- Advertisement -

Басты міндет – халықтың табысын арттыру

126

- Advertisement -

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» іске асыру аясында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен
бірге бірқатар аудандарды аралап, ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба аясындағы құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Алдымен Қордай ауданындағы «ECO Chicken» модульді құс фермасында болған вице-премьерге кооператив төрағасы Талғат Сәрсембаев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Қазіргі таңда мұнда 12 модульді құс фермасы орнатылған десек, оларда 20 мың бас құс өсірілуде. 15 адам жұмыспен қамтылған.

Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, жуық арада тағы қосымша 8 модульдік құс фабрикасы орнатылып, жалпы қуаттылығы 520 тонна құс етін өндіруге жетеді. Бұл облыс тұрғындарының құс етін тұтынуының 10 пайызын құрайды. 2025 жылға дейін тағы 100 модульдік құс фабрикасын салу жоспарлануда. Ол кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Алтай Көлгінов ферма жұмысын оң бағалап, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, ауылдықтарды жұмыспен қамтудың маңыздылығын баса айтты.
Келесі кезекте вице-премьер Меркі ауданы Сұрат ауылындағы «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы кооперативінде болды. 2019 жылы құрылған құрылым аталған жоба аясында жеңілдікпен 22 техника алған.

Кооператив ауылдықтарға жерлерін игеру, жем-шөп әзірлеу, өнімдерін өткеру секілді жұмыстарға айтарлықтай көмек көрсетуде.

Сондай қолдауды сезініп отырғандардың бірі – ауылдағы «Мырзажан» жеке қосалқы шаруашылығы. Шаруашылық жетекшісі Азамат Найзабеков ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның екінші бағыты бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, асыл тұқымды мүйізді ірі қараны бордақылаумен айналысуда.

Ал «Сатымбаев» жеке қосалқы шаруашылығы жобаның бірінші бағыты аясында бес соттық жерге жылыжай орналастырып, жылына 12,5 тонна қияр жинауда. Сондай- ақ, консерві цехын іске қосқан.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның ең алдымен, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.

Келесі кезекте Алтай Көлгінов Байзақ ауданындағы «Қостөбе-2019» ауылшаруашылық кооперативіне барды. Кооператив базасында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұхашев жоба аясында қол жеткен нәтижелер мен алдағы жоспарларды баяндады.

– Жобаны іске асырмас бұрын облысымыздағы 153 ауылдық округте арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде облысхалқының532мыңыеңбекке жарамды екені анықталды. Ал ауылдық жерлердегі 679 мың тұрғынның ішінде 395 мың адамның еңбекке жарамды екені белгілі болды. Жалпы, зерделеу барысында әр ауланың табысы айқындалды және әр округ пен әр аула бойынша жоспар бекітілді. Сонымен қатар зерделеу нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтардың табыс табуға мүдделі емес екендігі, ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтіні, жеке азаматтардың табысының ресми түрде көрсетілмеуі сынды мәселелер анықталды. Осылайша жан-жақты талдау жасалып, тұрғындардың ұсынысын ескеріп және туындаған мәселелерді шешу мақсатында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында 5 бағыт нақтыланды. Бірінші – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, екінші – мал және құс шаруашылығын дамыту, үшінші – ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, төртінші – кооперативтерді жабдықтау, бесінші — тұрғындардың шағын жобаларын қаржыландыру.
5 бағыт бойынша 9,2 миллиард теңге бөлініп, 11 ауылдық округте 11 кооператив құрылып, 2 478 жоба қаржыландырылды. Жекелей тоқталар болсақ, бірінші бағыт бойынша 7 856 аулада 932 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары отырғызылды. Екінші бағыт аясында 6,4 миллиард теңгеге 44 мың бас мал сатып алынды. Айта кетейік, жоба жүзеге асқанға дейін 1 066 отбасында мүлдем мал болмаған. Ауыл сыртындағы 10 113 гектар жерді тиімді игеру үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері 230,1 миллион теңгеге сапалы тұқым, тыңайтқыш жәнехимиялыққорғауқұралдарын сатып алды. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 972,4 миллион теңгеге 190 ауыл шаруашылығы техникасын алды. Үкімет тарапынан техника құнының 50 пайызы субсидияланады. Ал бесінші бағыт аясында 56,2 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды.
Биыл жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округінде 253 жоба іске қосылды. Сондай-ақ 177,5 миллион теңгені құрайтын 28 ауыл шаруашылығы техникасы лизингпен берілді, – деді Нұржан Нұрланұлы.

Атап өтерлігі, жоба жүзеге асқалы 2 282 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 589 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал егістік жер көлемі 10 100 гектарға ұлғайып, 2,2 мың тонна өнім өңдеу цехтарына өткізілген.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыздар саны бірнеше есеге азайған. Келер жылы жобаны масштабтау шеңберінде өңірімізге 11,5 миллиард теңге бөлінбек.

Нәтижесінде тағы да 22 ауылдық округ енгізіліп, 3 мыңнан аса жоба қаржыландырылады деп күтілуде. Сондай-ақ 40 ауылдық округте 4 800 жобаны жүзеге асыру үшін 20 миллиард теңгеге қосымша бюджеттік өтінім жолданған.

Егер қаржы мәселесі шешіліп, жоба жемісті жүзеге асқан жағдайда, жаңадан 25 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркеліп, 7 500 жаңа жұмыс орны ашылады және атаулы әлеуметтік көмек алушылар 16 мыңға азаймақ.

Облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, облыстық прокуратурамен бірлесіп жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өңірде мал басына шаққанда 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталған. Қазіргі таңда жайылым тапшылығын шешу мақсатында бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Тиісті ведомстволар тарапынан атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы 334 мың гектар жер ауылдық округтерге қоғамдық өріс үшін пайдалануға беріліпті. Биыл игерілмеген 200 мың гектар жайылым жер мемлекет иелігіне қайтарылып, жоспар орындалған.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кооперативтерге жер учаскелерін беру, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның функцияларына машиналар мен жабдықтардың лизингін ұсыну, пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша шектеулерді алып тастау, қарыз алушыларға микрокредиттің ең жоғары сомасын 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру сынды ұсыныстарын ортаға салды.

Өз кезегінде вице- премьер Алтай Сейдірұлы әрбір ұсыныс ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Келесі кезекте «Қостөбе-2019» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы Мәди Сейтқасымов өз пікірін ортаға салды. Ол жоба аясында аз жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын және алдағы жоспарлар да ауқымды екенін айтты.

Мұнан соң, Алтай Көлгінов бастаған атқамінерлер Талас ауылындағы «Калдарова М.А.» жеке қосалқы шаруашылығына атбасын бұрды. Кәсіпкер 2020 жылы жоба аясында 2 400 000 теңге несиеге қол жеткізіп, 5 құлынды бие сатып алған. Қазір мұндағы Қамбар ата түлегінің саны 16 басқа жетіп отыр.

Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Ал «Шамуратов Шовкат Валерьевич» жеке кәсіпкерлігінің иесі Шовкат Шамуратов 10 000 000 теңге несие алып, бүгінде шұжық өнімдерін шығаруды мықтап қолға алған. Мұнда екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support