- Advertisement -

Екі ел арасындағы келіссөздер сәтті өтті

96

- Advertisement -

Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары

21-22 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысын Ташкент халықаралық әуежайында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды, деп хабарлады ҚазАқпарат Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары бауырлас екі елдің қарым-қатынасы тарихындағы айтулы оқиға болды. Сапар барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Президенттер саяси, сауда- экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық, мәдени- гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ қос елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында екі маңызды құжатқа қол қойды.

Сенімді серіктестіктің жаңа деңгейі    

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болмақ.

«Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Бүгінгі қол қойылған екі маңызды құжат та соның дәлелі. Президенттер Қазақстан мен Өзбекстан халқы үшін тарихи құжаттарға қол қойды. Оның бірі – Одақтастық қарым-қатынас туралы шарт болса, екіншісі – Мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шарт. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, аталған құжаттарға қол қою көптеген мүмкіндікке жол ашпақ.

«Одақтастық қарым- қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді.
Бұдан бөлек бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды, – деді Президент.

Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мұндай іс-шаралар бір-бірінің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне деген өзара қызығушылықты айқын көрсетеотырып, достықбайланысты нығайтатынын атап өтті.

«Бүгін біз екі тарихи құжатқа қол қойып отырмыз. Мен екі бауырлас халықтың да мүдделеріне сай келетін және өзбек-қазақ қарым- қатынастары тарихындағы жаңа кезеңді белгілейтін Одақтастық шартын ерекше атап өткім келеді. Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісім де біздің байланысымыздың беріктігін айғақтап, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қызмет ететін болады. Біздің шекарамыз әрқашан достық пен татулықтың шекарасы болған және солай болып қала береді», – деді Өзбекстан президенті.

Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар мәдени- гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Өзбекстан президенті қазақ халқының біртуар перзенті, ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралардың қазіргі таңда бүкіл Өзбекстан бойынша өтіп жатқанын еске салып өтті. Сонымен бірге қос елдің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше мән берілді.

Тауар айналымы 35 пайызға өсті

Бұдан бөлек қос мемлекет басшылары саяси, сауда- экономикалық салаларын кеңейту мәселелеріне көңіл бөлді. Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 4,1 миллиард АҚШ долларын құрап, 35 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 5 миллиард долларға жуықтайды деп жоспарланып отыр.

Өзбекстанда өткен өзбек-қазақ өңіраралық бизнес-форумында Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қос ел үкіметіне сауда көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті қойылғанын айтқан еді.

Ал Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400-ден астам кәсіпорын мен 400-ден астам бірлескен қазақ-өзбек компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация 2,2 миллиард долларды құрайтын 38-ден астам жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Сауда министрлігінің мәліметінше, форумда шамамен 1 миллиарддолларғакелісімшарттарға қол қойылған.

Екі ел арасындағы экспорт пен импорт көлемі

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі 38,4 пайызға артып, 3 миллиард долларға жетті.

Экспорт көлемінің ең көп өсімі төмендегі тауарлар бойынша байқалып отыр:
• бидай 25,3 пайызға – 493 миллион доллардан 617,8 миллион долларға;
• телефон аппараттары 66,4 пайызға – 177,2 миллион доллардан 294,7 миллион долларға;
• мыс кені мен концентраттары 3,2 есеге – 52,5 миллион доллардан 166,1 миллион долларға;
• алюминий шикізаты 3,3 есеге – 47,3 миллион доллардан 154,2 миллион долларға өсті.
Ал импорт көлемі 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 25 пайызға өсіп, 1,05 миллиард долларға жетті.

Импорттың ең көп өсімі мынадай тауарлар есебінен байқалып отыр:
• автомобильдерге арналған шанақтар 80,1 есеге – 2,4 миллион доллардан 188,3 миллион долларға;
• іштен жану қозғалтқыштары 0-ден 123,4 миллион долларға;
• автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек- жарақтар 12,3 есеге – 2,3 миллион доллардан 27,8 миллион долларға дейін артты.

Ташкенттегі бизнес- форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлері ынтымақтастықты нығайту мақсатында арнайы бағдарламаға қол қойылды. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы экспорт көлемі 1,165 миллиард доллардан асып отыр.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Өзбекстанға негізінен бидай, күнбағыс майы, ұн және сиыр еті, сондай-ақ картоп пен макарон өнімдерін экспорттайды. Ал Өзбекстан Қазақстанға 233,7 миллион долларға жеміс пен көкөніс жеткізген.

Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, 2025жылға дейін құны 193,1 миллион доллар болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қоса 1,2 миллиард долларға 2,1 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде картоп, көкөніс, ет және ет өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру жоспарланған.

«Егер екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімі бойынша сауда айналымының статистикасына қарасақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан жеткізілімдер тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқанынбайқаймыз.Бізазық-түлік қажеттіліктерін өзара толықтырып отырамыз. Маңызды мәселелердің бірі – тарифтерді, оның ішінде транзиттік тарифтерді төмендету, сауда және транзит рәсімдерін оңайлату, бір-біріне қатысты ашық сауда саясатын қолдану арқылы тауар айналымын ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып отыр», – деді Ербол Қарашөкеев.

Қандай маңызды құжаттарға қол қойылды?

Мемлекеттік сапардың алғашқы күні Президент Ташкент қаласының «Янги Узбекистон» саябағындағы «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоғын қойды. Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы президентінің Ташкенттегі «Куксарой» резиденциясының құрметті қонақтар аллеясында ағаш екті.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қос мемлекет үшін де екі тарихи құжатқа, атап айтсақ, Одақтастық қарым-қатынас туралы және өзбек- қазақ мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарттар жайлы айтып өтті.

Сонымен қоса қос елдің ресми делегациясының мүшелері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында 15 құжатқа қол қойды. Оның ішінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, жоғары деңгейдегі ынтымақтастық туралы келісімдер бар. Сонымен бірге стратегиялық реформалар, электронды сауданы, орман шаруашылығын, халыққа қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі құжаттар, Түркістан мен Ташкент, Қызылорда мен Науаи, Түркістан мен Жизақ облыстары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша «жол карталары» қабылданды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфузиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.

Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй- коммерциялық инфрақұрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.

Президенттің Өзбекстанға сапары сәтті өтті

Президенттің Өзбекстанға жасаған екі күндік мемлекеттік сапары аяқталды. Бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі бекем етуге тың серпін берді десек, артық емес. Себебі, сапар аясында жалпы 17 құжатқа қол қойылды. Соның екеуі тарихи маңызы бар құжат деуге болады.

Олар – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарт және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шарт.

Басқаша айтса, екі бауырлас ел шекара мәселесін толықтай шешуге өте жақын және одақтастық қарым- қатынас деңгейіне көшті. Әрине, бұл қос құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Сондай-ақ осы сапар аясында екі мемлекеттің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар ашылатыны белгілі болды. Мысалы, Қостанайда Chevrolet Оnix көлігін, ал Саран қаласында тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындар іске қосылады. Ал Өзбекстанның Науаи облысында «Қазфосфаттың» қаржыландыруымен минералды тыңайтқыштар өндіретін жоба басталмақ. Жобаның құны – 1,3 миллиард доллар.

Жалпы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер мен екіжақты құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал теміржол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты.

Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді. Аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғастыру келісілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына сапары барысында осы елдің президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті. Ташкент қаласындағы көрнекті орындардың бірі – «Төле би кесенесі» сәулет кешенінде қазақтың біртуар перзенті Төле би жерленген. Ұлы тұлғаның кесенесі XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.

Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сапары табысты өтті деп толық сеніммен айтуға болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support