- Advertisement -

Сарыкемер ауылында 38 тұрғын үй салу жоспарланған

290

- Advertisement -

ҚР Прнезиденті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», –деп атап өткен болатын. Артынша-ақ Президентіміз «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақтың құтты мекені саналатын ауылға жасалатын жағдайға қуанбаған ауыл тұрғындары қалмады десе де болады. Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз етуді көздеген түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Өйткені баспана – қоғамның ең күрделі проблемаларының бірі. Әсіресе ел тәуелсіздігін алып, өмірге нарық енген жылдары шалғай ауыл тұрғындары базар жағалап, күнкөрістің қамымен қала, қала маңындағы аудандарға үдере көшкенін жақсы білеміз. Міне, сондықтан да ауданда 2014 жылдан басталған тұрғын үй кезегінде бүгінде 1 990 азамат кезекте тұр. Алайда қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Қайта ауданымызда халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Ауданымызда биылғы жылдың өткен 11 айында басқа салалармен бірге құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауданға жыл сайын көшіп келушілер саны артып, оларды баспанамен қамту жұмыстары нәтижелі жүргізілді. Десе де халықты баспаналы ету мәселесін алғашқы кезекте шешу үшін Сарыкемер ауылының бекітілген бас жоспарына сәйкес және типтік үлгі бойынша көпқабатты 38 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Биылғы жылы 4 үйдің құрылысы басталды.

Дихан-2 ауылында 98 гектар (500 жер, су, электр), Базарбай ауылында 47 гектар (240 жер, газ, электр), Жетібай ауылынан 50 гектар (260 жер, электр, су) тұрғын үй алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал бұл аталған алқаптарға 1000 азамат өздерінің жеке тұрғын үй құрылыстарын салуға мүмкіндік алғанын білдіреді. Сарыкемер ауылындағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға электр, газ, су, кәріз жүйесі, тағы басқа да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізілуде.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, аталған осындай жүйелі жұмыстар арқылы аудандағы үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу жоспарланып отыр. Өз басында үйі жоқ азаматтың еңбекке де ынтасы болмайтыны, отбасында да жылылық сезілмейтіні айтпаса да түсінікті. Бұлардан басқа 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бурыл және Құмжота ауылдарының 807,88 гектар құрылыс аймағының жерасты және жерүсті инженерлік-коммуникацияларға түгендеу жұмыстары аяқталды. Үлгілі, Аймантөбе ауылдарында тиісінше 28,9 және 10 гектар тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дамытылды.

Кейінгі жылдары қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының шапағатын көріп отырғандар да аз емес. Мәселен, биылғы жылы осы жоба аясында Қостөбе, Темірбек, Сазтерек, Жаңатұрмыс, Жалғызтөбе, Ынтымақ ауылдық округтерінде тұратын тұрмысы төмен, көпбалалы, аз қамтылған, жалғызбасты 6 азаматқа ауылдастары көмектесіп үй салып берді. Ал жыл аяғына дейін Ботамойнақ, Бурыл, Суханбаев, Бәйтерек ауылдық округтеріндегі осындай асарлатып салынып жатқан 4 үй өз иелеріне тапсырылады деп күтілуде.

Сондай-ақ Көктал, Диқан, Түймекент, Үлгілі ауылдық округтерінде салынып жатқан 4 үйдің кілті өз иелеріне келесі жылы тапсырылады. Ауыл халқын ұйымшылдыққа, мейірімділікке баулитын мұндай игілікті істер ауданда алдағы жылдары да жалғасын таба беретін болады.

Сарыкемер ауылындағы құны 855,945 мың теңге тұратын, қуаты 2х 16000 квтВл 35 кв 35/10 кв екі тізбекті желілі қосалқы станса құрылысы қараша айында басталса, келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Түймекент, Ақжар ауылдарындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп пен «Ақжар» балабақшасы ғимараттары газға қосылды. Жақаш ауылында қызметтік тұрғын үйімен қоса жергілікті полиция пунктінің құрылысы өз мезгілінде салынып, пайдалануға берілді. Ал Тегістік ауылындағы құны 118,829 миллион теңге тұратын 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Құны 71 975 мың және 34 604 мың теңге тұратын көше жолдарын мердігер «РадугаСтрой КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, келесі жылдың маусым айында пайдалануға береді. Міне, мұның барлығы айтуға оңай болғанымен көп күш-жігер, қомақты қаржыны қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал бұған кейінгі жылдары құрылыс материалдарының күн санап қымбаттап бара жатқанын да қосуға болады. Алдағы жыл үшін Көкбастау ауылына денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына, Дихан-2, Жетібай, Базарбай, Қостөбе ауылдарының тұрғын үй алқабына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында газ желісін тарту, тасжол салу, су желісін жүргізуге, Үлгілі, Жаңатұрмыс ауылдарының бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұлардың барлығы ауылдарды жаңғыртып, онда тұрып жатқан халыққа барынша жағдай жасалып жатқанын көрсетеді. Алдағы жылы ауылдарға деген қамқорлық арта түсіп, халықтың жағдайы анағұрлым жақсара түсетіні анық.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support