- Advertisement -

Әлеуметтік әріптестік жылы қорытындыланды

274

- Advertisement -

Облыстағы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті V пленумы өтіп, алқалы жиында сала өкілдері – кәсіподақ мүшелерінің «Педагог мәртебесі туралы» Заңы және әлеуметтік әріптестік актілерінде көзделген жеңілдіктермен, кепілдіктермен қамтылу жағдайы сөз болды.

Елімізде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен биылғы жыл «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жарияланғаны белгілі. Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы атаулы жыл аясында жарғылық міндеттерді пайдалана отырып, еңбек адамының әлеуметтік ахуалы мен кәсіби құқықтарын қорғау, ұстаз еңбегін ұлықтау мен мәртебесін асқақтату, әлеуметтік әріптестікті нығайту жолында кәсіподақ мүшелеріне бірнеше бағытта қызмет көрсетті.

Негізгі сұрақтар мен қабылданған шешімдер жыл басынан бері онлайн және офлайн режимде өткен атқару комитетінің 6 мәжілісі мен 4 жұмыс кеңесінде талқыланып, қабылданды. Бұл туралы биылғы әлеуметтік әріптестік жылын қорытындылауға арналған пленумда жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіподақтар федерациясының съезінде: «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек», деген болатын. Кәсіподақ пен жұмыс берушілердің әлеуметтік әріптестік аясындағы нәтижелі әрі өзара ұтымды қарым-қатынасы, сондай-ақ сала өкілдерінің еңбек және заңды құқықтарының жан-жақты қорғалуын қамтамасыз етуші құқықтық қызметтің қалыптасуы негізінде біз бүгінде саладағы кәсіподақ қызметінің тиімді дамуы мен ілгерілеуін нақты көріп отырмыз. Биыл қазан айында жергілікті кәсіподақта филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге біріккен 801 бастауыш ұйым, мүшелікке қамтылған 65452 сала өкілі есепке алынды. Ерекше басымдыққа ие бағыттың бірі ретінде әлеуметтік әріптестікке ерекше екпін берілді. Жалпы жыл басынан бері облыстық мәндегі әлеуметтік әріптестік комиссиясының 8 отырысы өткізіліп, онда 13 сұрақ талқыланған болса, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісу комиссиясының 3 отырысы өтті. Онда тиісінше үш мәселе қаралып, шешімін тапты. Әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімді жүзеге асырумен байланысты пәрменді әрекеттер жасалды, – деді төраға.

Сала өкілдерінің «Педагог мәртебесі туралы» Заңы және әлеуметтік әріптестік актілерінде көзделген жеңілдіктермен, кепілдіктермен қамтылу жағдайы туралы жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары, кәсіподақтың құқықтық инспекциясының жетекшісі Берік Баймағамбетов хабарлама жасады.

Оның айтуынша, 2022 жылдың 11 айында өткізілген тексерулер барысында еңбек заңдылығын бұзудың 1797 жағдайы анықталған. Оларды түзету мен жою жөнінде жұмыс берушілерге тиісті ұсыныстар беріліп, бақылаудың нәтижесінде басым көпшілігі оң шешімін тапқан. Кәсіподаққа құқықтық сауалмен жазбаша және ауызша түрде қайырылатын жұмыскерлердің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Аталған кезеңде заңгерлер 10143 құқықтық қызмет көрсетті. Өткен мерзім ішінде сала өкілдерінің құқықтық мәдениеті мен сауатын көтеру мақсатында жергілікті кәсіподақ бастамасымен 93 семинар өткізіліп, 106 баяндама мен лекциялар оқылған.

Аталған мерзімде прокуратура, еңбек инспекциясы, әкімдіктер мен мәслихаттар, білім бөлімдері сынды мемлекеттік органдарға сала өкілдерінің мәселелері мен түйткілдері бойынша 37 ұсыныс пен хаттар жолданған. Кәсіподақ инспекция қызметкерлерімен сотқа 3 талап-арыз бен материал дайындап, 1 кәсіподақ мүшесі түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттікпен камтамасыз етілген.

Құқықтық қызметтің белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде 2 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылып, сотқа дейінгі кезеңде оң шешімін тапты. Ал 7 қызметкердің жұмыстан заңсыз босатылуына тосқауыл қойылған.

Пленумда қаралған мәселелер бойынша жұмыс беруші мен ұстаздар, кәсіподақ өкілдері жарыссөзге шығып, бірқатар түйткілді мәселелерді ортаға салды, оларды бірлесіп шешу жолдарын ұсынды.

Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында конструктивті бірлесіп жұмыс атқару тәжірибесі қалыптасқанын, соңғы бес жылда ауданның білім саласын қаржыландыру 9,8 миллиардтан 20,7 миллиард теңгеге өскенін, сәйкесінше жыл сайын жалақысының өсуі мен еңбек жағдайының жақсаруы ұстаздардың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізіп жатқанына тоқталды.

Жиында сөз алған облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова озат педагогтерді кәсіподақтың қолдауы ұстаздарға тың күш-жігер мен мотивация беретінін айтты.

– Қоғам байлығы – еңбек адамы десек, кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Өңір педагогтерін толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарындағы өз мүшелерінің құқығын қорғап, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстайды. Осы тұрғыда, кәсіподақ тарапынан үздік білім беру ұйымдары мен тәжірибелі, үздік педагогтерге құрмет көрсетіп, қаржылай сыйақы табыстауы да игі дәстүрге айналған. 2018-2022 жылдар аралығында 33 педагог байқау жеңімпазы атанып, кәсіподақ тарапынан марапатталды, – деді Шахризада Асылбекқызы.

Пленум қабылдаған шешімге сай жергілікті кәсіподақтың барлық басқару органдарының есеп беру-сайлау кезеңі 2023 жылдың алғашқы тоқсаны деп белгіленді. Бұдан бөлек алқалы жиын өзіне жарғымен берілген құқық бойынша облыстық ұйымның 2023 жылға арналған кіріс-шығыс сметасын бекітті.

Іс-шара соңында жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ал кәсіподақтың Шу аудандық комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының үш жеңімпазына шипажайға жолдама берілсе, алқалы орган – Пленумның барлық мүшелеріне кәсіподақ төрағасының Алғыс хаты табыс етілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support