажырлы еңбек етіп жатқан қызметкерлер де баршылық. Атап айтсақ, көп жылдан бері бас есепші болып қызмет ететін Сәуле Суталиева өткен еліміздің ауыл шаруашылығы күні мерекесіне орай Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ жұмысына әркез жауапты қызметкеріміз Үлкен Шу каналы жүйесінің басшысы Бекали Қызылов та Алғыс хатпен марапатталса, тәжірибесі мол осы ҮШК-ың гидротехнигі Аида Абирова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ежелден судың сұрауын білген ата-бабаларымыз айтқанындай, «Ханның жанында отырғанша, судың басында отыр», деген нақыл сөзі бар. Адамзаттың өркендеуі мен болашағына судың маңыздылығы қазіргі таңда да өзектілігін танытуда. Сол үшін әрбіріміз суды үнемді пайдаланып, қадірін білсек, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Мәлік Әділқұлов.

 

Бейбіт БЕКІ,

журналист.

Меркі ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support