- Advertisement -

Мемлекеттік Ту – Тәуелсіздік тұғыры

263

- Advertisement -

Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстан даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей көк Байрағымыз көтеріліп жатса, онда терең ойлы суреткер, жерлесіміз Шәкен Ниязбековтің қолтаңбасы бар. Ардақты ағамыз кешегі кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі болыпты. Жамбыл топырағынан түлеп ұшқан айтулы тұлғаның мұрасын жинастырып жүрген азаматтың бірі – Сейдилла Пірімқұлов. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ол соңғы он жылдан бері жерлесі Шәкен Ниязбековтің тәуелсіздікке қосқан үлесін жүрген жерінде айтып, насихаттап, есімін өзі туып-өскен ауылына алып берген еді.

Шәкен Оңласынұлы Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылында дүниеге келген. Анасы жағынан ол Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына туысқан болып келеді. Он жасында ата-анасынан айырылып тұл жетім қалған ол Жамбыл қаласындағы мектеп-интернатта тәрбиеленді. Орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинградтағы В.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне оқуға түседі. Болашақ тудың авторы студент кезінде сондағы Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Ол өзінің ең басты ұстазы ретінде Әбілхан Қастеевті пір тұтатын, – дейді ол.

Мемлекеттік Туға жарияланған байқауда Шәкен Ниязбековтің жобасы 1200 жұмыстың ішінен барлық жағынан талапқа сай келіп өтіп кеткені белгілі. Дегенмен онда бұра тарту да болғанға ұқсайды. Соған қарамастан мемлекеттік Тудың авторы өз еңбегін жан- жақты қорғап шығады.
«Өмірінің соңғы жылдары Шәкен Оңласынұлының інісі ретінде қасында болып, ол кісімен көп пікірлескен едім.

Бірде оңаша отырғанымызда, «Көке, көк Байрағымыз қалай өмірге келді?» деп сұрағаным бар еді.

«Тәуелсіз еліміздің Туын жасауға байқаудың жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Шынымды айтсам, ұтамын деген ой болған жоқ. Сонда да конкурсқа қатысып, бақ сынап көруге ұйғардым. Сөйтіп дүниежүзіндегі барлық Тулардың фотоларын жинап алып, зерттедім. Конкурс екі айға созылды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей талқылау созылып кетті. Мен болсам барлық идеяларымды соңына дейін айтпай жүрдім. Себебі сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларының жұмысын өткізуге тырысып жүргендерін байқап қалдым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегіз бұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды.

«Сегізбұрышты Әзірбайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де болды. «Мен мешітке емес, мемлекетке Ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?», деп жауап бердім», – деп еді сонда.

Шығармашылық адамның жолы ауыр болады. Шәкең қалай дегенмен, өз жұмысын сәтті қорғап шыққан. «Шәкеңмен келесі бір жолыққанымда «Сейдилла, Туда қазақтың үш мәселесі бар» деді ағынан жарылып. Мен де білуге құмартып, «айтыңызшы, аға», деп қолқа салдым.

Ол сәл ойланып отырды да: «Тудағы бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі – судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ Тәңірге сыйынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюды туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым деп еді», – дейді қария.

– Осындай дүниені тудырған дара тұлғаның өмірден озғанға дейін қасында болып, ауылдағы ағайынның ыстық сәлемі мен қамқорлығын жеткізіп отырдым. 2014 жылы дүниеден өткеннен кейін де біраз уақыт өтті. Сексен жылдығында ағамызды еске алдық та қойдық. Ал біраз жыл бұрын ағамыздың ойталқысынан шыққан Байрағымызды өзі туып-өскен ауылдың қасына орнату туралы идеямыз өткен жылы жүзеге асты. Ол ұсынысым бірден қолдау тапқан жоқ. Оны жасау үшін де көп қаржы керек болды.

Дегенмен билікте де Шәкеңді құрмет тұтатын, ұстаз санайтын азаматтар аз емес екен. «Байрақты орнататын жерді белгілесеңіз, біз көмектесуге дайынбыз» деген соң іске кірістім. Сөйтіп «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзитінің Бесжылдық елді мекеніне бұрылар тұсындағы бір гектар егістік жерімнен 15 сотық жер бөліп, оны рәсімдеп, Қазақстан Республикасының Туы саябағын ашуға ұйғардық.

«Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші, сөз берген кісілер уәдеде тұрып, мемлекеттік бағдарламалар аясында алғашында 41 миллион теңге, кейіннен инфрақұрылымын тартуға қосымша 15 миллион теңге бөлді. Бұл істе ауылдың жоғары мемлекеттік қызметте отырған азаматтары да барынша өз үлестерін қосқан еді. Сөйтіп 1,5 сотық алаңда биіктігі 23 метрді құрайтын көк Туымыз бой көтерді, – дейді Сейдилла Махашұлы.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны «МадГ» ЖШС тиімді жұмсап, жақсы саябақты ел игілігіне берді.

Ел тілегі қабыл болып, өткен жылы жергілікті ономастикалық комиссияның шешімімен Бесжылдық атауы Шәкен Ниязбеков болып өзгертілді. Бұл хабарды қуана қабылдаған жерлестері ауылдың кіреберісінен мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің есімі жазылған темір арка орнатты. Оны орнатып жүрген 1984 жылы дүниеге келген, 2001 жылы осындағы Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектепті бітірген түлектер. Ал ауылдың екінші басы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолынан кіретін жағына ауыл кәсіпкері Бекен Сейдахашовтың демеушілігімен екінші арка орнатылған.

Алдағы жылы Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толмақ. Оны облыс басшылығы республика көлемінде атап өтуге ниетті. Ал Сейдилла Пірімқұлов ол азаматтың есімін мектепке және көшеге алып беру үшін де жүгіріп жүр. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қабылдауында болып, өзі көтерген мәселе оңынан шешімін табатынына қуанып та жүр.

– Он жылдан аса уақыт тектен текке жүгірмеген екенбіз. Еңбегіміз ақталуда. Шәкен ағамыздың рухы риза болсын, енді облыс әкімі мен Тараз қаласы әкімінің ұйғаруымен No40 мектепке Ту авторының есімі берілетін болды. Бұдан бөлек 15-ші шағынауданнан бір көшені сол кісінің есімімен атауға келісім берілді. Сонымен қатар «Шерхантану» орталығынан бір бөлмеге Шәкен Ниязбековтің шағын музейі жарақталатын болды, – дейді Сейдилла Пірімқұлов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support