- Advertisement -

Жастар қабілетін дамытуға мүмкіндік мол

99

- Advertisement -

Бағзыдан бері бабаларымыз аңсап, батырларымыз жанын құрбан еткен егемендіктің ақ таңы – бізге бұйырған бақыт. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде еліміздің егемендік алғаннан кейінгі қол жеткізген жетістіктерін өз жолымда көргендеріммен екшеп, сөз еткім келеді. Себебі, мұның бәрі – Тәуелсіздіктің тартуы.

Орта мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң білімімді Жамбыл политехникалық колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша жалғастырдым. Колледжге түскен сәттен бастап-ақ өмірлік көзқарасымды қалыптастырып, алдыма нақты мақсаттар қойдым. Шүкір, қазіргі таңда оның барлығы рет-ретімен іске асып келеді.

Студенттік өмір жеке шешім қабылдауды, өмір сүру үшін күресуді, жетістікке жету жолында еңбек ету керектігін ұқтырды. Соның нәтижесінде өз ортам қалыптасып, саясатқа деген қызығушылығым оянды.

Оқуға түсе салысымен пікірсайыстарға қатысып, мектеп қабырғасынан қалыптасқан қажырлы еңбек пен ізденістің арқасында жетістікке жеттім деген ойдамын. Мұндай жетістігім колледжде жоғары бағаланып, оқу орнының белсенді жастар кеңесінің төрағасы, «Алғырлар» пікірсайыс клубының үйлестірушісі, колледж ғылыми кеңесінің мүшесі болдым. Жалпы, студенттік шақта барлық іс- шаралардан қалмауға тырыстым.

Еліміз егемендік алғаннан бергі отыз бір жылда азаматтық қоғам қалыптасты. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, осыған көзім жетті. Білім алып, ғылыммен, пікірсайыспен және қоғамдық бірлестіктермен айналысып, көпке ортақ істердің ілгерілеп келе жатқанын байқадым.

2010 жылы «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының Атқарушы хатшысы қызметіне сайланып, қалалық деңгейде қоғамдық жұмыстарға араласа   бастадым. Шыны керек, оқумен қатар қоғамдық жұмысты қатар алып жүру өте ауыр болды.

Алайда мен өз өмірімнің жарқын болуы үшін бүгіннен бастап аянбау керек екенін түсіндім. Осы ортада жүріп, көптеген іскер азаматтармен таныстым. Олардың берген ақыл-кеңестері мен көрсеткен ағалық қамқорлықтары талай ортада мәртебемді асқақтатып тастайтын.

Расында, мен облыстағы пікірсайыс ойындарын дамыту үшін көп үлес қосқым келетін. Сондықтан әкімшілікті, білім басқармасын жағалап жүретінмін. Ал аймақтағы 3 жоғары оқу орны ректорларының жұмыс кабинетінің алдында жүрген кездерімді еске алсам, бұл балалық амбиция ғана екен. Облыстық, қалалық денгейдегі жиналыстарда тек пікірсайыс туралы айтатынбыз.

Жөн-жосықты нұсқаған ағалар пікірсайысты дамыту үшін қоғамдық бірлестік ашып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысу керектігін айтып, кеңес берді.

Сонымен 2010 жылы облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, оның алғашқы төрағасы болып сайландым.

Бұл да бір үлкен жауапкершілік жүктеді. Аталған бірлестікті 5 жыл басқардым. Оны қалыптастыру мен дамыту үшін бар күшімді, идеямды салдым. Бәлкім содан ба екен, «Жас Отан» жастар қанатының жастарды саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араластырып, шыңдайтын жұмысына мен де білек сыбана кірісіп кеттім.

Мұнда не бары бір-ақ жыл қызмет етіппін, дегенмен осының өзі менің көп тәжірибе жинауыма септігін тигізді. Ары қарай да жалғастырар едім, бірақ мен депутат болғым келді. Замандастарымның билікке айтар ұсыныс-тілектерін, мұң-мұқтаждарын батыл жеткізу үшін депутаттық мандатты иелену мені қатты қызықтырды.

Кейін 2012 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа кірдім. Дегенмен қоғамдық бірлестіктегі міндетімнен қол үзбей, қоса атқардым.

Жастар саясатымен ерте кезден айналыстым, әрі оған деген қызығушылығым да бар болатын. Жастармен барлық салада бірге қызмет атқардық. Бойымдағы жігер мен білімді жастар үшін аямау керек деп түсіндім. Сондықтан облысымыздағы болашағы бар жастарды біріктіріп, бастарын бір арнада тоғыстыруды мақсат тұттым.

Осы жолда облысымызға «Қоғамдық лекция», «Саналы талқы», «Печа-куча» және тағы басқа жобаларды алғашқы болып алып келдік.

Жалпы, облысымызда жастар саясатын дамыту үшін 2019 жылдың қазан айында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметіне тағайындалып, жұмысты бастап кеттім. Басқармаға келген күннен бастап-ақ жаңа бастамаларды қолға ала бастадым. Ең алдымен «Әулиеата үміті» жастар сыйлығын тағайындадым.

Ол алғашында 10 номинациямен бастау алып, кейін өз жалғасын тапты. Облыстық жастар саясатын жаңғырту үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын әзірледік. Өз өңіріміздің жас ақындарының кітаптары мен «Әулиеата жастары» облыстық жастар энциклопедиясы жарыққа шықты.

2022 жылы «Әулиеата жастары» атты жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй кредиті бағдарламасының жобасын әзірлеп, іске қостық. Осылайша бағдарлама әзірленіп, 2022 жылдың бюджетіне 500 миллион теңге қарастырылған болатын.

Міне, осындай істердің сәтті жүзеге асуында ел егемендігінің рөлі басым. Өз тәуелсіздігін алған мемлекетіміз басты капиталы – халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде, соның ішінде жастардың ішкі қабілетін дамытуда жаңа идеяларын жүзеге асыруға бар мүмкіндікті жасап отыр.

Тек сол мүмкіндіктерді дұрыс жолмен пайдаланып, елдің игілігіне асыра алсақ екен. Ендеше, қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Серікбол БЕРІКҚОЖА,

Тәуелсіздік құрдасы.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support