- Advertisement -

«Әділдік жолы» әділдікті қолдайды

77

- Advertisement -

Құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі заңсыздықпен күресуде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды атқарып үлгерді. Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында құрылған ұйым қоғам дерті – жемқорлықпен күресуді мақсат еткен. Әділдікті жақтаған бірлестіктің облыстағы филиалы биыл бірнеше рет тұрғындармен кездесу өткізіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырған. Тұрғындар тарапынан айтылған сауалдар оң шешімін тауып, бірқатар заң бұзған әрекеттер әшкереленді. Жымқырылған мемлекет қаржысының да қайтарылуына ықпал еткен. Бұл жөнінде толығырақ «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстағы филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова айтып берді.

– «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы биыл облыстың 10 ауданына екі реттен жұмыс сапарымен барып, 22 кездесу өткізді. Сонымен қатар 66 рет ауылдық округтерде тұрғындармен қоғамдық кездесулер ұйымдастырды. Кездесуге келген тұрғындар түрлі мәселелерін айтып, олардың шешілуіне барынша күш салдық. Атап айтар болсам, 28-29 мамырда жекпе- жек спорт клубына қарасты үкіметтік емес ұйым өкілдері – «Жамбыл облыстық дзюдо федерациясы» қоғамдық бірлестігі мен «Палуан» жеке кәсіпкерлігі дзюдодан жасөспірімдер арасында спартакиада өткізген. Әр қатысушыдан, яғни оқушылардан 2 мың теңге көлемінде клубтың жарнасы деп қаражат жиналған. Филиалдың дер кезінде араласуымен 70-ке жуық жас спортшыдан жиналған қаражат кері қайтарылды. Ал Қаратау қаласында 16 қандас азаматтық ала алмай жүргенін жеткізді. Олардың құжаттарының рәсімделуі мен жұмыстың жеделдетілуіне филиал ықпал жасады. Сондай-ақ Байзақ ауданында «Алтын белгі» иегерлерінің мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсыруына «көмек» бермек болған аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің әрекеті әшкереленді. Мемлекеттік емтихан тапсыру барысында өрескел әрекетке жол беріліп, үміткер балалардың орнына өзге оқушыларды қатыстырған. Мұнымен де шектелмей, дастарқан жайылғандығы анықталды. Филиалдың араласуымен заңсыз әрекетке тосқауыл қойылып, 6 мектеп директоры қатаң сөгіс алды. Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Мамырбаевқа қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беріліп, білім бөлімінің әдіскері Қ.Маутаева жұмыстан босатылды.

Сонымен қатар Байзақ ауданында шаруа қожалықтарының жоғарылатылған бағамен заңсыз субсидия алу фактісі бойынша тексеру жүргізілді. Артық есептелген сома 6,6 миллион теңгені құрады. Тексеру қорытындысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы і с-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ауыл шаруашылығы басқармасының және «Махаш» жеке кәсіпкерлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында «Махаш» жеке кәсіпкерлігі өз кінәсін толық мойындап, 6,6 миллион теңге шығынды өтеп берді, – дейді Назима Жұбандықова.

Назима Норманбекызы Сарысу ауданында «Қазына City» ЖШС-нің директоры Бауыржан Игіліковтің атқарған жұмысы бойынша ақшасын өндіре алмай жүргендігіне шағымданғанын жеткізді. Нәтижесінде кәсіпкердің 7 миллион теңге қаржысы Әшір Бүркітбаев ауылдық округ әкімдігінен өндірілген. Бүгінде облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінде мемлекеттік бюджетке келтірілген шығындар мен сапасыз жұмыс бойынша шағымдар қарастырылып жатыр.

Қоғамдық бірлестіктің ықпалымен облыс бойынша 12 тұлға тәртіптік жазаға тартылып, олардан 153150 теңге айыппұл өндірілген, біреуі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірлестіктің арнайы Adildik.kz сайтына түскен шағымдар да мамандардың зерделеуімен талқыланып отырады.

Халық арасында жиі қозғалатын мәселенің бірі – жол салудағы сапасыздық. Облыста 30 елді мекенде, Тараз қаласының 15 көшесіне, Талас, Меркі, Шу, Мойынқұм, Байзақ, Жуалы, Сарысу, Жамбыл аудандарында жол сапасы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желі арқылы 1 жол назарға алынған. Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылында 1 миллион 500 мыңға жуық қаражатқа төселген асфальт сүріліп, қайта салынған. Сондай-ақ көше бойында жабылып кеткен люктар ашылған. Дәл қазіргі уақытта кепілдемесі бар көшелер бойынша Талас ауданы, Ойық ауылының Абай көшесіне 2020 жылы төселген көшенің асфальты жоқ екендігі анықталып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне хат жолданған. Сол секілді Мойынқұм ауданында Меркі-Шу-Бурылбайтал жолының да сапасыздығы анықталған. Кепілдігі бар жол болғандықтан, қайта қалпына келтірілетін болды.

– Меркі ауданы, Ойтал ауылындағы жаңадан салынған жолдан д а кемшіліктер анықталды. Өткен жылы ғана күрделі жөндеу жасалған Ақтоған ауылдық округінің орталық көшесінен де кемшіліктер табылды. Бұларға байланысты аудан әкімдігіне хат жолданып, кепілдігі бар жолдардың қайта қалпына келтірілетіндігі жайында жауап алдық. Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында Ә.Байтақов, Б.Майлин, Қ.Рысқұлбеков көшелері қаржы жетпегендіктен салынбай қалған. Биыл мәслихат отырысында тиісті қаржының бөлінуіне ықпал жасалды. Нәтижесінде қараша айына дейін 3 көшеге жол салынды. Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында аспалы көпірдің жөндеу жұмыстары бойынша хат жолданып, әкімдік тарапынан қолдау тапты. Ол жұмыстар жыл аяғына дейін жөнделіп бітуі тиіс. Меркі ауданының Аңдас батыр ауылында битум төселмей 200 метр жолға асфальт салынған. Бұл жөнінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хат жолданып, қайта салынды. Облыс орталығында үш жылдан бері құны 4,5 миллиард теңге тұратын құбырды жаңалау жұмыстары аяқталмаған болатын. Әсіресе қаланың маңызды көшелері – Жамбыл даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, Көшеней көшелерінде құбыр ауыстырылғанымен, асфальт жабындылары жасалмаған. Бірлестік филиалының араласуымен 3 көшенің жолы қайта қалпына келтірілді. Өткен жаз айларында ҰБТ бақылаушысы ретінде 48 заңбұзушылықты анықтадық. Заңсыздыққа барған оқушылар аудиториядан шығарылды, – дейді бірлестіктің жұмысымен қоса жемқорлықпен күрес жұмыстарын қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың бостандықтарын, құқықтарын қорғау, жемқорлықтың алдын алу, үкіметтік емес ұйымдар, квазимемлекеттік құрылыммен байланыс жөніндегі комиссия төрайымы ретінде де атқарып жүрген Назима Жұбандықова.

Қоғамда ізгі істерге кедергісін келтіретін сыбайласқан заңсыз әрекеттермен күресуді қолға алған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі биыл жаңа акция бастаған болатын. «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан ел ішінде жемқорлыққа төзімсіздік ортаны қалыптастыруды мақсат етіп, бұл үрдіске барша тұрғындарды жұмылдыруды көздеді.

– Тамыз айында басталған акцияға еліміздің кез келген азаматының қатысуына болады. Акцияның басталғанын жариялап, біз барлық отандастарымызды жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырдық. Қатысушы азаматтардан түскен шағымдарды жинақтап, қазір сол бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді бірлестік филиалының төрайымы Назима Жұбандықова. – Биылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында он жыл ішінде болған заңбұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған болатын. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», – деген еді Мемлекет басшысы. Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдардың салдарынан жол-көлік апаттары орын алып, талай адамның өмірін қиып, жарақат алуына сеп болып та жүр. 2021 жылы автожол саласына 500 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген. Сонымен қатар осы жылы 14 мың жол-көлік апаты тіркеліп, онда 2 мыңнан аса адам қаза болып, 18 мың адам жарақаттанған. Бұл дегеніміз 20 мың адамның тағдыры шайқалғанын білдіреді. Жол сапасының бұл жағдайға да қатысы бар екені анық. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-ші орнында орналасқан. Жалпы, еліміз бойынша биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмаған. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана қоғамды жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдырып, бұл «кеселге» төтеп бере аламыз. Сондықтан біз азаматтарға аталған акцияға Adildik. kz веб-сайты арқылы қатысып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлау керегін жарияладық. Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдырумен жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты кеңесте талқыланды. Сонымен қатар салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар жасалды. Қашан да әділдіктің жауы бейқамдық екені белгілі. Немқұрайдылыққа жол бермей, қоғамдық дертті бірге жеңу үшін барлық отандастарды жұмылуға шақырдық. Акцияның нәтижесінде бірқатар заңсыздық фактілерін анықтауға мүмкіндік туды.

Бұдан бөлек, «Әділдік жолы» бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қолдауымен «Әділетті Қазақстан – жастардың тандауы» атты акцияны қолға алған. Бұл акция жемқорлықпен күреске жастарды жұмылдыруды көздейді. Олар сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты сұрақтар бойынша 1463 Call center арқылы тегін кеңес ала алады. Жастардан қабылданған хабарламалар, өзекті жаңалықтар ұйымның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.

Акция аясында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестік жөнінде меморандумға қол қойылып, өз кезегінде ол студент жастарды акцияға жұмылдырып, жоғары оқу орындарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Бірлескен акцияға қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігі – оның кешенді сипатында. Мемлекеттің ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның шоғырландырылған күш-жігері қажет. Сондықтан біз бүгін «Әділдік жолымен» серіктестік жөнінде меморандумға қол қойдық. Меморандумның басты мақсаты – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың студенттері мен қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады», – деді. Акция ұйымдастырушылары «Әділдік жолы» бірлестігі атынан Ғылым және жоғары білім министріне ашықтығы, акцияны қолдауға және іс жүзінде өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымын көрсетуге дайын екендігі үшін алғыс білдірді.

Акцияға қатысуға ниетті әрбір жас азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы өз көзқарасын ұсынып, өтінімді info@adildik.kz электронды мекенжайына 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін жолдай алады. Одан кейін байқау комиссиясы еліміздің әр өңіріндегі үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықтармен марапаттайды. Кейбір идеялар пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылады, яғни жастар өз ұсыныстарының жүзеге асқанына көз жеткізеді.

«Әділдік жолы» бірлестігі жемқорлық деген «жегіқұртпен» күресуді өзге де іс-шаралармен ұйымдастырып, қалың қауымның назарын адалдық үшін күреске аударып келеді. Нәтижесі ел игілігіне жарайтыны анық. Ендеше әділдік үшін күрес ешқашан тоқтамайды деп сенеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support